Қоғам • Бүгін, 09:05

Лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының туристік сала мәселелері жөніндегі тапсырмасына сәйкес Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың басшылығымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына туризм және спорт, көлік, ішкі істер, экология және табиғи ресурс­тар, су ресурстары және ирригация, денсаулық сақтау министрліктерінің және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары кірді.

Лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды

Фото ашық дереккөзден

10-12 шілдеде Алматы, Қарағанды, Жетісу және Абай облыстарына инспекциялық сапар барысында бірқатар жүйелі заң бұзушылықтар анықталды.

Жұмыс тобының мүшелері туристермен кездесулер өткізіп, Қапшағай су қоймасындағы, Алакөл және Балқаш көлдеріндегі инфрақұрылыммен танысты. Азаматтардың туристік инфрақұрылымның жай-күйіне, сервистің жеткіліксіз деңгейіне және қажетті қауіпсіздік шараларының болмауына қатысты хабарламалары расталды.

Әсіресе, жергілікті атқарушы органдар басқаратын коммуналдық жағажайлардың жағдайы ерекше алаңдау­шылық туғызды. Онда абаттандыру нормаларын бұзу, чек бермей жұмыс істейтін бизнес субъектілерінде кассалық тәртіптің болмауы, сондай-ақ санитарлық талаптар мен қауіпсіздік нормаларын елемеу фактілері тіркелді.

Инспекция қорытындысы бойынша және Президенттің тапсырмасын орындау үшін жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік жаза қолданылды:

  • туризмді дамытуға жауапты туризм және спорт вице-министріне, сондай-ақ Алматы, Қарағанды, Абай және Жетісу облыстары әкімдерінің орынбасарларына қатаң сөгіс жария­ланды;
  • Қонаев, Балқаш қалаларының, Алакөл, Мақаншы аудандарының әкімдеріне, сондай-ақ ауылдық округтердің әкімдеріне сөгіс жарияланды;
  • кәсіпкерлікке, туризмге, қоршаған ортаны қорғауға, сәулет пен саудаға жауапты облыстық басқармалардың басшыларына жазалау шаралары қолданылды;
  • экология және табиғи ресурстар, денсаулық сақтау, қаржы, су ресурстары және ирригация, сауда және интеграция, көлік министрліктерінің аумақтық бөлімшелерінің басшылары жауапкершілікке тартылды.

Жергілікті жерлерде орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен көшпелі тексерулер жүргізілуде. Тексеру қорытындысы бойынша туристік инфрақұрылымды дамытудың Жол картасы әзірленеді, онда саладағы жүйелік проблемаларды жою жөніндегі бірінші кезектегі шаралар айқындалады.

Бұдан басқа, жұмыс тобының базасында туристік қызметтердің сапасын арттыру, курорттық аймақтарды абаттандыру және жергілікті жерлерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты тұрақты негізде үйлестіретін Жобалық кеңсе жасақталды.