Басылым • Кеше

«VIAJAR» бейнелеген Маңғыстау

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстаудың турис­тік орындары ту­ралы материал көрік­ті сурет­терімен Испа­ния­ның «VIAJAR» атты та­нымал журналында жарық көрді.

«VIAJAR» бейнелеген Маңғыстау

Маңғыстау өңір­лік туризм бас­қармасының қол­дауымен журнал редакциясы дайындаған басылымның арнайы санында еуропалық аудитория Бозжыра шатқалы, Шерқала тауы, Тұзбайыр, алып шарлар аңғары, Каспий теңізі жағалауы, сондай-ақ өңірдің киелі орындары және мәдени мұрасымен танысты.

1

Материал әдемі фотосуреттермен, өлкенің табиғи және тарихи ерекшеліктерін айқындайтын авторлық сипаттамалармен толық­тырылған. Маңғыстау облыстық  ­туризм басқармасы «VIAJAR» журналында Маңғыстау облысының таныстырылуы – еліміздің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныту бағытындағы жүйелі жұ­мыстың нәтижесі деп түсіндіреді. Айтуларынша,  бұл шетелдік туристерді тартуға, өңір­дің имиджін қалыптастыруға және Еуропа нарығымен туристік байланыс­тарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

2

Ал 1978 жылы негізі қаланған «VIAJAR» – Испа­ниядағы ең алғашқы және көне саяхат журналы саналады. Ауди­­­ториясы Испа­ниямен қатар ­Ла­тын­ Аме­­­рикасы елдері мен Еуро­па ту­рис­­тік қауым­дастығын қоса  қам­ти­тын ба­сы­лым 45 жылдан аса уақыт бойы оқыр­мандарына сапалы репортаждар, авторлық бағыттар мен қызық­ты ма­те­риалдар ұсынып келеді. Енді «VIAJAR» арқылы Маңғыстауды таны­ған турис­тер киелі өлкеге ат басын бұратыны сөзсіз.

3

 

Маңғыстау облысы