
Жоба «Болашақ» түлектері қауымдастығының Алматы бөлімшесінің ұйымдастыруымен өткен. Әлемнің үздік университеттерінде білім алған кәсіби мамандардың көмекке келуі – жергілікті тұрғындар үшін бірегей мүмкіндік. «Болашақ» түлектері қарапайым халықтың денсаулығын жақсартып, сапалы медициналық көмек беруді мақсат тұтады. Іс-шараның басы-қасында жүрген, негізгі ұйымдастырушы – Маңғыстау өңіріндегі «Болашақ» қауымдастығының ресми өкілі Мұрат Акинов.
Тұрғындарға медициналық көмек беруге аритмолог, онколог-гинеколог, инфекционист, эпидемиолог, эндокринолог, кардиохирург, кардиолог, оториноларинголог, мамолог, психолог, нефролог, аллерголог мамандар, яғни әлемнің үздік университеттерінде білім алған 12 жоғары санатты медицина маманы қатысқан. Мамандар небәрі екі күнде 170-тен аса науқастың диагнозын дәл анықтап, емдеу жоспарын ұсынды. Оның ішінде кардиолог 35 пациентті қабылдап, 3 науқасқа Алматы қаласында ота жасау керегін ұсынды. ЛОР дәрігер 45 пациентке, көбіне балаларға тиісті ем тағайындады. 20 пациентке ота жасауды ұсынды. Маммолог маман 25 әйелге көмек беріп, 1 пациентте қатерлі ісік барын анықтап, 3 науқасты отаға жіберді. Бұдан өзге бағыттағы мамандар да тұрғындарға дер кезінде ем тағайындап, көмек қолын созды.
Медициналық көмекпен қатар кәсіпкерлік бағыттағы кеңес жас мамандар мен кәсіпкерлердің дамуына, табысын арттыруға зор тәжірибе сыйлады. 30 жасөспірім мен жас кәсіпкерлік және мансаптық бағытта кеңес алды.
Жоба мұнымен шектелмейді, сонымен қатар өңірдің дамуына, білім саласы мен әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Мамандардың игі ісі жастарды сапалы білім алуға және елге қызмет етуге шақырады. Халық денсаулығын жақсартуға, білім беруге және кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік сыйлайтын, ұлтты сүюді насихаттайтын бағдарлама ел көлемінде жалғаса бермек деген ниеттеміз.