
Айтуынша, 2014 жылы пайдалануға берілген мекеме 295 орынға арналған және 18 жасқа дейінгі балаларға хирургиялық және соматикалық бағыттар бойынша шұғыл әрі жоспарлы көмек көрсетеді. Сонымен қатар мұнда штаттық кестеге сай мыңнан аса қызметкер еңбек етеді. Аурухана қазіргі заманғы медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
«Денсаулық сақтау – мемлекеттің басты басымдығы. Сол үшін де сіздердің еңбектеріңіз елеулі. Қоғамда дені сау ұрпақ өсіру үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек», деді Данабек Исабек.
Дәрігерлер өз кезегінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, өзекті мәселелерді жеткізді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы медицина қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, қалада жүрек-қан тамырлары аурулары мен қант диабетінің кең таралғанын айтып, бұл бағытта мемлекеттік деңгейде арнайы бағдарлама қабылдануы қажеттігін еске салды. «Бүгінде созылмалы аурулар жасарып келеді. Әсіресе қант диабеті мен жүрек ауруларына шалдыққандар көбейіп отыр. Бұған қарсы профилактикалық шараларды кеңейтуіміз керек», деді медицина мамандары.
Депутат мәселенің өзектілігін айтып, дәрігерлер дабылы орынды екенін жеткізді. Сондықтан бұл бағытта тиісті шаралар қабылдану керектігін атап өтті. Осыған орай Парламентте денсаулыққа қатысты мәселе көтеріп, саланы жақсартуға арналған кешенді жоспарлар қабылдануына ықпал ететінін мәлімдеді.
Сапар барысында Д.Исабек тағы бірнеше әлеуметтік нысанды аралап, тұрғындармен кездесті. Соның ішінде Асар шағын ауданының ауыл билерімен және ақсақалдарымен жүздесті. Ел ағалары депутаттың жұмысына оң бағасын беріп, заң шығарушы орган жұмысын БАҚ пен әлеуметтік желі арқылы біліп отырмыз деді. Асарда инфрақұрылым мәселесінің шешімін тауып жатқанына қуанышты екендерін білдірді. Алайда мектеп пен мәдениет үйі сияқты әлеуметтік нысандардың қажет болып тұрғанын жеткізді. Д.Исабек бұл өтінішті назарға алып, оның орындалуына күш салатынын айтты.
Бұдан кейін депутат Бозарық шағын ауданында болып, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Аталған аумақта бүгінде 5-9 қабатты оннан астам тұрғын үй салынып жатыр. Осыған байланысты биыл мегаполисте 1 млн 370 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Депутат тұрғын үй құрылысындағы бастамаларға көңілі толатынын және қала құрылысын жандандыра беру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінде болып, білім ордасында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. 90 жылдық тарихы бар лицейде көптен бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген еді. Үш ғимараттан тұратын, мыңнан астам студент оқитын арнаулы білім ұясында құрылыс жұмыстары биыл сәуірде басталған. Мердігер мекеме өкілдері құрылыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын, барлық жұмыс жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталады деп сендірді. «Жұмысты тез бітіруді ғана ойламай, сапаға да ерекше мән берген жөн. Бұл нысан партияның сайлауалды бағдарламасына енген. Сондықтан барлық жұмыс партия тарапынан ерекше бақылауда екенін айтқым келеді», деді Д.Исабек.
Сонымен бірге Д.Исабек қаладағы тағы бір №7 ІТ мектеп-лицейінің жай-күйімен танысып қайтты. 1963 жылы пайдалануға берілген 1 200 орындық бұл мектеп қаладағы көне білім мекемелерінің бірі боп саналады. Соңғы рет 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен екен. Сол себепті, білім ұясының терезе, есік, шатыры жаңартылғанымен, бәрібір ғимараттың өзі қайта жөндеуді қажет етеді. Мәселен, ғимараттардың бір-бірімен жалғанған тұстары ажырай бастаған, аула қоршауы мен спорт алаңы да ескірген. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шықпауына байланысты жөндеу жұмыстары әлі басталмаған. Д.Исабек бұл мәселені назарда ұстап, тиісті сала мамандарымен бірлесіп шешу жолдарын қарастыратынын мәлімдеді. Айта кету керек, депутат бұған дейінгі сапарында да аталған мектептің тозғанын айтып, күрделі жөндеу мәселесін көтерген болатын.
Депутаттың жұмыс сапары «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаумен жалғасты. Іс-шараға «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасарлары Бекайдар Төлегенов пен Ербол Байқонысов, қала әкімдігінің басқарма өкілдері, аудан әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Бұл күні 20-дан астам азамат депутаттың қабылдауында болды. Тұрғындар инфрақұрылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, құқық қорғау және жер мәселелеріне қатысты сұрақтарға жауап алу үшін келді. Әсіресе балалары сотталып кеткен ата-аналардың жанайқайы жұрттың құлағын елең еткізді. Олардың айтуынша, балалары есірткі тасымалдау ісімен айналысқаны үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған. Сондықтан Рақымшылық туралы заң аясында кешірім берілсін деген өтінішпен келіпті.
«Менің ұлым есірткі қылмысымен 17 жылға сотталып кетті. Заңға қайшы әрекетке барғанын мойындаймын, бірақ ол мұны білместікпен жасап қойды. Сондықтан мемлекеттен рақымшылық беруін сұраймын» деді ата-ананың бірі. Депутат сот шешіміне араласуға болмайтынын ескертті, дегенмен мәселені заң шеңберінде қарастырып көруге уәде берді.
«Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Оны барлығымыз жақсы білсек керек. Сот шешіміне ешкімнің араласуға құқы жоқ. Дей тұрғанмен, Рақымшылық туралы заңда нақты тәртіп пен талаптар бар, алдымен соны ескеріп көру қажет», деді.
Мәжіліс депутатының сапары Шымкент қаласындағы «Ізетті зейнеткер» мекемесінде жалғасын тапты. Аталған орталық «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында құрылған болатын. 2023 жылдың 1 қарашасынан бастап жұмысын бастаған мекеме – зейнет жасындағы азаматтарға қысқа мерзімде демалу мен ем алу мүмкіндігін сыйлайтын бірегей кешен. Алғашында 70 орынға есептелген бұл орталық бүгінде тиісті басқарманың жолдамасымен бір мезетте 120 зейнеткерді қабылдай алады. Мекеме ғимаратының жалпы аумағы 4 000 шаршы метрге жуық. Демалушылар үшін таза ауада серуендеуге арналған аула, жасыл алаңдар, орындықтар, су бұрқақтар мен шағын саябақ қарастырылған. Мұндай мүмкіндіктер қариялардың тынығуына, психологиялық демалуына қолайлы жағдай туғызады.
Орталықта демалушылар медициналық және әлеуметтік қызметпен толық қамтылған. Әр зейнеткер дәрігер қабылдауында болып, денсаулығына қарай арнайы емдік шаралардан өтеді. Қызмет түрлерінің ішіне физиотерапия, сумен емдеу, электромагнитті терапия, дәрілік шөп тұнбаларымен емдеу, саламатты өмір салтын ұстануға арналған таңғы емдік жаттығулар, арнайы тренажер залдары мен тұзды шахта секілді емдік шаралар кіреді. Депутат сауықтыру кешенінің жұмысымен жан-жақты танысып, қызмет сапасын бағалады. Қариялармен кездесіп, хал-жағдайын сұрап, орталықтың «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген маңызды әлеуметтік жобалардың бірі екенін атап өтті.
«Сауықтыру кешені қарттарымыздың саламатты ғұмыр кешуіне ықпал ететін маңызды орталық. Көріп отырғандай бұл жерде қарияларға жан-жақты жағдай жасалған. Мұндай үлгілі орталықтар еліміздің басқа өңірлеріне де керек екен», деді депутат.
«Ізетті зейнеткер» орталығына жолдама алу тәсілі толық цифрландырылған. Зейнеткерлер geo-shym.kz порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен тіркеліп, онлайн өтінім бере алады. Өтініш бергеннен кейін кезек ретін де электронды жүйе арқылы бақылауға мүмкіндік бар.