
Ұлт руханиятының көрнекті тұлғасы, түркі дүниесінің мақтаулы перзенті, филология ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Ататүрік атындағы Түрік тарих құрымының толық мүшесі Қаржаубай Сартқожаұлының үш бірдей кітабының тұсаукесер рәсімі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті.
Келелі кеңеске Мәжіліс депутаттары, белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Алғашқы болып сөз алған университет ректоры Ерлан Сыдықов сүбелі еңбектердің ғұмыры алда екенін атап өтті.
«Ағамыздың көл-көсір еңбектерін ұрпаққа түсіндіре білсек, екінші шығармашылық ғұмыры баянды болады деп ойлаймын. Тәрбие, тағылым, шежірелі жолын әрі қарай шәкірттері жалғастыра берсін. Сіз бен біз тұрғанда ғалымның ауқымды мұралары жандана берері анық. Сондықтан да алдымыздағы кітаптардың тұсауын кесейік. Ақ жол болсын, кітаптың оқырмандары көп болсын», деді ол.
Қаржаубай Сартқожаұлы – шығармашылық өмірінде қоғамдық қызметтер атқара жүріп, әдеби тақырыптарға да белсене қалам тартқан қайраткер. Тұсауы кесілген «Қош бол, апа» кітабына өмір мен өлім, сағыныш пен сыр, тұрмыс пен тағдыр астасқан әдеби шығармалар енгізілген. Ал «Тастан тамыр іздеген ғұлама» кітабында ғалымның ғылыми-шығармашылық келбетін, түркі дүниесіне сіңірген еңбегін кеңінен ашатын әлемдік әрі отандық ғалымдар мен қаламгерлердің жүрекжарды мақалалары, естеліктері мен лебіздері топтастырылған. Үшінші кітап – «Подземный мавзолей древнетюркской эпохи Шороон Бумбагар (Майхан Уул) в Центральной Монголии» атты монография.
Іс-шарада белгілі ғалым, Серік Негимов Қаржаубай Сартқожаұлының ел руханиятындағы орны туралы айтты.
«Ұлт патриоты, дала қазағы, түркітанушы, жазушы Қаржаубай Сартқожаұлы көгілдір экран алдында қиын күндерде «Мен тілім үшін өлем!» деп күндей күркіреп айтқан еді. Сол сөз халықтың жүрегінде жатталып қалды. Қаржекеңнің еңбегі – мемлекетіміздің игілігі, байлығы, дәулеті, ұлттық тарихи санамызды жүйелендіретін ғажайып бір қазына», деді профессор.
Жиында Ж.Мәлібекұлы, Б.Аяған, Д.Қамзабекұлы, М.Әбсемет, Т.Садықов, С.Рахметұлы, т.б. зиялылар ғалым мұрасының мән-маңызы туралы ой қозғады. Шараны ғалым, жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы жүргізіп отырды. Ең тәлімді тұсы, тұсаукесерге Қ.Сартқожаұлының ғылыми әулеті бір кісідей атсалысты.