Үкімет • Кеше

Медицина қызметкерлерінің құқы мен қауіпсіздігі хақында

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту және денсаулық сақтау мекемелеріндегі қауіпсіздікті арттыру туралы тапсырмаларының орындалу барысы туралы жиын өткізді.

Медицина қызметкерлерінің құқы мен қауіпсіздігі хақында

Оған Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов және Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова қатысты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері елімізде дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелерге және басқа да денсаулық сақ­тау қызметкерлеріне жасалған шабуыл­дардың 170-тен астам фактісі тіркелген.

Денсаулық сақтау министрі хабар­лағандай, дәрігерлерге жасалған шабуылдарды құқық қорғау органдары қызмет­кер­лерінің жеке басына қауіп төндіру әрекетімен теңестіру, сондай-ақ медиктерге смарт-бейнежетондар беру, ауруханаларда кешенді күзет жүйелерін енгізу, қабылдау бөлімшелерінде тәулік бойғы полиция бекеттерін орналастыруды көздейтін бірқатар заңнамалық түзетулерді дайындау басталған.

Олжас Бектенов медицина қыз­меткерлерінің қауіпсіздігін қамта­масыз етудің маңыздылығына назар аударды.

«Мемлекет басшысының тапсыр­масының орындалуын қамта­масыз ету қажет. Дәрігерлерге шабуыл жасалған мұндай оқиғалар құқық­тық әдістермен қатаң түрде тоқта­тылуы керек. Осыған байланысты денсаулық сақтау, ішкі істер, әділет министр­ліктеріне он күн мерзім ішінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны үшін қылмыстық жаза қарастыру бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеп, енгізуді тапсырамын»,  деді Премьер-министр.

Ішкі істер министрінің мәліметінше, ауруханалар мен перинаталдық орталық­тардың қабылдау бөлмелерінде тәулік бойғы полиция бекеттері қойылған. Барлығы 115 денсаулық сақтау нысаны қорғауға алынды. Кикілжіңдерге жедел ден қою мақсатында маршруттық патрульдер көрсетілген мекемелерге жақын орналас­тырылды. Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жекелеген шаралар қабылданды.

Бұдан бөлек, халық арасында профи­лактикалық әрі түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.