Технология • 10 Қаңтар, 2025

Цифрлы автосервис: Жас кәсіпкер ережені қайта жазды

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл ақпанда бизнес өкілдерімен өткен кездесу мемлекеттің экономиканы дамытушылармен бірлесу ұранымен ұйымдастырылды. Онда Мемлекет басшысы мынадай маңызды жайтқа тоқталды: «Экономиканы дамытудың басым бағыттары ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар, цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік және логистика салалары болуы тиіс. Сонымен бірге шағын және орта бизнесті қолдау үкіметтің үнемі басты назарында болады».

Цифрлы автосервис: Жас кәсіпкер ережені қайта жазды

Президент айтқан ойды толықтыра түссек, кәсіпкерлік орта – тұрақты экономикалық өсімнің іргетасы. Себебі бұл сала елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етеді. Бүгінде Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің шамамен 60 пайызын қызмет көрсету саласы құрайды. Бұл – бәсекелестікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін маңызды сектор.

Жаһандық үрдістер үнемі өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде бизнес те бір орында тұрмайды, ол үнемі дамып, жетілу үстінде. Осы бағытта көзге түсіп жүрген компаниялардың бірі – «Favoritе» ЖШС. Оған жас кәсіпкер әрі талантты басқарушы Раис Ағаев жетекшілік етеді.

Кәсіби автосервис саласында Раис Ағаевтың есімі сенімділік пен сапаның символына айналды. Жасына қарамастан, ол ірі отандық автопарктерге қызмет көрсету нарығына B2B қағидатын енгізген алғашқы кәсіпкерлердің бірі болды. Бұл компаниялар қатарында Mycar, Apple City, «Флагман Казахстан» ЖШС бар.

Қызықты дерек – бүгінде автосервис саласында Раис Ағаев пен оның «Favoritе» компаниясының қызметі айтарлықтай өзгерістерге себеп болды. Жас кәсіпкердің бастамасы автомобильге қызмет көрсету нарығын трансформациялауда шешуші рөл атқарып, ішкі тұтынушылар үшін ережені түбегейлі өзгертті.

Компанияның басты артықшылықтарының бірі – техникалық қызмет көрсету саласын автоматтандыру. Бұл ішкі процестерді тиімдірек ұйымдастыруға, уақытты үнемдеуге және қол еңбегін азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл өнімділікті арттырып қана қоймай, ішкі нарықты кеңейту мен тұтынушылар сұранысын өсіруге жол ашады. Бұл автоматтандыру қазіргі заманғы компаниялардың стратегиялық өсу құралы екенін көрсетеді.

«Favoritе» ЖШС бірнеше жыл бұрын шағын жергілікті автосервис ретінде жұмысын бастаған болатын. Раис Ағаевтың сауатты басшылығының арқасында ол қысқа мерзім ішінде қарқынды дамып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде орналасқан автоматтандырылған автосервис желісіне айналды. Басшылықтың негізгі мақсаты – автомобильдерді жөндеу процесін жүйелеу және жаңа технологияларды енгізу болды. Бұл тәсіл көлікті диагностикалаудан бастап жөндеу жұмыстарының толық аяқталуына дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.

Раис Ағаевтың айтуынша, «Favoritе» ЖШС тұтынушылар үшін көрсетілетін қызмет сапасын барынша ыңғайлы және сенімді етуге күш салған.

– Сондықтан біздің әрбір сервис орталығында онлайн жазылуға және автокөліктің техникалық жағдайы жөнінде автоматты түрде хабарлама алуға мүмкіндік беретін арнайы жүйе енгізілген. Жөндеу барысын онлайн бақылауға болады. Осы арқылы қызмет көрсету уақыты айтарлықтай қысқарып, жұмысымыз барынша ашық бола түсті. Соның арқасында біз көптеген тұрақты клиенттердің, әсіресе ірі компаниялардың сеніміне ие болдық, – дейді кәсіпкер.

«Favoritе» ЖШС  компаниясының маңызды әлеуметтік миссиясы бар – алдағы бірнеше жылда 100-ден астам жұмыс орнын ашу. Бұған нақты негіз бар. Компания қызметінің нәтижесінде Алматы мен Астанадан бастап Батыс Қазақстанға дейінгі қалаларда өз желісін кеңейтуге қол жеткізді. Бұл көптеген білікті мамандар үшін тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Олардың қатарында механиктер, инженерлер, IT-мамандар мен менеджерлер бар. Бұл, әсіресе пандемиядан кейінгі кезеңде еңбек нарығы әлі де қиындықтарға тап болып жатқан Қазақстан экономикасы үшін аса маңызды.

Болашаққа жоспарларымен бөліскен Раис Ағаев басты мақсаты – жай ғана сервистік желі емес, қызметкерлерді кәсіби даярлауға басымдық беретін толыққанды жүйе құру екенін атап өтті. Осы мақсатта компания жас мамандарды сертификаттаудың өз бағдарламасын әзірледі. Техникалық колледждермен әріптестік жас мамандарды өндірістік процеске тез бейімделуге жол ашады. Колледж түлектеріне бейімделу кезеңі барынша қысқарған.

Сонымен қатар «Favorit» компаниясы өз қызметін шет елдерге де кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде Өзбекстан мен Қырғызстан нарығына шығу мүмкіндіктері зерттелуде. Раис Ағаев Қазақстанда франчайзинг жүйесін дамыту идеясын да көптен бері ойлап жүргенін айтады. Бұл компанияның филиалдарын көбейтіп, ауқымын кеңейтуге жол ашады. Осы мақсатта жасанды интеллект сияқты заманауи технологияларды пайдаланып, автодиагностиканы бұрынғыдан да жылдам әрі дәл ету көзделіп отыр.

Бүгінде мемлекет экономиканы дамытуға мүдделі және өз қаражатын жаңа идеяларға салып, жұмыс орындарын ашып жатқан талантты әрі бастамашыл кәсіпкерлерді қолдап отыр. Бұл елімізде бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалғанын көрсетеді. Әсіресе инновациялық жобалармен айналысатын және бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды құратындар үшін мүмкіндіктер мол. Өйткені дәл осындай кәсіпкерлер ел өмірін жақсартып, Қазақстанды дамуға және өркендеуге жетелейді.

Жас кәсіпкердің жетістіктері де елеусіз қалған жоқ. 2024 жылы Раис Ағаев «Қазақстанның Құрметті азаматы» медалімен марапатталды. Бұл марапат ел экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға беріледі. Мұндай марапаттар мемлекеттік қайраткерлерге де табысталатынын ескерсек, бұл – үлкен мәртебе.

Раис Ағаев цифрлық технологиялар, сауатты басқару және әлеуметтік жауапкершілік арқылы тұтас саланы жаңғыртып, оны табысты етуге болатынын дәлелдеді. Оның үлгісі қазақстандық кәсіпкерлердің әлемдік үрдістерден қалыспай, керісінше, алда келе жатқанын көрсетеді.