Қылмыс • 01 Тамыз, 2025

Интернеттегі алаяқтық өршіп барады

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шымкент қалалық полиция департаментінің мәлімдеуінше, биыл 6 айда шаһарда интернеттегі алаяқтық қылмыс ­бойынша 300 дерек тіркелген. Қылмыстардың 30 пайыздан астамы құқық қорғау органдарының жедел әрекетінің арқасында ашылған. Бүгінде қоғамда алаяқтық қылмыстар ес жиғызбай отыр. Құзырлы органдар қанша айла-шарғы жасаса да, алаяқтар алдырар емес.

Интернеттегі алаяқтық өршіп барады

Олар сол бұрынғы ескі әдеті бойынша азаматтарға құқық қорғау органы немесе банк өкілімін деп телефон арқылы қоңырау шалып, сенімдеріне кіріп, банктегі есепшотта тұрған ақшаларын ұрлап алады. Не болмаса солардың атынан онлайн-несие рәсімдейді. Бірақ полиция департаменті жанынан құрылған киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері талай қылмыстың бетін ашып үл­ге­ріп жатыр. Олардың міндетіне интер­­неттің көмегімен жасалатын қыл­­мыс­тардың жолын кесу, алдын алу және пәрменді күресу шара­сы кіреді. Бүгінгідей цифрлық тех­но­ло­гия дамыған, адамдардың бәрі те­ле­­­фон шұқылап әлеуметтік желі­ге бай­­­ланған заманда интернеттегі алаяқ­­­тардың да айы оңынан туып тұр.

Сонымен бірге киберқылмыс­тың ішінде танымал тұлғаларды ком­пьютердің көмегімен сөйлету ар­қылы алпауыт компаниялардың ак­ция­сын сатып алуға ақша салдыр­ған немесе өзінде жоқ тауарды арзан бағада көрсетіп, онлайн сау­да арқылы алдын ала ақшасын аударт­қан оқиғалар өршіп тұр. Одан қалса, бөліп төлеуге алған тауар ақшасын банктен әперем дейтіндерге алданып, сан соққан халықтың қарасы көп. Ақыры соңында не зат жоқ, не ақша жоқ, екі ортада алаяқтарға сенген жұрт зар илеп жүр. Бұндай қылмыскерлердің де талайының қолына полиция департаментінің арнаулы тобы кісен салды.

«Алаяқтық тәсілдерді әбден жаттап алғанбыз. Олар кез келген құрбанына телефон шалып, «Пошта бөлімшесіне келген затыңызды алып кетіңіз, болмаса телефон картаңыздың мерзімі өтіп барады, қайта жаңартып қою керек» деген әртүрлі сылтаумен телефонға түскен SMS кодты біліп алады. Сөйтіп, артынша құқық қорғау органының немесе банк қызметінің өкілі ретінде хабарласып, сіз алаяқтардың шабуылына тап болдыңыз деп қорқытып-үркітіп әлгі адамның есепшоттағы бар ақшасын сыпырып алады. Үстінен онлайн-несие рәсімдеп, тіпті жылжымайтын мүлкіне дейін сатқызып, ақшасын иемденіп кетеді. Сосын алданған адам қайда барады? Сасқанынан жарнамасынан көз сүрінетін жал­ған адвокат, заңгер­лердің қызметі­не жүгінеді. Жалған дейтін себебі­міз, олар да – алаяқ­тардан өткен қылмыскерлер. Олардың мақсаты өз­дерін маман ретінде танытып, клиентке жаны ашы­ғансып, айырылып қалған ақшасын қайтарып беруге уәде етеді. Бірақ көкейі­нің ар жағында қызмет­ақысы үшін клиентті алдап ақшаларын алып, соңында ұшты-күйлі жоғалып кету пиғылы тұрады. Қазір адамдар­дың басым бөлігі қылмыскерлерге алаяқтықтың осы тәсілдері бойын­ша алданып қалып жатыр. Жас ерекшелігі­не келсек, құрбандар­дың көбі орта жас пен егде жастағы кісілер. Сосын олар­дың арасында мұғалім, дәрі­гер, зей­нет­керлер мен жұмыссыз жүр­ген аза­маттар көп», дейді Шым­кент қала­лық полиция департа­менті кибер­қылмысқа қарсы іс-қимыл бас­қар­масының аға жедел уәкілі, поли­ция подполковнигі Алишер Айсаев.

Осы ретте полиция өкілі алаяқтардың құрығына түсіп қалмас үшін әрбір азаматтың құқықтық және қаржылық сауаты болуы шарт екенін алға тартты. Әсіресе қаржылық сауаттылық – ки­берқылмыскерлерге қарсы тұ­ра­тын иммунитет, солардың ша­­буылынан қорғанатын қалқан. Бұл ретте тәртіп сақшысы бірне­ше қарапайым ережені атап өтті. Бірін­шіден, жеке деректерді телефон арқылы ешкімге айтпау керек. Мейлі, ол адам өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілі­мін десе де. Өйткені жеке дерек­терді бөгде кісілердің сұратуға хақысы жоқ. Клиенттердің барлық дерегі банкте тұрады. Сондықтан олар қажет болса, өздерінен-ақ ала алады. Сосын атыңызға несие ресімделіп жатыр, есепшотыңыз бұғатталды деген сөздерге сенудің қажеті жоқ. Мұндай жағдайда адамдар абдырап қалмай, тұтқаны қоя салып, банктің өзінен жеке деректері туралы мәліметті білсе болады. Банк қызметкері ешқашан клиенттен телефон арқылы банктік картаның нөмірін, кодын немесе SMS кодты сұрамайды. Алда-жалда біреу хабарласып сұрап жатса, тұтқаның ар жағындағы адамның алаяқ екенін біле беру керек.

Онлайн сауда желісінде арзан тауардан сақ болған жөн. Егер сау­­дагер алдын ала төлем сұраса, ондай сатушыдан ат-тоныңды ала қашу керек. Себебі ақшаны алып болған соң, онлайн сауда желісінде клиентпен байланыс шорт үзіледі. Сондықтан толық төлемді тауарды нақты қолға алған соң жасаған ләзім. Сонымен бірге осы күнде алаяқтар адамдарды қаржы пирамидаларына тартып, жымысқы әрекеттерін іске асырып жатыр. Олар клиенттерге жоғары пайызды табысқа кенелтеміз деп құрғақ уәдеге тойдырады. Олардың сөзіне иланған адамдар жиған-терген ақшасын қалай алаяқтарға өз қол­­дарымен тапсырғанын сезбей қала­ды. Тіпті несие алып, үйін, бар мүлкін сатып, ақырында далада қалған жандар да бар. Сол үшін жоғары пайызды табыс деген шынайы өмірде ешқашан болмайтын құбылыс екенін ұғынатын кез келді.

Қызметін Ұлттық банк реттейтін екінші деңгейлі банктердің өзі жылдық 10 пайыздық қана табыс қояды. Осы күнде Шымкентте бір­неше қаржылық пирамида бойынша алаяқтық қылмыстар тіркелді. Бір өкініштісі, жыл сайын олардың қатары көбейіп барады. Алданған клиенттердің бәрі ай сайын пайызы жоғары табысқа кенелесіз деген уәделерге сеніп қалған. Сол үшін әп-сәтте байып шыға келемін дегені шынайы экономикалық жағдайда ешқашан жүзеге аспайтын қиял екенін санаға әбден құйып алу қа­жет. Ең соңғысы интернетте, әлеумет­тік желілерде жеке деректерді, мәсе­лен ЖСН мен басқа да құжаттық мәліметтерді бөлісуде сақтық шараларын ұмытпаған жөн.

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Кеше

Акция аясындағы ауқымды жұмыс

«Таза Қазақстан» • Кеше

Онлайн сайлау жүйесі

Ғалам ғажаптары • Кеше

Қан алатын робот

Ғалам ғажаптары • Кеше

Апаттан аман қалған балалар

Ғалам ғажаптары • Кеше

«Сарығыз» тазы көрмеге барады

Мәдениет • 01 Тамыз, 2025

Даңғыл көпір

Мереке • 01 Тамыз, 2025

Абай тойы басталды

Абай • 01 Тамыз, 2025