
Ақдала ауылдық округіндегі «Марат» шаруа қожалығы шаруашылыққа тиесілі 90 гектар суармалы жерге егілген дәнді дақылдың әр гектарынан 18 центнерден өнім алуды көздеп отыр. Бөлімше басшысы Нұркен Пұшанов пен механизаторлар Әлихан Көшербаев, Ғалым Қоржынбаев бастаған еңбек адамдарының тынымсыз тірлігі қалыпты жағдай саналады. Уақытпен санаспай еңбек етудің нәтижесінде аталған шаруашылық диқандары бүгінде егілген бидайдың 90 пайызын бастырып үлгерген. Егін орағын сапалы атқару мақсатында бір «MacDon», бір «Claas Trion 730» комбайндарын, сонымен қатар астық тасмалдауға екі «Камаз» автокөлігін іске қосқан. Техника күшімен егістік алқаптарындағы жұмыс сапалы жүргізіліп, аяқталуға таяп келеді. 120 гектар жерде дала аруы – ақ күріш те жайқалып тұр. Суды бойлай өскен дәннің қауыз жара бастағаны байқалады.
300 гектар суармалы жерге егілген жоңышқа шөбінің бірінші орылымы ойдағыдай аяқталған. 8 000 орама шөп бастырып, қысқы мал азығының берік қоры жасалыпты.
Алматы облысы