Заң мен Тәртіп • Кеше

Жыл басынан бері 43 қару тәркіленген

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің көліктегі полиция қызметкерлері жыл басынан бері мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықтың жолын кескен. Бұл жөнінде Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Жыл басынан бері 43 қару тәркіленген

Фото: pixabay.com

Ведомствоның мәліметінше, тек елорда әуежайында жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде биылғы алты ай ішінде 34 мыңнан астам әуе рейсі мен 4,3 миллионнан астам жолаушы тексерілген. Осы жұмыстар барысында 100-ден астам тыйым салынған заттар мен бұйымдарды заңсыз алып өту әрекеттері әшкереленіп, 53 қылмыс пен 1348-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Сонымен қатар, 43 бірлік атыс және суық қару тәркіленген.

Көліктегі полиция департаменті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, әуе және теміржол көліктеріндегі қоғамдық тәртіп пен жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

Департамент бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың айтуынша, 2025 жылдың басынан бері көліктегі полиция қызметкерлері 20 миллионға жуық жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Оның ішінде 11 миллионнан астамы теміржолмен, 8,9 миллионнан астамы әуе көлігімен қатынағандар.

Мәселен, Астана қаласының халықаралық әуежайы арқылы алты ай ішінде 4,3 миллионнан астам жолаушы қатынаған. Оның 2 997 981-і ішкі, 1 376 954-і халықаралық бағыттағы рейстер жолаушылары.

«Көлік нысандарын заңсыз араласу әрекеттерінен қорғау – әрдайым өзекті мәселе. Сондықтан құқық қорғау қызметкерлері құқықбұзушылықтың алдын алу мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп отыр», деді Айтуғанов.

Осы мақсатта департамент пен оның аймақтық бөлімшелері «Құқықтық тәртіп», «Көліктегі қауіпсіздік», «Мигрант», «Қара сора» секілді профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Бұл науқандар қылмыстың алдын алуға, сондай-ақ көлік саласындағы тәртіп пен халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған.

«Біздің басты мақсатымыз – әр азаматқа, соның ішінде жолаушылар мен көлік инфрақұрылымы қызметкерлеріне өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінетін орта қалыптастыру. Құқықбұзушылықтарға қарсы сенімді жүйе құру – біздің басымдық», деп атап өтті Айтуғанов.

Айта кетерлігі, бүгінде департамент жұмысына заманауи цифрлық шешімдер белсенді енгізіліп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен қылмыстың ізін суытпай ашуда қызметтік-іздестіру иттері де кеңінен қолданылып келеді.

«Біз әрдайым жедел жағдайды талдап, тәртіп сақшыларын қылмыс қаупі жоғары аймақтарға жібереміз. Тұрақты түрде рейдтер өткізіледі. Жыл басынан бері 48 мыңға жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көліктегі полиция департаменті құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы нысандарында қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатындағы алдын алу шараларын кешенді түрде жалғастырып жатыр», деді департамент бастығының бірінші орынбасары.

Еске сала кетейік, 2025 жыл – Ішкі істер министрлігі тарапынан «Құқықбұзушылықтың алдын алу жылы» деп жарияланған. Негізгі мақсат – қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алып, оған жол ашатын себептер мен жағдайларды жою. Полиция «Заң мен тәртіптің» берік қорғаны болуға ұмтылып келеді.

Соңғы жаңалықтар

Инклюзивті кофехана көпке үлгі

Аймақтар • Бүгін, 10:40

Әлібидің жарқын жеңісі

Жекпе-жек • Бүгін, 09:40

Құтқарушылардың қоныстойы

Құтқарушы • Бүгін, 09:20

Уран өңдеу зауыты іске қосылды

Аймақтар • Бүгін, 09:10

Қоқыс импорттайтын мемлекет

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:50

Төрт жылда бір келетін мүмкіндік

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:40

Бирма жазуының сыры

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Жұмбақ Ницше

Мың бір мысал • Бүгін, 08:25

Заманауи киіз үй

Өнер • Бүгін, 08:05

Экобуккроссинг сөресі іске қосылды

«Таза Қазақстан» • Кеше