Өшпес даңқ • Кеше

Партизан қозғалысының қаһарманы

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жер жүзін тітіреткен соғыстың алауы сөнгеніне биыл 80 жыл толды. Ерлік пен елдік сынға түскен сәтте жасанған жауға қарсы тұрған қаһармандар қатары да жыл өткен сайын сиреп барады.

Партизан қозғалысының қаһарманы

Сұрапыл соғысқа Сыр өңірінен мың­даған азамат аттаныпты. Оқ-жалыннан аман оралғандары елге келіп, қи­раған тіршілікті қалыпқа кел­тіруге тырысты. Солардың бірі кезінде жау тылына те­рең­дей еніп, талай қауіпті са­пардан аман оралған Давид – Дәуітбай еді. Еңгезердей қазақ баласының ер­лігіне сүйсінген қаруластары оны «партизан Давид» атандырыпты.

Қазір майдангерлер өмі­рін зерт­теп жүрген жергі­лікті өлке­тану­шы Жұмабай Байзақұлы майдангер Дәуіт­­бай Байдәу­ле­товтің 1917 жы­лы Перовск уезі Кеңтүп бо­лы­­­сында дү­ниеге келгенін жазады. Өлке­танушының дерегінше, пар­­­тизан тұрған Қоғалыкөл ауы­лы­­ның өзінен 600-ден аса адам май­­данға аттаныпты. Алғашқы лекте­ барған Дәуітбай жау тылына тұт­­қиылдан ша­буыл жасап, дұш­­­­панға үл­кен шығын келтірген атақ­­­ты С.Ковпак бастаған парти­зан­­­дық қозғалыстың өкілі атанған екен.

Жерлесіміздің жанқияр­лық ерлігі белгілі журналист Л.Монас­­тыр­скаяның осыдан он шақты жыл бұрын «Прикаспийская ком­муна» газетінде жарық көрген «Ратный подвиг казахстанцев» атты мақаласында да аталып өті­леді. «В партизанском соединении дважды Героя Советского Союза Сидора Артемьевича Ковпака, совершившего пять боевых рейдов по глубоким тылам врага общей протя­женностью более 10 тыс. км, в том числе от Путивля до Карпат, в борьбе с оккупантами неоднократно отли­чался казах Д.Бай­дау­летов из Кзыл-Ор­динской области. За проявленное му­жество в ­­пя­ти­ крупных опера­циях в 1942 г. 17 марта 1943 г. он был награжден медалью «Пар­­ти­зану Отечественной войны» I-й ­степени, а за отвагу в по­следую­щих боях Указом Президиума Верхов­ного Совета СССР от 5 января 1944 г. он награж­ден орденом «Отечественной вой­ны II-й степени» деген жолдар Сыр бойынан барған азамат­тың соғыс­ соқпағын сурет­тейді. Осы мақа­лада пар­ти­зан­­­дар құрамында өзге де қа­­зақ­­­­стандық сарбаздармен бір­ге қан­­­шама қауіпті тапсыр­ма­ны тап-тұйнақтай орындап, со­ғыста ерлігімен ерекшеленген қа­за­­­лылық Рысмағамбет Ибра­­­ги­мов туралы да жазылыпты.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан май­дан­герлер жайлы «Бес­арықтан Берлинге дейін», «Қоғалыкөл қаһармандары» атты қос кітап шығарған өлке­тану­шы соғыс басталғанша Путивль қала­лық атқару коми­тетінің төр­ағасы болған С.Ковпак бастаған пар­тизандар 26 айлық күресте Украи­­наның, Ресейдің, және Бело­руссия­ның 18 облысын басып өтіп, он мың шақырым жол жүр­генін айтады. Осы уақыт ішін­де 18 мың фашистің көзі жойы­лып, 62 теміржол эше­лоны қи­ра­тылады. Жау­дың ізін аңдыған батырлар 256 көпір мен азық-түлік, киім-кешек және оқ-дәрі сақ­талған 96 қойманы, 2 мұнай кә­сіпорнын талқандапты. Екі жүз шақырымнан артық телеграф, телефон сымдарын үзіп, 50 бай­ланыс торабын, 500-ге жуық ав­токөлікті жояды.

1941 жылдың 22 қыр­кү­йегінде №1 бұйрықпен құ­рылған партизан отряды құрамында небәрі 40-қа тарта жауынгер болыпты. Көп ұзамай олардың қатары кө­бейе берген. Осы қатардағы пар­тизан Давид-Дәуітбайдың жау құрған талай тұзақтан сыты­лып шыққан ептілігі, ұрыс қимылдарын ұйым­дастырудағы батылдығы қару­ластарына үлгі болған екен.

Майданнан кейін туған ауылына оралып, еңбекке кіріскен қаһар­ман соғыс туралы сөзге са­раң бол­ған деседі. Томаға-тұйық ғұмыр кешіп 1978 жылы дүниеден озыпты.

Сын сағатта сынбаған қаһар­мандар бұрын құр­мет төрінен түспейтін. Осы Қоғалыкөл ауы­лы­ның тұрғындары да Дәуітбай ерлігін дәріптеп, «біз даңқты партизанның ауылынанбыз» де­генді мақтан тұтатын. Бірақ қазіргі ұрпақ арасынан олардың есімін де біле бермейтіндер аз емес. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайтыны рас болса, екі майданда да ерлік та­нытқан мыңдаған майдангер рухы дәуірлер өтсе де жаңғыра бе­руі керек.

 

Қызылорда