
ҚазҰУ-де Хайнань провинциясының Қытай халық саяси кеңесінің комитеті (ҚХСКК) делегациясымен өткен кездесуде спутниктік жерүсті стансасын орнату және орын таңдау туралы келісімге қол қойылды.
ҚазҰУ-дың басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов былтыр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытай Халық Республикасының Солтүстік-батыс политехникалық университеті микроспутник арқылы ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша келісімге қол қойылғанын атап өтіп, аталған келісім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға ресми сапармен келген ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бірлескен мәлімдемесінде қол жеткізілгендігіне тоқталды. Қазіргі кезде ғалымдар СБПУ-дағы әріптестермен бірлесіп Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы университеттік микроспутник болып табылатын NKSAT жобасын әзірлеп жатыр.
Жалпы құны 3 миллион долларды құрайтын жоба аясында ҚазҰУ аумағында Хайнань спутниктік деректер орталығы және СБПУ-мен бірлесіп жерүсті станциясын орнату жоспарлаған. Станса Х-диапазонда жұмыс істеп, басқа елдердің спутниктерінен де сигнал қабылдап, өңдеуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Хайнань провинциясы ҚХСКК төрағасының орынбасары Ли Голян Хайнань спутниктік деректер орталығының жерүсті стансасын құру тараптар арасындағы серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.
Өзара келісім негізінде ҚазҰУ-дағы Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы базасында жерүсті қабылдау стансасын орнату бойынша бірлескен жұмыстар іске асады. Жоба Қазақстанмен шекаралас аумақтарда спутниктік деректерді тарату, алмасу және тиімді пайдалану мүмкіндігін арттыруға бағытталып отыр.
Алматы