Әдебиет • Кеше

«Адай» мен «№40 симфония»

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еуропалық өркениет XX ғасырда өрге жетіп, рухани ізденістер бәсеңдей берді. Тіпті «қуыс кеуделер уақыты» атты термин туып, адамдар тұс-тұстан жаңа серпін күтті. Рух жарықшағын іздеді. Осы кезеңде Моцарттың «№ 40 симфония» шығармасы еңкейген елдің еңсесін тіктеуге едәуір үлес қосты.

«Адай» мен «№40 симфония»

Шығарма 1788 жылдың 31 шілдесінде аяқталған. Моцарт өмірінің соңын­да туындыға жаңа бұры­лыстар қосып, жандандыра түскен. Елеулі шы­ғар­ма ком­позитордың жеке өмірі алақұйын болып жүрген мезетінде туса да, миллиондаған тың­дар­манға рухты әсер сыйлады. Тіпті «Боран мен бұр­қасын» әдеби романтикалық қозғалысына ықпал етіп, өнер ортасында танымалдылыққа ие болды. Туындының алғашқы бөлімі «барынша жылдам» (molto allegro) сазда ойналып, бірде мелон­холиялық жеңіл сарынға ұласады. Өнер зерт­теушілері шығарманың осылайша күрделі көңіл күйді еңсеруге, әрі уайымнан шығуға фантас­тикалық шұңғыма әсермен дем беретінін айтады.

Эйнштейн ерек туындыға арнайы еңбек арнап, баға берген. Аңыз физиктің сөзінше, «батырлық һәм үміт­сіздік» еңбегі көкейдегі көп сұрақтың күрделі күр­меуін шешеді. Әрі «№ 40 симфония»-ның кө­лем-пішімі өзгеше, ешкімге ұқсамайды. Ал жазу­шы Лев Толстой «Соғыс пен бейбітшілікте» кейіп­кер­лерінің тынысын ашуда музыкаға қатысты диалог­терді жиі қолданған. Романда ұшырасатын сантүрлі пікірлер арқылы жазушының Моцарт пен оның шығармасына деген терең құрметті бай­қауға болады.

Сонымен, «№ 40 симфония» Еуропа рухы­ның бірегей қозғаушы күшіне айналды. Ал Құрманғазының «Адай» күйі ұлттық рухымыздың жаршысы. Алғашқы ұлт-азаттық көтерілістің алауы тұтанып, азаттық үшін арпалыс уақыты соққанда арда күй ел жігерін еселегені даусыз. Тек бір кезеңнің ұрпағы ғана емес, бергі неше ұрпақтың көкейіндегі еркіндік құсын оятып, сана шідерін үзгені анық. Ахмет Жұбанов «Ғасырлар пернесі» кітабында елеулі болжам айтады.
«...Адай руы Исатай көтерілісінде көзге түскен болатын. Жоғарыда айтылған Сағыздан келіп Исатайға қосылған қолдың ішінде адайлықтар көп болатын. Біздіңше, Құрманғазы Адай руы атын жалпылама ұғымда алып, еркіндік сүйген елінің қайтпас күшіне арнап шығарған болу керек». «Адай» – тұтас қазақ ұлтының ар-намысын, азаттық құмарлығын, бодандыққа бағынбас қайсарлығын, еңкеймес рухын бейнелер бірегей туынды. Кейде тас тірлік тұтқасы жағадан алғанда, өзімізге оралу үшін дүлей күйді тыңдап, рух шақыратынымыз бар. Жұмекен ақын «Құрманғазы. Адай» жырында күйдің өзі ­болып сөйлеген, тіл бітірген.

Екі ішек: бірі бостау, қатты бірі,

бес саусақ беретіндей ат дүбірін.

Қүйшінің қатты ішекте қайраты өсіп,

екінші бостау ішекте ақты мұңы.

Көк ала дүрмек болып ағады ағыс,

шаңқылдап шықты биік шағала-құс.

Ең соңғы жармасқаның жұлынғандай

қарайсың жанталаса жағаға алыс...

Бақсақ, қос композитор – Құрманғазы мен Моцарт­тың өмір соқпағы оңайға түспеген. Тарих­тан белгілі, Моцартты қалың дұшпаны анталап, қызылкөз Сальери қызғаныштың қызыл итін қосып тәл­кек еткен. Ақыры небәрі 35 жасында жасы­рын берілген у себебінен қыршын ғұмыр үзіл­ген деседі. Ал Құрманғазының аттың жалында, атанның қо­мында өткен зобалаңға толы ғұмыры күй атау­лары­нан-ақ белгілі. «Кісен ашқан», «Түр­меден қаш­қан», «Қайран шешем» күйлері тағдырдың түрлі тақ­сіреті тұсында туған шемен-шерге толы туындылар.

Екі тұлға, мәңгілікке беттеген екі шығарма. Бұл атам заманғы өркениеттер үндестігінің бір жұрнағы ғана.