
Аталған әдіс хирургтарға өмірлік маңызды жүйке құрылымдарының айналасында аса дәлдікпен әрекет етуге мүмкіндік беріп, отадан кейінгі неврологиялық асқынулардың қаупін едәуір азайтады. Бұл әсіресе, функционалды маңызды аймақтардағы — сөйлеу, қозғалыс немесе сезімталдыққа жауапты құрылымдар жанында жасалатын операциялар үшін өте маңызды.
Нейромониторинг ми мен жұлын ісіктерінде, сөйлеу, қозғалыс пен сезімтал аймақтар маңындағы жаңа түзілістерде, ми діңіндегі, таламус, базальды ганглийлердегі ісіктерді, жұлын ішіндегі (интрамедуллярлық) ісіктерді емдеу барысында қолданылады.
Сол сияқты омыртқа мен жұлын хирургиясында, сколиоз сияқты, басқа да омыртқа қисайғанда жасалатын операцияларда, жұлын ісіктерін алғанда, жұлын жолақтарына зақым келу қаупі жоғары операцияларда, омыртқаның ұстамауын түзету, стеноз, жарық секілді жүйке түбірі немесе жұлын қысылған жағдайларда көмегі орасан.
«Интраоперациялық нейромониторинг тек хирургиялық оталардың дәлдігін арттырып қоймай, нейрохирургиялық қауіпсіздікті жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Біздің клиникада бұл технология негізінен омыртқаға жасалған оталарда қолданылып келеді. Мәселен, «spina bifida» диагнозы сияқты омыртқадағы липома мен киста секілді ісіктерге, түрлі деңгейдегі бекітілген жұлын диагноздары бар балаларға ота жасалды. Бұл — балалардың денсаулығы тез дұрысталып, толыққанды өмір сүруіне жол ашатын мүмкіндік», деді БШМКО невролог-дәрігері, нейрофизиолог Патма Хашимова.
Аталған әдіс Алматыдағы орталықта 2024 жылдың наурыз айынан бастап қолданыла бастады. Осы уақыт аралығында ондаған балаға нейрохирургиялық көмек көрсетілді. Барлық мамандар Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығында арнайы кәсіби даярлықтан өткен.
Операциялар мультидисциплинарлық бригада құрамында жүргізіледі. Бұл жолы жоғарыдағы әдіспен балаға жасалған күрделі отаны нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Ахан Рахым Айдарұлы, нейрохирург Азамат Нұрке, нейрофизиолог Патма Хашимова жүргізді.
Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы алдағы уақытта да жоғары технологиялық және жекелеген (персонализированная) нейрохирургия бағытында дамуды жалғастыра бермек.