
Басқосуда азаматтық авиацияны дамыту, жолаушылар мен жүк тасымалының өсу қарқыны, жаңа бағыттардың ашылуы, әуежай инфрақұрылымын жаңарту, сонымен қатар ұлттық жүк авиатасымалдаушыны құру бастамасы жан-жақты талқыланды.
Премьер-министрдің айтуынша, елдің географиялық орналасуы – транзиттік және жүк тасымалдау саласында үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Осы әлеуетті тиімді пайдалану үшін елде авиация саласын кешенді дамыту көзделіп отыр.
– «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды аймақтағы жетекші авиациялық хаб ретінде күшейту міндетін қойды. Қазір әуежай инфрақұрылымын және ішкі тасымалдарды дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде жүк авиатасымалдаушыны құру – негізгі жобалардың бірі. Оны жүзеге асыру транзиттік жүк ағындарын Қазақстанға қарай бұруға мүмкіндік береді және жүк авиатасымалы нарығындағы біздің ұстанымымызды күшейтеді», деді Премьер-министр.
Көлік министрлігінің дерегі бойынша, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында отандық авиакомпаниялар 7,2 млн жолаушы тасымалдаған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6%-ға көп. Сонымен қатар елдегі әуежайлар арқылы қызмет көрсетілген жолаушылар саны 14,4 млн адамға жеткен.
Қазір ішкі авиатасымалдар аптасына 849 рейс жиілігімен 61 бағыт бойынша орындалуда. Бұл ішкі туризм мен өңірлік байланыстың артып келе жатқанын айғақтайды.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, кейінгі жылдары елімізде 20 ұшу-қону жолағы мен 19 әуежай терминалы реконструкцияланған. Түркістан қаласында жаңа әуежай салынды. Биыл әуе кемелері паркін 16 бірлікке толықтыру жоспарланып отыр, соның алтауы қазірдің өзінде сатып алынған.
Жалпы алғанда, 2030 жылға дейін еліміздің әуе флоты 221 ұшаққа дейін жеткізіледі. 2025 жылы 36 жаңа бағытты ашу әрі қайта жаңғырту көзделген.
Инвестициялық жобалар шеңберінде авиация саласына шамамен 2,9 млрд доллар тартылмақ. Бұл қаражат Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі мен Арқалық сияқты туристік аймақтарда жаңа әуежай салуға, 10 ұшу-қону жолағын және 10 терминалды қайта жаңартуға, арнайы техника паркін жаңартуға бағытталады.
Жиынның негізгі тақырыптарының бірі – елімізде ұлттық жүк авиатасымалдаушыны құру. Бұл бастама әлемдік нарықтағы жүк тасымалы көлемінің үнемі артып келе жатқанымен байланысты.
Бүгінде әлем бойынша әуе жүк тасымалының көлемі 57,7 млн тоннаны құрайды. Осы көлемнің 15%-ы Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы өтетінін ескерсек, бұл нарыққа белсене қатысу еліміздің транзиттік әлеуетін арттырары сөзсіз.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, жоба бірнеше кезеңмен жүзеге асады:
«Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, бастапқы кезеңде үш әуе кемесін жалға алып, кейіннен флотты он бірлікке дейін кеңейту көзделіп отыр. Ұлттық жүк авиатасымалдаушының алғашқы рейсі 2026 жылдың басында жүзеге асады. Жоба өзін-өзі ақтауы үшін отынмен қамтамасыз етудің кепілдендірілген көлемі қарастырылып жатыр», деді ол.
Премьер-министр бұл жобаны іске асыруда дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.