
Фото:depositphotos.com
2023 жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігі ЮНИСЕФ-пен бірлесіп «Kazakhstan Kids Online» зерттеуін жүргізіп, нәтижесінде балалар интернетті пайдалану барысында әртүрлі қауіптерге ұшырайтыны анықталған:
10,6%-ы интернетте өздерін мазалайтын немесе қорқытатын дүниелер бар екенін мойындады;
11,1%-ы бейтаныс адамдарға өз фотосын/видеосын жіберген;
11,7%-ы сексуалды сипаттағы сурет немесе видеоны көрген;
7,1%-ы соңғы жылда сексуалды сипаттағы хабарлама алған;
3%-ы интимдік фото немесе видео үшін ақша немесе сыйлық ұсынылған;
1,8%-ы соңғы жылда жыныстық қатынасқа мәжбүрлеуге байланысты шантажға ұшыраған.
Зерттеу нәтижелері кәмелетке толмаған балалардың жаһандық интернет кеңістігінде аса осал екенін көрсетті.
Ата-аналар да бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауы тиіс: 21% ата-ана баласына 4 жасында жеке гаджет сатып алып береді; 62%-ы экран уақытына ешқандай шектеу қоймайды. Сөйтіп, ересектер балаларды цифрлық тәуелділікке өз қолдарымен үйретіп, кейін бақылауды мүлде жоғалтады.
Қазақстан жасөспірімдерінің 74%-ы TikTok, 59%-ы YouTube, 57%-ы Instagram қолданады. Олардың көпшілігі «brainrot-контент» – мағынасыз, эмоцияға құрылған, агрессивті видеолар мен мемдерді көреді. Бұл баланың ойлау қабілетін тұмшалап, логиканың орнын эмоциямен алмастырады.
Сол себепті мемлекет айқын шекаралар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге міндетті: қай жерде еркіндік аяқталып, деструктив басталатынын көрсету керек.