
Биылғы қысқы Азия ойындарында (Харбин, Қытай) фристайл-акробатика спортынан ұлттық құрама сапында Шымкенттен 6 спортшы қатысты. Жарыс қорытындысында Шерзод Хаширбаев бірінші орын алып, тарихи жеңіске қол жеткізді. Үндістанда қазақ күресінен өткен әлем чемпионатында Ерсұлтан Мұзаппаров пен Жұмажан Қожамбеков чемпион атанды. Ауыр салмақ бойынша әйелдер күресінде Альбина Бахиева бес қарсыласын да шақ келтірмей алтыннан алқа тақты. Словенияда спорттық гимнастикадан өткен әлем кубогінде Дияс Тойшыбек гимнастикалық ат снарядымен сынға түсіп, жеңімпаз атанды. Шымкентте жалауы желбіреген ұлттық теңге ілуден алғашқы әлем чемпионатында Төлтай Бақыт, Түлкібай Азат бас жүлдеге ие болды. Астанада ұйымдастырылған бокстан әлем кубогінде Махмұд Сабырхан чемпион атанды. Германиядағы жазғы универсиадада таэквондо спортынан Самирхон Абабакиров алтын алды. Аты аталған барлық спортшыны қала әкімі арнайы қабылдап, сый-сияпат көрсетті.
«Шымкент қаласында жыл басынан бері бірнеше ірі спорттық іс-шаралар жүзеге асырылды. Жарыстарда шымкенттік те өрендер жүлдеге таласты. Олардың көпшілігі орын саны жағынан алғашқы үштіктен көрініп, тек мегаполистің ғана емес, тұтас қазақ елінің мерейін үстем етті. Спорттық байқауларды атап өтсек, «Zhaksykul mergen cup» дәстүрлі садақ атудан Азия кубогі өтті. Жарыста алты шетел мен еліміздің өңірлерінен 100-ге жуық спортшы сынға түсті. Нәтижесінде, мегаполис мергені бір қола медальді қанжығаға байлады. Бәйгеден еліміздің чемпионатының іріктеу турнирі кіл мықты шабармандарды жинады. Оны тамашалауға 3000-ға жуық көрермен келді. Сайыс барысында ат құлағында ойнағандар қыз қуу, көкпар, аударыспақ секілді ұлттық спорт түрлері бойынша өнерлерін көрсетті. Теңге ілуден мергендер ересектер арасында ІІІ Азия кубогінде сайысты. Онда 7 мемлекеттен келген 60 спортшы жүлдеге таласты. Қаланың сұрмергендері бұл сайыста бір күміс жүлдеге ие болды. Таеквондо ИТФ спортынан Азия кубогінде 7 мемлекеттен 850-ге жуық спортшы бақ сынады. Шымкент қаласының спортшылары сол жарыста 7 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Тағы бір сайыс – грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы турнир Жеңістің 80 жылдығы мен Ауған соғысы құрбандарын еске алуға арналды. Оған елімізден бөлек, үш шетелден қатысушылар келді. Жарыста қала спортшылары 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль иеленді. Сондай-ақ Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бірлік» жүгіру жарысы ұйымдастырылды. Оған 600-ге жуық түрлі этнос өкілдері қатысты. Теннистен Junior Billie Jean King Cup Final, Juniors Davis Cup Final Qualifying турнирлері өтті. Оған 15 елден 80-ге жуық спортшы шақырылды. Еліміздің қыздар құрама командасы 4-орыннан көрініп, әлем чемпионатына жолдама алды. Бұл жетістіктер Шымкент қаласының спорт инфрақұрылымының дамуы мен спортшылардың кәсіби деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қала әкімдігі алдағы уақытта да бұқаралық, кәсіби спортты қолдауды жалғастыра бермек», деді Шымкент қаласы денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов.
Маманның айтуынша, Шымкентте балалар мен жасөспірімдерді жоғары жетістіктер спортына баулитын 11 олимпиадалық резервтің мамандандырылған спорт мектептері жұмыс атқарады. Мектептерде 40-тан астам спорт түрлері қамтылған. Мәселен, балалар мен жасөспірімдер еркін күрес, дзюдо, садақ ату, қол күресі, карате, таэквондо, грэпплинг, грек-рим күресі, регби, ушу, баскетбол, фристайл, конькимен мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккей, көгалдағы хоккей, көркем гимнастика, эстетикалық гимнастика секілді өздері қалаған спорттық секцияларға қатыса алады. Аталған спорт мектептері дарынды балаларды іріктеу, оларды кәсіби спортқа дайындау, халықаралық деңгейдегі жарыстарға шығару жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Сонымен бірге Шымкент шаһарында бүгінде 35 спорт ұйымы жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда спорттың 73 түрінен (олимпиадалық – 36, олимпиадалық емес – 27, ұлттық – 10) спортшылар дайындалады. Спорттық секцияға жазылған 20 мыңға жуық өренді мыңнан астам жаттықтырушы спортқа баулиды. 2025 жылы 61 спорттық іс-шара өткізу жоспарланған болса, соның бүгінге дейін 14-і өткізілді. Жыл соңына дейін 47 іс-шара ұйымдастыру көзделіп отыр. Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі арқылы 18 000 ваучерге 3,9 млрд теңге бөлініп, балалар мен жасөспірімдерді спорттық секциямен қамтамасыз етуге 120 кәсіпкер атсалысып жатыр. Қазіргі таңда жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша 16 381 бала спортпен қамтылса, 1130-ы кезекте тұр.
Бүгінгі таңда халық денсаулығын нығайтып, бұқаралық спортқа тарту мақсатында 27 спорт нұсқаушысы 11 саябақта таңғы жаттығулар өткізеді. Бұл – елімізді саламатты Қазақстанға айналдыру бағытында қолға алынған бастаманың іске асқандығының көрінісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, ұлт саулығы бәрінен де маңызды болуға тиіс. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасын орындау мақсатында бүгінде мегаполисте халықты бұқаралық спортқа тарту мақсатындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Осы іс-шаралардың нәтижесінде шаһарда бұқаралық спортпен қамтылған халықтың үлесі жыл сайын арта түсті. Бұл денешынықтыру мен спорт арқылы тұрғындардың денсаулығын нығайтуды көздейтін мемлекеттік стратегияның жеміс бере бастағандығын аңғартады. Еліміз орта державалы мемлекет ретінде алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. Ал ауқымды стратегиялық жоспарларды іске асыру үшін ең алдымен ұлттың денсаулығы мықты болуы керек.
Қалада 855 спорт нысаны бар (568 – спорттық, 253 – білім беру, 34 – спорт мектептері). 2025 жылға бірнеше жаңа спорттық нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары жоспарланған. Атап айтқанда, қаланың Қаратау ауданы әкімшілік аумағынан жаңа футбол стадионының құрылысы қолға алынады. Паралимпиадалық, сурдолимпиадалық спорт кешені салынады. Шаһардың шеткі аймағында орналасқан Қайнарбұлақ, Қарабастау, Бадам елді мекендерінде модульді спорт нысандары бой көтереді. №17 спорт мектебінде жаңа футбол алаңы мен манеждер пайда болады. Бұдан бөлек, Қажымұқан атындағы стадион, Орталық су спорт кешені, Мұз сарайы, №17 спорт мектебінің Мамин-Сибиряк көшесіндегі ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда тұр. Салаға жауапты маманның мәлімдеуінше, шалғай елді мекендерде спорт инфрақұрылымына арналған жер телімдері заңдастырылды. Енді демеушілер есебінен 3 жаңа нысанның құрылысы қолға алынатын болады.
«Жоғарыда аталып өткендей, 2025 жылдың алғашқы 5 айында шымкенттік спортшылар 656 жүлде жеңіп алды. Ел біріншіліктерінен – 212 алтын, 207 күміс, 223 қола, Азия чемпионаттарынан – 3 алтын, 6 күміс, 1 қола, әлем чемпионаттарынан 4 алтын бұйырды. Қаламызда 1 Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, 8 халықаралық спорт шебері, 17 Қазақстанның спорт шебері, 307 спорт шеберлігіне үміткер балалар мен жасөспірімдерді спортқа жаттықтырады. Шымкенттік 1 284 спортшы ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Биылғы мақсатымыз – VI Жастар ойындарына қатысу. Мұнда Шымкент командасы басты фаворит саналады. Сондай-ақ келесі жылы қысқы Олимпиададан жүлде алсақ деген ойымыз бар. Фристайл акробатика сайысы бойынша үміткеріміз де жоқ емес. Одан бөлек, келесі жылы өтетін ХХ жазғы Азия ойындарына дайындықты қазірден бастап кеттік. Жалпы, Шымкент қаласында спорттың дамуына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Ең бастысы, спорттық инфрақұрылым мен жоғары спорт шеберлігін шыңдау арқылы мегаполис өрендері халықаралық ареналарда табысты өнер көрсетіп келеді», деді Е.Дәрменов.