
Премьер-министр «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегіш нысанын барып көрді. «Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі биылғы вегетация маусымында жауын-шашын тапшы болып тұр. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мен Солтүстік Еуразиялық климат орталығының болжамдары да гидрологиялық құрғақшылықтың болуы әбден мүмкін дейді. Осы үдеріс ауыл шаруашылығына қатер тудырып отыр, әсіресе Сырдария өзені бассейні бойында құрғақ ауа райы ұзақ уақыт сақталар болса, кейбір жерлерде егін қурап кетуі мүмкін.
Су беруді оңтайландыру туралы ішкі шаралармен қатар, Үкімет Сырдария өзенінің жоғары жағында орналасқан көршілес мемлекеттермен Орталық Азияның мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы аясында келіссөздер жүргізіп жатыр. Келісімдер суды уақтылы алуға жол ашады.
Шардара су қоймасының жұмысымен танысу кезінде Премьер-министрге нысанның жағдайы мен оңтүстік өңірлердегі суару жұмыстары туралы баяндалды. Бұл – Түркістан мен Қызылорда облыстарындағы ауыл шаруашылығы алқаптарын суармалы сумен, сондай-ақ Шардара қаласының тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ететін негізгі су нысаны.
Олжас Бектенов суды бөлу үдерісінің ашық болуы үшін қадағалауды күшейту қажеттігін айтты.
«Агроөнеркәсіп кешені – экономиканың негізгі секторларының бірі. Қазіргі жағдайда су ресурстарын қажетіне қарай әрі қатаң қадағалай отырып бөлу ерекше маңызға ие. Қадағалауды барлық деңгейде күшейтіп, су бөлуді ашық ету қажет», деді Премьер-министр.
Осы тұрғыда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа көршілес елдермен су беру режімдерін келісу мен туындаған мәселелерге жедел ден қою, соның ішінде тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды үйлестіру тапсырылды.
«Көксарай» су реттегіш нысанын тексеру қорытындысында Премьер-министр Су ресурстары және ирригация министрлігіне контрреттегіштің толық қуатында жұмыс істеуін қалпына келтіру мақсатында реконструкциялау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл өзен ағынын қажетіне қарай реттеу және оңтүстік өңірлердегі шаруаларды тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін қажет.
Олжас Бектенов трансшекаралық су көздерінен келетін су көлемінің азаюына байланысты Үкімет ішкі су қорын дамытуға басымдық беріп отырғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы көктемгі және еріген қар суын жинап, оны егістікке тиімді пайдалану үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу жөнінде тапсырма берген болатын. Таяу уақытта «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары арқылы «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн текше метр су берілгенінің арқасында Түркістан қаласы кепілді түрде сумен қамтамасыз етіледі. Трансшекаралық су көздерінен келетін су көлемі жылдан-жылға азайып келеді. Соған байланысты біз ішкі су қорларын барынша пайдалану үшін қосымша су қоймаларын салу жолдарын қарастыруымыз қажет», деп атап өтті О.Бектенов.
Премьер-министр Су ресурстары және ирригация министрлігіне Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп, өңірдегі су шаруашылығы жобаларын уақтылы қаржыландыруды және жүзеге асыруды тапсырды.