
Кен орнының оңтүстік бөлігінің толық интеграциясы арқылы КАТКО жылына 4 мың тонна уран өндіру көрсеткішіне қол жеткізуді көздеп отыр. Жоба 2021 жылы егжей-тегжейлі жобалық мақұлдаудан өткен. 2023 жылы жаңа зауыттың құрылысы басталып, үшжылдық қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Жоба аясында гидротехникалық желілер, асфальт және қиыршық тасты жолдар, электр желілері, жаңа трансформаторлық қосалқы станса салынды.
«Оңтүстік Төртқұдық» жобасы өңірге айтарлықтай экономикалық пайда әкеліп, қызметкерлердің тұрмыс жағдайын жақсартты. Құрылыс кезінде жергілікті мердігерлерге қосымша жұмыс орындары ашылып, бір уақытта орта есеппен 600 адам жұмыс істеді.
Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге, «KATКО» компаниясының бас директоры Паскаль Бастьен, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, Атом энергетикасы жөніндегі мемлекеттік агенттік төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин, «Orano Mining BU» компаниясының бас директоры Кзавье Сан-Мартан Тийе және өзге де тұлғалар қатысты.
«Қазатомөнеркәсіп» – табиғи уран өндіру саласында елімізде ғана емес дүниежүзінде көшбасшы компаниялардың бірі. Түркістан облысында аталған компанияға қарасты 10 табиғи уран өндіріс орны жұмыс істейді әрі 1 компания барлау жұмыстарын, 1 компания электр энергиясын тасымалдау қызметін атқарады.
«Бұл жоба өндіріс пен ішкі, сыртқы нарықты жоғары сапалы уранмен қамтамасыз етеді, жаңа технологияларды енгізу арқылы уранды өндіруге бағытталады. Инвестициялық жобаның қуаттылығы – жылына 2 000 тонна уран өңдеу, құйылған инвестиция құны 74,7 млрд. теңгені құрады. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Облыс әкімдігі тарапынан аталған өндіріске 6 мың гектарға жуық жер телімі бөлінді және барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жалғасады», деді жобаның маңызына тоқталған облыс әкімі.
«Қазатомөнеркәсіп» басшысы Мейіржан Юсуповтың айтуынша, «Оңтүстік Төртқұдық учаскесінде өңдеу зауытының іске қосылуы тек «КАТКО» үшін емес, еліміздің бүкіл атом өнеркәсібі үшін де маңызды оқиға. «Қазатомөнеркәсіп» пен «Orano» арасындағы ұзақмерзімді стратегиялық серіктестіктің нәтижесі. Сондай-ақ жаңа өндіріс орнының ашылу салтанатында уран саласында жемісті еңбек етіп жүрген азаматтар марапатталды.
Айта кетейік, «KATKO» – Түркістан облысындағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі. Компания 1 300 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, олардың 70%-дан астамы еліміздің оңтүстігінде және 52%-дан астамы Созақ ауданында тұрады. Компания қызметкерлерінің 99%-ы ел азаматтары.
Түркістан облысы