
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«Ұлттық кітап күніне» орай тұңғыш рет еліміз бойынша кітап оқу мәдениетін ілгерілетуді көздеген жаңа ұлттық жоба – «100 кітап» сауалнамасы басталған болатын. Ол үшін еGov.kz ресми сайтында «Таңдаулы 100 кітапты бірге анықтайық» деген арнайы сауалнама жолы орналастырылған. Әр азамат қалта телефонынан еGov mobile қосымшасына өтіп, отандық сүйікті авторының шығармаларын таңдай алады.
Айта кетейік, сауалнама өткен айлардан бері жалғасып келеді, нәтижесі 10 тамызда жарияланады. Бүгінде игі бастама үлкен қолдауға ие болып, еліміздің әр түкпірінен 20 мыңнан астам адам сүйікті шығармасы мен авторын белгілеп, дауыс беруге қатысып үлгерген. Сауалнама барысында оқырмандар әртүрлі туындыны таңдап, ойларын ортаға салып жатыр.
«100 кітап» жобасы сараптамасына назар салсақ, үздік туындылар қатарын Абай шығармалары мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» бастап тұр. Көптеген дауыс берушілер ұсынған тізімнің басынан ұлт руханиятының темірқазығы Абайды көреміз. Зиялы қауым өкілдері қатар-қатар ұлы ақынды қастер тұтып, төбесіне тұтса, өнер саңлақтары, қара орман халық, жеткіншектер мен балдырған балалар ақынды алғашқы таңдауына қосып, маңдайға тұтып отыр. Бейне бір қазақ сахарасында Абайға оралу, Абайға жүгіну салты жаңғырып, санамыз тағы бір сілкінердей. Рухымыз оянып, бірлік пен ұлтшылдықтың ошағы лаулай түскендей.
Аталған ұлттық жобада аты ұлықталған ақын әрі хакімге оралған оқырман турасында Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Кәдірбек Сегізбайұлының пікірін білген едік.
– Қазір жұртты кітап оқуға мойын бұрғызу үшін «100 кітап» жобасы қолға алынғанын жақсы білемін. Сол тізімдерді, ұсынымдарды көріп жатырмыз, бірде-бір зияткер, бірде-бір жазушы таңдауын Абайдан бастапты. Абайдың сөзінде артық айтылған, кем айтылған жолдарды табу қиын. Шын мәнінде, қазақты оң жолға бағыттап, философиялық түйін түйіндеген нағыз данышпанның өзі. Сондықтан да бүкіл қазақ халқы әр уақытта хакімнің асыл рухын құрмет тұтып, ұлт ақыл-ойының шамшырағы деп біледі. Абайдың «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген өлеңі бар. Осы жолдардан-ақ ақынның бүкіл өмірбаянын көруге болады. Қай өлеңін оқысаңыз да, өздігінен аспаннан құйылып тұрғандай әсер етеді. Абай ішкенге мәз, жегенге тоқ қазағын оңға бастыру үшін шамасы келгенше алысып өткен адам. Бір ғажабы, ақынның әр көтерген мәселесі әлі күнге маңыздылығын бір мысқал да жоғалтпаған. Сондықтан Абай – мәңгілік, біздің алдымызда жанып тұратын, өшпейтін шамшырағымыз, – деді жазушы.
Иә, Асқар Сүлейменов айтқандай, «келесі қазақтың ішетін балы мен уы да Абай». Бұл қағидатқа тарихтың өзі куә. Ал ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ханбибі Есенқарақызы Абай мұрасы ұрпақ сабақтастығымен бірге алға өрлеп келе жатқанын айтады.
Таңдаулы «100 кітап» жобасында ақындарымыз, зиялыларымыз алдымен Абайды атап жатса, оның бір-ақ себебі бар. Абай – күннің сәулесі, ешкімді алаламай, барлық адамға бірдей нұрын шашады. Оның поэзиясын, қара сөзін, қай жағынан алып қарасақ та, күллі адамзаттың ұстазы секілді әсер қалдырады. Біз Абаймен ояндық, жырларын жаттап өстік, ес білгелі әке-шешем алдына алып өлеңдерін айтып отыратын. 1972 жылы Бауыржан Момышұлы Шымкентке келіп, жас ақындармен кездескенде менен «әкең Абайды оқи ма?» деп сұрады. Сонда әкем жаттатқан «Өзгеге көңілім тоярсың» деген өлеңді айтып бердім. Әкем де өлең оқып еді, бірақ бір күні түнде жазғандарын сандықтан шығарып өртеп жатқанын көрдім. «Абай болмаған соң, өлең жазуды қою керек!» деп сонда күрсінгенін естідім. Сол әкелерімізден келе жатқан Абайды сүю бізге мұра боп қалды. Қазіргі менің балаларым да ұлы ақын жырларымен сусындап, ұрпақ сабақтастығы осылай жалғасып жатыр. Қазір Алладан бір-ақ тілегім бар. Құдай Тағала ұрпағымызды Абай айтқан жолмен жүруге, Абай өсиетіне адал болуға жазса екен. Қазақ баласы Абай жолына оралатын уақыт жетті деп ойлаймын, – дейді ақын.
Шынында, Абайды білу – өзіңді тану, Абайға оралу – өзіңе оралу. Көл-көсір тағылымы келешек кемесіне мінген хакімнің болашақ тұлғасы ұрпақ алдында бұдан да айдынды болары анық. «100 кітап» сауалнамасы аясында ақын мұрасы оқырман сүзгісінен қайта өтіп, жаңаша сипат алары даусыз.