Өшпес даңқ • Кеше

Тағдырдың жолы сан тарау

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Майдан даласында табысып, шаңырақ көтерген Лидия мен Ақылбек Қиықовтар – 61 жыл тату-тәтті ғұмыр кешіп, еліне еңбегі сіңген адамдар. Өнегелі өмір жолдары да кісі қызығарлық.

Тағдырдың жолы сан тарау

Гвардия старшинасы­ Ақылбек Қиықов – Бір­жан сал ауданына қа­рас­ты Құдықағаш ауылының ту­масы. 1941 жылдың тамыз айын­да ­20 жасында өзі сұранып майдан даласына аттанған. Ал­ды­мен Қарағандыдағы қысқа мер­зімді атқыштар даярлай­тын курста оқыпты. Ақмолада жа­ңадан жасақталған 29-дивизия­ның 294-атқыштар полкіне қа­былданып, Сталинград, Тула, Киев, Курск маңындағы қиянкескі шайқастарға қатысқан. 1942 жыл­дың наурыз айында ажал аңсаған қорғасын оқ жаңбырша жауып тұр­ған майдан даласында жара­ланып, емделіп шық­қаннан кейін қайтадан жасақталған 87-ат­қыштар дивизиясының 1378-пол­кінің құрамында Сталинград қаласын қорғауға жіберіледі.

Екінші дүниежүзілік соғыс тари­хындағы ең шешуші бұл шайқасқа немістер бар күшін салып, 30 дивизиясын, 500 тан­кі­сін жұмылдырғаны белгілі. Ал Верхнекомский хуторы ма­ңындағы ұрысқа алғаш рет «Тигр» танкісі қатыстырылды. Фа­­шистердің ондағы көздеген мақ­­саты Сталинград түбінде қор­­шау­да қалған фельдмаршал Паулюс­тің армиясына жол ашу еді. Ба­сымдыққа ие болу үшін екі жақ та бар күш-жігерін сар­қа жұм­сап, алуан түрлі айла-тәсілдерін қолдануға тыры­сып­ бақты. Сталинградтан шама­мен 40 шақырым жердегі Вер­хнийкомский хуторы маңындағы сұрапыл шайқаста 1358 атқыштар және 55-танк полкі ентелеп келген жаудың жолын бөгеп, қарыс қадам кейін шегінбей, бекіністі ұстап тұрды. Сталинград шайқа­сы жайында офицер артеллирист, жазушы Юрий Бондарев «Горячий снег» романын жазды, кейін фильм де түсірілді. Өкі­нішке қарай, осы шайқаста кеңес жауынгерлері көп шығынға ұшырады.

– Әкемнің бөлімшесі үш айдай қоршауда қалып, әрең дегенде бұзып шығып, кеңес жауынгерлеріне қосылған екен, – дейді Біржан сал ауданының құрметті азаматы Қайыргелді Қиықов. – Осы ұрыста қаза тапқан 960 жауынгер жер­ленген бауырластар зиратындағы тізі­мінде 210-нөмірмен әкемнің аты-жөні тайға таңба басқандай әлі күнге дейін жазулы тұр. Бұл ақпаратты біз 2016 жылы ғана білдік. Қызым Жанар соғыста хабарсыз кет­кендерді іздестіріп жүргенінде атасы жайлы осы мәліметті тап­қан. Алға­шын­да бәріміз қайран қалдық. Майданнан елге аман-есен оралған әкей дүниеден өткен­ше өзінің бауырластар зиратында жер­ленгені туралы жалған ақ­паратты біл­мей кетті.

Старшина Ақылбек Қиықов зұлым жау­ды өкшелей қуып, қызыл әскермен бірге Днепр, Дон өзендерін кешіп өтіп, Еуропа жеріне аяқ басады. 1945 жылғы сәуір айында Эмба өзені үшін болған қиянкескі шайқаста омыртқасы мен белінен ауыр жарақат алып, Львов қала­сындағы госпитальда емделеді. Бірнеше мәрте күрделі ота жасалғандық­тан, гос­пи­тальдың бас әскери дәрі­гері жеке күтім жасау қажет деп нұсқау береді.

– Сол маңдағы әскери бөлім­шелерде жауынгер қыздар ұрыс сәл саябырлаған кезде госпитальға келіп, жаралы жауын­гер­лерді күтеді екен. Қаумалаған қалың өртке су сепкен қарлығаш тә­різді жана­шыр­лықтары ғой. Көкшелік ержүрек сарбаз Львов­тағы 183-қызылтулы зениттік ар­тиллериялық полктің аға сержан­ты Лидия Червериковамен осы ем­ханада танысады. Лидия анамыз­ болашақ өмірлік жарын жан жадыратар жылы сөзімен, мейірім тұнған жүзімен, тәніне қуат берер­ шипалы алақанымен аялап, қаншама ұйқы­сыз түнде­рін өткізген. Бейтаныс қыз­дың мейірім­ділігіне, ыстық ықыласына кө­ңілі толған Ақылбек әкеміз бір­ден ұнатып қалса керек, – дейді Қайыргелді аға.

Осылайша майдан даласында тағдыр табыстырған екі ғашық 1945 жылдың 9 мамырдағы Жеңіс күнін госпитальда қарсы алып, жараларын емдетіп жатқан сарбаздармен бірге қарапайым үйлену тойын жасайды. Соғыс аяқталған соң бірнеше ай Львовта тұрады. Кешегі майдангер балалар колониясының коменданты Лидия әже – сол жерде тәрбиеші.

Курск облысы Хомутов ауда­нын­дағы Плоское селосының тумасы Лидия Четверикова 1940 жылы педагогикалық училищені бі­тіріп, мектепте сабақ беріп жүр­ген кезінде тұтқиылдан басқыншы жау басып кіріп, елді мекені отқа оранады. Мектеп ұжымы эвакуа­цияланады. Әйтсе де, Отан ал­дындағы борышымды өтеймін деген өжет қыз майданға сұранады. Қысқа мерзімді әскери курсты тәмамдап, Воронеж майданына зенитші мерген ретінде ұрысқа кіреді. Майдан даласындағы өжет­тігі, ерлігі ескеріліп, аға сержант атағын алады. Воронеж, Львов, Курск қалаларын азат етке­ні үшін Қызыл Жұлдыз, екін­ші дәрежелі Отан соғысы орден­де­рі­мен, «Гер­манияны жең­гені үшін» медалі­мен, бас қол­бас­шы­ның грамотасымен марапатталады.

Денесінде қалған снаряд жарық­шақ­тарынан көп зардап шеккен екінші топтағы мүгедек Ақылбек әкей 1945 жылдың жел­тоқсанында туған елдің төсіне ора­лады. Қарулас серігі Лидияға Қазақстанға бірге баруға ұсыныс жасағанда келіссе керек.

– Әкей шалғайдағы Құдықағаш ауы­лына болашақ жарын ертіп келеді, – дейді ұлы Қайыргелді. – Шал­ғайдағы шағын ауылдың бар­лығы – жергілікті ұлт өкілдері. Ана­мыз ауылдастарымен тез тіл та­­бы­сып кетсе керек. Бәлкім, махаб­­баттың құдіреті шығар. Бір­те-бірте қазақтың көркем тілі мен маз­мұн-мағынаға бай салт-дәс­түрін үйренген. Кейін ислам ді­нін қабылдап, Мәриям есімін алған.

Жаратылысынан еті тірі, қо­лынан іс келетін Ақылбек Қиықов колхоз өміріне араласып, соғыстың салдарынан күйреп қалған ауыл ша­руашылығын түзету ісіне кіріс­кен. 1947–1975 жылдары Жаңар­қа селолық кеңесінің төраға­сы,­ Құдықағаш, Сәуле ұжым­шар­ларының басқарма төраға­сы­ның орынбасары, Құды­қағаш ауылындағы байланыс бөлім­ше­сінің бастығы болып жұмыс істейді. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталады.

Лидия ана зейнеткерлікке шыққанша ауыл мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Сұрапыл соғыс даласында тілегі мен ниеті бір арнада тоғыс­қан Ақылбек әкей 85 жыл, Лидия әжей 88 жыл ғибратты ғұмыр кешті, перзенттерін тәр­биелеп өсірді, немерелерінің маң­дайынан сүйді. Майдангерлердің бар болмысы, кісілік келбеті, өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа ғибратты үлгі боларлық.

 

Ақмола облысы,

Біржан сал ауданы