Оқиға • 23 Шілде, 2025

Тарихтағы ең жойқын тайфундар

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тайфун -  Тынық мұхитының батыс бөлігінде пайда болатын тропикалық циклон. Олар апатты жел, нөсер жаңбыр және теңіздегі биік толқындармен (цунамиға ұқсас дауыл толқындары) ерекшеленеді. Тарихта миллиондаған адамның өмірін қиған және қалаларды қиратып кеткен ірі тайфундар бар. Әлемде табиғи апаттар жиілеген тұста адамзат тарихында асқан зардаппен есте қалған тайфундар топтамасын әзірледік, деп жазады Egemen.kz.

Тарихтағы ең жойқын тайфундар

Фото: goaravetisyan.ru

1970 жылдың 12 қарашасында Бангладеш пен Үндістанның Батыс Бенгал аймағына соққан Бхола циклоны тарихтағы ең көп адам өліміне себеп болған тропикалық дауыл саналады. Желдің екпіні сағатына 185 шақырымға жетіп, 10 метрлік толқындар талай ауылды су астына қалдырды. Бұл апаттан шамамен 300 000-нан 500 000-ға дейін адам қаза тапты.

Арада ондаған жыл өткенде, 2013 жылдың қарашасында Филиппин, Вьетнам және Қытай жағалауларына алапат күшпен соққан Хайян тайфуны қайтадан бүкіл әлем назарын аударды. Желдің жылдамдығы сағатына 315 шақырымға жетіп, ол құрлыққа соққан ең күшті тайфундардың біріне айналды. Филиппиннің Таклобан қаласы түгел дерлік қирап, 6 300-ден астам адамның өмірі үзілді.

Дауылдың жойқын күшін Қытай да бастан өткерген. 1922 жылдың тамызында елдің шығыс жағалауын жайпап өткен Шанхай тайфуны шамамен 60 000 адамның өмірін қиды. Дауыл толқындары өзендерді тасытып, кемелерді аударып, ауылдарды су басып қалды.

Ал 1881 жылдың қазан айында Вьетнам тарихындағы ең ауыр апаттардың бірі — Хайфоң тайфуны. Қатты жел мен теңіз тасқыны елдің солтүстігіндегі Хайфоң қаласын жер бетінен жойып жіберді десе болады. Қала тұрғындарының көпшілігі теңіз суының басып кіруінен опат болды, жалпы құрбандар саны 300 000 адамға жетті.

Жапония да табиғаттың қаһарына талай рет куә болған. 1959 жылдың қыркүйегінде соққан Вера тайфуны ел тарихындағы ең жойқын дауылдардың бірі ретінде есте қалды. Сағатына 260 шақырымдық жел және жауған нөсер 1,5 миллионға жуық үйді зақымдап, 5 000-нан астам адамның өмірін қиды. Бұл апат Жапония үшін ең қымбатқа түскен табиғи зобалаңдардың бірі болды.

Осындай апаттардан сабақ ала отырып, ғалымдар мен құтқару қызметтері халыққа алдын ала ескерту жүйелерін жетілдіруде. Тайфун кезінде қауіпсіздіктің басты ережелері — эвакуациялау жоспарын білу, дауыл туралы ресми хабарламаларды қадағалау, үйді мықтап бекіту және қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорын алдын ала дайындау. Өйткені табиғаттың қаһары адам өміріне қауіп төндірген сәтте әр секунд қымбат.