Айбын • Бүгін, 08:45

Қарулы Күштерді цифрландырудағы бастамалар

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қарулы Күштердің цифрлық трансформациялаудағы елеулі жетістіктері таныстырылды. Мұндай бастамалардың мақсаты – әкімшілік үдерістерді жеңілдету, әскерилер қызметінің тиімділігін арттыру әрі сапасын жақсарту.

Қарулы Күштерді цифрландырудағы бастамалар

Сурет: ortcom.kz

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев Қорғаныс министрлігі Әскери білім беру және мерзімді әскери қызметке шақыру жүйесіне цифрлық шешімдерді белсенді енгізіп жатқанын хабарлады.

«Smart военкомат» – әскери есепте тұрған шақырылушылар­дың жалпы санынан әскерге шақыру жасындағы азаматтарды іріктеу. Жасанды интеллект белгілі бір критерийлер мен бұрын әскерге шақырылғандардың мәліметтер базасы негізінде жедел әскери қызметке шақырылуға тиіс азаматтарды ғана хабардар етпек.

Енді әскери оқу орындарына түсу үшін құжаттарды онлайн – e-Gov порталы арқылы тап­сыру­ға болады. Бүгінде пысықталғаны – 22 мемлекеттік қызмет. Одан бөлек, бұл сервис арқылы бұрын шы­ғып кеткен оқуын қайта қал­пы­­на келтіру қызметі де қолжетім­ді (16 мемлекеттік қызмет). Алдын ала медициналық куәландыру жо­йылды, арнайы тексеру қашықтан жүргізіледі.

Қорғаныс министрлігінің цифрлық трансформация шең­беріндегі негізгі жетістіктерінің бірі – барлық әскери оқу орындарына арналған «Askeri Ziyat» әскери-білім беру көпфункционалды платформасын құру. Бұл платформа әскери мамандарды даярлауды жүзеге асыратын әскери жоғары оқу орындары мен әскери колледждерді бірыңғай цифр­лық кеңістікке біріктіреді, қарау режімінде сыртқы ұйымдар үшін де қолжетімді ведомствоаралық электрондық кітапханасы да бар. Мұнда 20 бағытта дайындық курс­тары өткізіледі. Бүгінде мыңнан аса әскери қызметші тіркелген. 300-ден астамы оқуды ойдағыдай аяқтап, белгіленген үлгідегі серти­фикаттарға ие болды.

Үшінші жылы іске асырылып жатқан «Sarbaz 2.0» жобасы бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Жоба аясында мерзімді қызметтің әскери қызметшілері мемлекеттік білім беру гранттары арқылы тегін оқи алады. Жыл басынан бері онлайн-тестілеу өткізілді, тестке қатысуға 10 мыңнан аса сарбаз ниет білдірді. Биыл мамыр айында 2 010 сарбаз еліміздің жоғары оқу орындарында оқу үшін мемлекеттік гранттар алды.

Мемлекет басшысының жасанды интеллектті кеңінен енгізу туралы тапсырмасына сәйкес Қорғаныс министрлігі Armia.kz сервисін әзірледі. Бұл кіріктірілген ЖИ қазірдің өзінде 2 мыңнан аса сұранысты өңдеп, әскери қызмет туралы ақпараттың әмбебап көзіне айналды. Мемлекеттік органдар арасында алғашқылардың бірі болып Қорғаныс министрлігінің мамандары Ұлттық жасанды интел­лект платформасына негіз­делген Armia.kz сервисінің ЖИ-ассис­тентін құрды. Бот кең көлемді білім базасына ие және заңнамадағы өзгерістер­ге жедел бейімделе алады. Ол әскери қызметке қатысты сұрақтар бо­йынша «цифрлық кеңесші» ретінде жұмыс істейді.

Бұған қоса Қорғаныс ми­нистрлігі әскерге шақыруды, қорғаныс қабілетін жақсартуды және жауынгерлік дайындықты оңтайландыруды көздейтін, қор­ғалған сегментте жасанды интел­лектті қолданатын бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр.