
Design Educates Awards – сәулет дизайны саласындағы беделді марапаттардың бірі. Сәулетші Равиль Нұрғиса жасаған заманауи киіз үй үздік архитектуралық жоба ретінде бағаланып, оның мәдени құндылығына мән берілген.
Өз жұмысында сәулетші ұлттық дәстүр мен заманауи идеялардың үйлесімін айшықтауға, көшпелілердің дәстүрлі шаңырағын заманауи экологиялық технологиялармен барынша үйлестіруге тырысқан. Ықшам әрі ыңғайлы киіз үйдің ауданы 25 шаршы метрді құрайды. Шағын үйде ас ішу, жатын орындары, жұмыс істеу және гигиеналық бөлме бар. Жиналмалы жиһаздар бір сәтте үйдің ішіне сән беріп тұрса, қажет жағдайда жинастырып, бос кеңістікті барынша пайдалануға болады.
Заманауи технологиялармен жабдықталған қазақ үйде суды биологиялық тазарту жүйесі қондырылған. Қозғалмалы телескоптық панельдер арқылы ауа райының құбылмалы кезінде үйдің қабырғасы мен төбесін ашып, жабуға болады. Күн батареяларынан 5,3 квт энергия тарайды. Бұл тұрмыстық техникаларды тиімді пайдалануға ыңғайлы.
АЛМАТЫ