
Оның айтуынша, мемлекеттік бюджет инвестициясы 61,7 млрд теңге, жекеменшік инвестиция 170,6 млрд теңге болды. Биыл 1 трлн теңгеден астам инвестиция тарту жоспарда бар. Ол былтырғы көрсеткішке қарағанда 38%-ға артық болмақ.
Шаһарда құны 1,9 трлн теңгеден асатын 190 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жобаларды 2029 жылға дейін іске асыру көзделген. Нәтижесінде, 26 мыңдай адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады. Биыл сол инвестициялық жобалардың 51-і қолға алынады. Соның аясында төрт мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілмек. Қала әкімдігі бүгінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға көп күш салып жатыр. Сондықтан алдағы төрт жылға инвестициялық жобалардың пулын қалыптастырды. Оған 115 жоба кіріп отыр. Оларды жүзеге асыру арқылы 9 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
Инвестициялық жобалар пулының жалпы құны – 541,2 млрд теңге. Соның ішінде биыл инвестициялық жобалар аясында 22 жаңа кәсіпорын бой көтереді. Ол үшін 80 млрд теңгеге жуық инвестиция жұмсалады. Ал жұмыспен қамтылғандар саны 1,2 мың адамға жетеді. Инвестициялық жобалар аясында «Shymkent Dehui Gelatin Ltd.» – желатин, «Sauran Bricks» – автоклавты газдыбетон, «Marvik Partners» – тоқыма емес материалдар, «КазТермоПласт» – полимерлі құбырлар, «Шабитекс» – мақта-мата, аралас және киімге арналған маталар, «ПолиТрейд Казахстан» – полимерден жасалған бұйымдар, «Оңтүстік ғимарат құрылыс компаниясы» – асфальтбетон қоспасын, тауарлы бетон мен темірбетон бұйымдарын, «Cleans Fabric» – ылғалды майлық, «Ontustik qagaz kompaniasy» қағаз бен картоннан жасалған бұйымдар өндірісін өрістетпек.
Сонымен қатар «Qz chemical impex» зауытында – минералды және органикалық-минералды тыңайтқыштар, «AnDa Company»-да – биофармацевтикалық тауарлар, «QazAlPack»-те – алюминий қаптамасындағы ыдыстар, «BS Group»-та – мырышталған құбырлар, «Shymkent Temir»-де – метал бұйымдары, «QazTurkMinerals»-та – минералды және органо-минералды тыңайтқыштар, «СтройПрогресс-2007»-де – темірбетон өнімдері, «Рахат-Шымкентте» – жаңа газды пешпен вафель тәттілері, ЖК «Алиде» – ойыншықтар, «ZeineP»-де – бір реттік медициналық төсектік орын жабдықтары, «City Block»-те – битум және «MEGA SMART B2B» ЖШС-да металл бұйымдары шығарылмақ. Бұл ретте ағаш өңдеу цехын кеңейтіп, өндіріс қуатын арттырғалы отырған «KAZAKHSTAN WOODEN DRUMS» фирмасын да атап өткен абзал.
І тоқсандағы статистика бойынша Шымкентте кәсіпкерлікпен айналысатын субъекті саны 138,8 мыңды құрады. Өткен жылдың үш айымен салыстырғанда бизнесті кәсіп еткен азаматтар 7%-ға өскен. Былтыр жыл соңындағы есепке сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 250 мыңдай адамға жетсе, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 4,8%-ға артыпты. Былтыр мегаполисте шағын және орта бизнес өкілдері 3 трлн 487 млрд теңгенің өнімін өндірген. 2023 жылға қарағанда оның көлемі 30,4%-ға ұлғайған. Шымкенттің жалпы өңірлік өнімінде ШОБ үлесі 54,8%.
«Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» Үкіметтің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №754 қаулысына сәйкес «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында кәсіпкерлікті қолдауға 2025 жылы 20 млрд теңге бөлінді. Биыл қаңтар-наурызда 1385 жобаға 2 млрд теңгеге жуық қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде банк несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, банк несиелерін ішінара кепілдендіру секілді қолдау тетіктері бар. Сондай-ақ 2022–2024 жылдарға арналған «Іскер қала» іс-шара жоспары аясында міндеттемелерді өтеуге бюджеттен биылға 100,4 млн теңге қаржы қарастырылды. Осы аталған өңірлік бағдарлама шеңберінде қаңтар-наурыз айларында 10,2 млн теңге субсидия және өндірістік алаңдардың жалдау ақысын өтеуге 17 млн теңге қаражат бөлінді. Қазір Шымкентте шағын өнеркәсіп алаңдарын құру қарқынды жүріп жатыр. Осы мақсатқа орай 22,2 млрд теңге инвестиция жұмсалды.
«Қалада үш шағын өнеркәсіптік аймақ бар – «Orda NS Building», «Standard Steel KZ» және «Энерготранс-3» серіктестері. Үшеуінің орналасқан жері 76 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Шағын өнеркәсіптік аймақтардың бірінші кезең құрылысына 9,8 млрд теңге бөлініп, биылғы ІІ тоқсанда 45 мыңға жуық аумақтың құрылысы аяқталды. Кәсіпорындар шоғырланған шағын аймақтар құру арқылы 150-ден астам жаңа өндіріс орындарын ашу, 500 адамды жұмыспен қамтып, бюджетке 1 млрд теңге салық табысын түсіру көзделіп отыр. Қалада бөлшек сауда көлемі де ұлғайып келеді. Мәселен, биылғы үш айда саладағы табыс 222 млрд теңгеден асқан. Жыл соңына дейін көрсеткішті 1 трлн теңгеден асырсақ деген жоспарымыз бар. Бұл мақсатқа жаңадан ашылатын 8 сауда, ойын-сауық орталығы, 11 сауда үйі, 10 жаңа сауда нүктесі және базарларды жаңғырту есебінен қол жеткіземіз деп отырмыз», дейді басқарма басшысы Б.Әзімбердиев.
Айтуынша, мегаполисте көтерме сауда көлемі 3 трлн теңгеден асқан. Ал жалпы мегаполистің сауда саласының табысы 5,3 трлн теңгеге жетіп жығылды. Шымкент республикалық үлкен қала болғандықтан, мұнда сауда-саттық пен өндіріс саласы жылдан-жылға дами береді. Қаланың адам капиталы күші мен инвестициялық мүмкіндігін ескере келе, жергілікті атқарушы билік қайта өңдеу өнеркәсібін өркендетуге бел байлап отыр. Әсіресе тұрмысқа қажетті қарапайым заттар мен экспортқа негізделген инновациялық технологияларға басымдық берілмек. Келешекте Шымкент өндірістік шаһарға айналуға тиіс. Оған мегаполистің мүмкіндігі толық жетеді. Тиісті инфрақұрылымдық жағдай да жақсы жасалып келеді дейді шенділер.
Маман айтып өткендей, бүгінде қалада орналасқан базарлар қайта жаңғыртылып жатыр. Шымкентте 19 базардың 10-ы – әмбебап, қалғаны арнаулы сауда орындары. Базарларды қайта құру заңға сәйкес жүзеге асып жатыр. «Сауда қызметін реттеу туралы» заңның 10-бабының 2-3-тармағы базарларды құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестендіруді және модернизациялауды талап етеді. Осы ережеге сай қала аумағындағы 19 базар модернизациялануға тиіс. Осы күнде шаһардағы «Бекжан», «Шымкент Тұлпар», «Алаш», «Исатай (Алатау)», «Акбар», «Самал», «Ынтық ата», «Барыс», «Көктем», «Жібек жолы», «Көмеш бұлақ», «Нұр Сайрам», «Дархан», «Айна», «Жаңа шахар» базарларында жаңғырту жұмыстары аяқталған. Қалған 4 базардағы («Авто Нұр», «Қырғы базар», «Назым апа», «Жабық базар») модернизация жыл соңына дейін тәмамдалады.