Қоғам • Бүгін, 09:55

Күмәнді аударымды анықтау тетігі күшейді

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде мобильді аударымдарды бақылау мен салықтық әкімшілендіру 2025 жылы жаңа деңгейге көтерілді. Мобильді ақша аударымдарына қатысты бақылау күшейді. Енді 3 ай қатарынан 100-ден астам адамнан аударым алғандар салықтық тексеруге ілігуі мүмкін. Ал қаражаттың мақсатына жазылған түсініктеме бұл жағдайдан құтқарып қала алмайды, тек кәсіпкерлік қызмет бар-жоғы анықталады.

Күмәнді аударымды анықтау тетігі күшейді

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қандай өзгерістер енгізілді?

Біріншіден, биылдан бастап жеке кәсіп­керлер, заңды тұлға басшылары және олардың жұбайлары мобильді ауда­рымдар бойынша тексерілетін тұлға­лар қатарына енді. Бұл топқа қатыс­ты операциялар 2024 жылғы дерек­тер негізінде камералдық бақылауға түседі. Екіншіден, егер 3 ай қатарынан 100-ден астам әртүрлі адам бір жеке тұлғаның шотына ақша аударса, жалпы сома 255 мың теңгеден (яғни үш ең төменгі жалақы көлемінен) асып кетсе – салық органдары тексеру жүргізуге құқылы. Мұндай жағдайда адам кәсіпкер ретінде тіркелмеген болса да, оның қызметі кәсіпкерлік ретінде қаралуы мүмкін.

Үшіншіден, ретсіз аударымдарға автоматты бақылау енгізіледі. Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) енді бір реттік операцияларға емес, операциялар тізбегінің логикасына қарап тексереді. Яғни қаражаттың қайдан келіп, қайда кеткені, қандай жиілікпен қайталанғаны түгел талданып, күдік тудыр­са автоматты түрде тексеруге негіз бо­лады. Төртіншіден, егер адам тіркел­мей кәсіпкерлікпен айналысып жүр­гені дәлелденсе, 15-тен 100 АЕК-ке де­йін айыппұл салынады. Чек берме­­гені үшін де жауапкершілік бар. Табыс­ын жасырғандарға да 200% көлемін­де қосым­ша салық төлеу міндеті қарастырылған.

 

Пікір жазудың заңдық мәні бар ма?

Кейінгі жылдары отандас­тарымыз бір-біріне мобильді ақша аударымдарын жасағанда түрлі жазба қал­дыруды әдетке айнал­дырды. «Рақ­мет», «қайтардым», «түскі ас үшін», «сыйлық» секілді сөздер күн­делікті транз­­ак­ция­лардың ажырамас бөлі­гі іспетті. Алайда салық органдары бұл жазбаларды есепке алмайтынын бірнеше рет мәлімдеді. Олардың айтуынша, егер бір адам 3 ай ішінде әртүрлі адамнан 100-ден астам аударым алып, олардың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асса, онда тү­сініктеме бар-жоғына қара­мастан, ол тексеруге себеп болуы мүмкін. Дегенмен заңгерлер пікірінше, мобильді аударымдарға жазылған түсініктемелердің құқықтық мәні жоғары. Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, бұл жазбалар қажет бол­ған жағдайда сотта дәлел ретінде қарас­тырылуы мүмкін.

– Әрбір жазылған түсініктеме – болашақта өзіңізді қорғаудың құралы. Мысалы, адам бұрынғы жұбайына алимент ретінде ақша аударып, оған «алимент» деп жазып отырса, бұл төлемнің мақсатын дәлелдейтін нақты айғаққа айналады. Егер түсініктеме болмаса, ол жай ғана көмек немесе сыйлық деп бағалануы мүмкін, – дейді заңгер.

Сарапшының айтуынша, банктер барлық аударымға жа­зылған түсінік­темені көреді әрі жүйеде сақтайды. Деген­мен олар ресми төлем мақсаты ре­тінде қарастырылмайды. Бір­ақ қажет болған жағдайда бұл деректер талдануы мүмкін.

– Күнделікті өмірде «кофе үшін» секілді жазбалар үлкен қауіп төндірмейді. Бірақ салық органдары жүйелі әрі ірі сомадағы төлемдерге назар аударады. Егер сіз тіркелмеген кәсіпкерге жүйелі түрде ақша аударып, оған «қызмет үшін» деп түсініктеме қалдырсаңыз, бұл бақылаушы органдар үшін белгі болуы мүмкін, – дейді сарапшы.

 

Ай сайынғы аударым 300 мыңнан асса...

3 ай қатарынан 300 мың теңге көлемінде сомада қаражат аударылып отырса, азаматтарға ақшаның бизнестен түс­пегенін дәлелдеуіне тура келеді. Бұл ақпараттан кейін біршама сұрақ туды. Көпшілік тексерілетін мөлшерлемені төмен сома деп наразы болды. Мәселен, кейбір адамдарды айына 300 мың аударып, туыстары асырап отыруы да мүм­кін. Бұл сұраққа Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл жауап берген еді.

– Мұндай жағдайда комитет өкіл­деріне бұл ақшаның қайдан түскенін түсіндіруіңіз керек болады. Мұның бар­лығы бизнесті көлеңкеден шығару үшін жасалып жатыр. Егер сіз адал кәсіп­кер болсаңыз әрі ауда­рымдардың қайдан түскенін дәлелдесеңіз, еш­қандай қиындық болмайды, – деді.

Күдікті қаржылық операциялар қалай анықталады?

Қаржылық мониторинг агент­тігі ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы жаңа әдістерді енгізіп жатыр. Енді әрбір жеке ақша аударымы емес, операциялардың жи­ын­тығы мен өзара байланысы тек­серіледі. ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, банктер мен қаржы ұйымдары жекелеген аударымдарға қарап күдікті қызметті анықтамайды. Негізгі назар бірнеше опера­цияның арасындағы байланысты талдауға аударылады.

– Күдікті қызметті анықтау – бір опе­рацияны емес, қаржылық операция­лардың жиынтығын, олардың бір-бірімен логикалық байланысын талдау. Әр жеке аударым заң бұзушылық емес сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ осы аударымдардың аффилирленген тұлғалар арқылы жүйелі қайталануы немесе бір схема аясында қозғалысы бүкіл қызметтің күмәнді екенін көрсете алады. Мұндай жағдайда банк бұл туралы ақпаратты агенттікке тапсыруға тиіс, – деді Елемесов.

Күмән тудыратын операция­ларды баға­лау критерийлері агенттік төрағасы­ның бұйрығы арқылы қабыл­данады. Сондық­тан банк­терге немесе басқа да қаржы ұйым­дарына қандай да бір жеке базаларға қол жеткіземін деп ұм­тылудың қажеті жоқ.

– Оларға тек бір-бірімен байланысты аударымдарды, олар­дың қай­талануын, көлемін және бағытын талдау жеткілікті. Осы арқылы заңда бел­гі­ленген критерийлерге сәйкес күдік­ті қызметті анықтай алады, – дейді.

Ұлттық банк бастамасы негі­зінде банк­тер күдікті мобильді аударымдарды 24 сағатқа дейін уақытша тоқтата тұра алады. Егер клиент ескертулерге қа­рамастан, күдікті тұлғаларға ақша жібе­руге әре­кеттенсе, банк аударымды уа­қыт­­ша бұғаттап, азаматты банктің бөлім­шесіне шақыруы мүмкін.

– Егер адам күшті психо­логиялық ықпалға ұшырап, барлық ескертуге қара­­мастан алаяқ­­тарға ақша аударуға әрекет­­тенсе, банк аударымды бұғат­тап, клиентті туысымен бірге бөлімшеге шақыра алады. Туысы оның әрекетінің саналы түрде қабыл­данғанын растайды. Бұл шара азамат­тарды алаяқ­тар­дың ықпалымен қабыл­данған асығыс шешімдерден қорғауға және кейін жәбір­ленуші есін жиып, банкке ақша қайтарып беруді талап ететін жағдай­лардың алдын алуға бағытталған. Алаяқтық схемаларды ең алғашқы сәтте, алғашқы қоңырау кезінде-ақ анықтай алатын алгоритм әзірлеп жатыр­мыз. Жүйе 2025 жылдың соңына дейін толық дайын болады, – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов.