
ЕО жоспарына сәйкес, салық салынуы мүмкін өнімдердің жалпы құны 100 млрд еуроны құрайды. Бұл АҚШ-тың Еуропаға жыл сайын экспорттайтын 335 млрд еуро көлеміндегі тауарларының үштен біріне жуығы. Салық енгізілуі мүмкін негізгі өнімдер қатарына Boeing ұшақтары, америкалық автокөліктер мен «бурбон» вискиі кіреді.
Еуроодақтың бұл әрекеті АҚШ билігінің 1 тамыздан бастап ЕО елдерінен келетін тауарларға 30% баж салығын енгізуі мүмкін деген мәлімдемесіне жауап ретінде қарастырылып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, егер АҚШ тарифтерді расымен енгізсе, бұл жаһандық сауда қатынастарына кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар ЕО елдері 2023 жылы қабылданған Экономикалық қысымға қарсы құрал (ACI) аясында да бірқатар жауап шараларын қолға алуы ықтимал. Атап айтқанда, АҚШ технологиялық компанияларына салық салу, америкалық инвестицияларға шектеу қою және америкалық компаниялардың Еуроодақ нарығына кіруін шектеу қарастырылып жатыр.
Дегенмен ЕО-ға мүше мемлекеттердің басым бөлігі АҚШ-пен келіссөздерді жалғастыруды, дағдарысты бейбіт жолмен шешуді қолдайды.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Қазақстаннан импортталатын кейбір тауарларға да 25% баж салығын енгізген болатын. Алайда Үкімет бұл шара Қазақстан экспортының 95%-ына әсер етпейтінін мәлімдеді.
Сондай-ақ 23 шілдеде АҚШ пен Жапония жаңа сауда келісіміне қол жеткізді. Келісім аясында АҚШ жапон тауарларына 25%-дың орнына 15% тариф енгізсе, Жапония америкалық өнімдерге өз нарығын кеңейтуді және АҚШ экономикасына 550 млрд доллар көлемінде инвестиция салуды мойнына алды.