Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

«ZAVOD FEST» – мол мүмкіндіктер алаңы

40 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

ERG компаниясы құрамындағы «Қазақстан алюминийі» мен «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ металлургтер күніне орай және «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Павлодар қаласының тұрғындары мен қонақтарына арнап кең ауқымды фестиваль өткізді. Фестиваль барысында кәсіби бағдар жайы түсіндіріліп, зауыт жұмысының қыр-сыры көрсетілді. Көрермен құрметіне думанды концерт те қойылды.

«ZAVOD FEST» – мол мүмкіндіктер алаңы

Бастысы – дұрыс кәсіби бағдар

Сенбі күні облыс орталығындағы Гагарин атындағы саябақ металлургтер алаңына айналғандай болды. «ZAVOD FEST» фестивалінің Павлодар облысында өтуі тегін емес. ERG құрамына енетін 60 мың адамның 8 мыңнан астамы дәл осы өңірдегі өндіріс орындарында еңбек етеді. Компания сапындағы негізгі кәсіпорындар да Павлодар облысында орналасқан. Сол себепті, бірінші кең ауқымды фестиваль металлургтер мен қала күні аясында Павлодарда ұйымдастырылды.

Бұл күні көпшілік жиі жиналатын орын жұртшылықты зауыт жұмысының әсеріне бөледі. Мұнда түрлі алаңдар ұйымдастырылып, саябақ іші ерекше безендіріліп, интерактивті бастамалар ұйымдастырылды. Балалар ойын алаңында асыр салса, оқушылар металлургия саласының қыр-сырына қанықты. Ал кейбірі, тіпті, бос жұмыс орындары жайлы біліп, болашағын кәсіпорын жұмысымен байланыстыруға бел буып жатты. Сондай қызықты алаңдардың бірі кәсіби бағдарға арналды. ERG компаниясының әлеуметтік жобалар жөніндегі менеджері Олжас Мамырбаев металлургия саласындағы іргелі өндіріс орындарының жастарға беріп отырған мүмкіндігіне айрықша тоқталды. Шынымен, компания басшылығы осы саланы жүрекпен қалап, мамандықты меңгеруге талпынып, еңбек етуге құлшыныс танытатын студенттерге ауыз толтырып айтарлықтай қолдау көрсетеді. Солардың бірі – еліміздегі 23 колледж бен үш жоғары оқу орнын біріктіретін альянс жұмысы. Альянс құрамында Павлодар облысының 1 университеті мен 10 колледжі де бар.

«Жасыратыны жоқ, бүгінде түлектердің 70 пайызы ата-анасының жөн сілтеуімен мамандық таңдайды. Ал ата-аналардың басым бөлігі балаларының шахтер, металлург, дәнекерлеуші сынды ауыртпашылығы мол жұмысты емес, кеңседе отыратын жеңіл қызметті атқарғанын қалайды. Көптеген жас SMM маманы, мобилограф сынды бағыттар арқылы табыс тапқанды құп көреді. Бірақ біз металлургия саласында да маңызды әрі жауапкершілігі зор, әлеуметтік лифт қарастырылған, кәсіби мансап жолын құруға болатын мамандықтардың барын көрсеткіміз келеді. Қазір біздің зауыттарда да жаңа технологиялар енгізіліп, 200-ден астам үдеріс цифрландырылды. Осындай игі істерді, жаңашылдықтарды көрсетіп, түлектердің бағыт таңдауына жол көрсетуді қалаймыз», дейді Олжас Мамырбаев.

Бұл ретте студенттердің қызығушылығын арттырып, біліктілігін жетілдіре түсу үшін «WorldSkills» халықаралық сайысының негізінде «ERGSkills» кәсіби шеберлік байқауы ұйымдастырылып келеді. Бірінші жылы бұл байқауға 30 студент қатысса, биылғы іріктеу кезеңінде 12 құзіреттілік түрі бойынша 202 студент бақ сынады. Мұның өзі мамандыққа деген қызығушылықтың көрсеткіші болса керек.

«Байқау жеңімпаздары шетелге барып, халықаралық тағылымдамадан өтеді. Былтыр осындай екі апталық тағылымдама аясында жастар Қытайға аттанып, білімін толықтыру мүмкіндігіне ие болды. Тіпті, соның қорытындысы бойынша қытайлық студенттермен өткен жарыс нәтижесінде мықтылығын көрсетті. Айталық, дәнекерлеу технологиясы бойынша бақ сынаған Райхан Наркенова отандастарын да, шетелдік қатарластарын да қапы қалдырды. Жастардың осындай жетістіктерін көріп біз де қуанамыз», дейді ол.

Атап өтерлігі, альянс құрылған тұста ERG компаниясына жоғары оқу орындары мен колледждердің 515 түлегі жұмысқа орналасқан еді. 2023 жылы компаниялар тобы бірден 656 түлекті жұмысқа қабылдады. Былтыр 737 жас алғашқы еңбек жолын ERG компаниялар құрамына кіретін кәсіпорындарда бастады.

Білікті кадрлар туралы сөз қозғалғанда Павлодар қаласындағы жоғары түсті металлургия колледжін атап өтпеске болмас. 1968 жылы Павлодар алюминий зауытына керек мамандарды дайындау ұстаханасы ретінде ашылған білім ордасы бүгінгі күнге дейін осы міндетті толығымен атқарып келеді. Оқу орны алғашқы түлектерінің қолына диплом ұстатқан сәттен қазірге дейін 15 мыңнан астам жас ERG компаниясына кіретін кәсіпорындарға жұмысқа орналасу арқылы үлкен өмірге қадам басты. Сол тұстағы түлектер бүгінде басшылық қызметтерді атқарып, тұтас өндіріс ісіне жетекшілік етсе, қазіргі жастар алюминий кластерінің ішкі жұмысына етене араласып жатыр.

Колледж директорының міндетін атқарушы Азамат Мүскеновтің айтуынша, бүгінде студенттерге дуалды жүйе бойынша білім алуға барлық мүмкіндік бар. Соның нәтижесінде жастар білім ала жүріп, жұмыс істей алады.

«Біздің колледж алюминий кластері мамандарының ұстаханасы атауын лайықты жалғастырып келеді. Қазіргі уақытта студенттерді жеті мамандық бойынша оқытып, олардың металлургия саласының мықты маманы болуы үшін барымызды салып келеміз. Осы орайда әлеуметтік серіктес – ERG компаниялар тобының рөлін ерекше атап өту керек. Дуалды оқыту жүйесі аясында біздің студенттер бір күн оқу орнында теориялық білім алса, қалған төрт күнде қайнап тұрған өндіріс орнында еңбек етеді. Сол арқылы теория мен тәжірибені ұштастырады. Бастысы, кәмелеттік жасқа толған студенттердің компанияның толыққанды қызметкері атануына мүмкіндік бар. Мұндай жағдайда тәжірибеден өткен кездегідей 85 мың теңге емес, нағыз маман ретінде 250 мың теңгеден астам айлық алады. Еңбекке деген құлшынысымен ерекше көзге түскен дәнекерлеуші, токарь кей студенттеріміздің жалақысы 400 мың теңгеге дейін жетеді», дейді Азамат Мүскенов.

Колледж студенттерінің орташа есеппен алғанда 30 пайызы жыл сайын компания қатарындағы кәсіпорындарға жұмысқа орналасады. Олардың қатарында Павлодар алюминий зауыты, Қазақстан электролиз ауыты бар. Таяуда Ақсу ферроқорытпа зауытынан да тапсырыс түскен көрінеді. Жалпы, өткен жылы оқу орнын 149 адам аяқтап, оның ішінде 55 жас кәсіпорындарда еңбек жолын бастады. Биыл колледжді 191 түлек тәмамдап, оның 70-сі ERG қызметкері атанды.

Атқарылған іс ауқымды

Түрлі қиындыққа қарамастан, Павлодар өңіріндегі металлургия саласы соңғы екі жылда оң көрсеткіштерге қол жеткізіп, өндірістегі істі біршама ілгерілетті. Кейінгі уақыттағы санкциялық шектеулердің салқыны ERG компаниялар тобына тисе де, компания тарапынан маңызды әрі ірі жобаларды қаржыландыру, шикізатты өңдеп, дайын өнім алу ісі бір сәтке де үзілген жоқ. Керісінше, қиындықтар қайрады, шаруаны ширатты. Соның нәтижесінде ауыз толтырып айтарлықтай белестерді бағындырды. Мәселен, «Қазақстан алюминийі» АҚ Бас директоры Владимир Красноярский кәсіпорындардың барлығы өнімнің өзіндік құнын азайтқанын айтты. Бұл – тұрақты жұмыстың арқасында қол жеткен көрсеткіш. Сонымен қатар дайын өнім көлемі айтарлықтай артты. Салыстырып қарар болсақ, 2022 жылы Павлодар алюминий зауыты 1 млн 380 мың тонна өнімді нарыққа шығарған еді. Биыл 1 млн 540 мың тонна өндірді. Мұнымен шектеліп қалмай, тың өндірістерді де қолға алып жатыр.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сирек кездесетін металлдарды игеруге қатысты нақты тапсырма берген болатын. Біздің компанияның ірі жобаларының бірі дәл осы бағытта өрбиді. Павлодарлық алюминий зауыты келесі жылы жаңа өнім – калий өндірісін қолға алмақ. Қазіргі уақытта тиісті құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Иә, бұл металл түрі бұған дейін де шығарылды, бірақ оның технологиясы мүлде басқа еді. Жаңа жоба шығарындыларды да, шығынды да, экологиялық жүктемені де азайтуды көздейді. Бұрынғы технология қымбат әрі қауіпті болатын. Енді оның орнын тың тәсілмен жұмыс істейтін жаңа өндіріс алмастырады», деді Владимир Красноярский.

Кәсіпорында одан басқа да ірі жобалар жүзеге асуда. Айталық, қоюлату жүйесі, қызыл металлды жуу үрдісіне қатысты жобалар әзірленуде. Сол сияқты бұрынғы бес пештің орнына жаңа екі пеш салу ойда бар. Ол жұмысты едәуір жеңілдетпек. Ал ескі пештер басқа мақсатта пайдаланылады. Осындай іргелі істерді ілгерілетуде әлемдік тәжірибе, шетелдік мамандардың күші көмекке келеді. Алюминий зауытындағы мамандардың өздері де мықты. Кәсіпорын басшысы мұндағы жұмысшылардың кез келген тың іске әзірлігін, көзқарастары мен әдістерінің жаңашылдығын ерекше атап өтті. Жалпы, кәсіпорында 8 мыңнан астам адам тынбай еңбек етіп келеді. Сондай білікті қызметкерлердің бірі – жөндеу цехының маманы Талғат Жантаев. 2020 жылы алюминий зауытындағы жұмысын бастаған ол бес жыл аралығында өнімді еңбек етіп, таяуда ғана Құрмет тақтасына есімі жазылып, суреті ілінді.

«Бастапқыда зауытқа электр-газ дәнекерлеуші болып жұмысқа орналастым. Бұл кәсіпорында еңбек етуге ағам кеңес берді. Тұрақтылық, қызметтік өсу, әлеуметтік қолдау – барлығы аталған зауытта барын айтты. Шынымен, кәсіпорын тарапынан еңбек етуге ниетті азаматтарға барлық жағдай жасалған. Біздің цехтың міндеті – қандай да бір қондырғы істен шыға қалған жағдайда уақыт оздырмай жөндеп, қалпына келтіру. Себебі кәсіпорындағы өндіріс үздіксіз жүреді. Оның іркілмей жұмыс істеуі біздің цех мамандарына тікелей байланысты. Жүктелген міндетті сапалы атқаруға тырысамыз. Бұл бағыттағы жұмысым еленіп, таяуда шебер механик атандым. Негізгі жұмыспен қатар, қоғамдық істерге де араласамыз. Кадрлық резерв өкілімін. Алдағы уақытта қызметімді абыроймен атқарып, әріптестер мен басшылық сенімін ақтап, кәсіпорын ісінің өркендеуіне үлесімді қоссам деймін», деді ол.

Сондай-ақ компания жұмысшыларға жайлы жағдай жасауды алдыңғы қатарға қоятынын тілге тиек етті. Жалақыны тұрақты арттыру, демалыс аймақтарына жолдама беру, үздік қызметкерлерге көлік пен пәтер кілтін табыстау сынды игі дәстүр қызметкерлерді ынталандыратынына айрықша мән берді. Айта кетейік, бүгінде ERG компанияларында 60 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның қатарында 45 мың қызметкер – жұмысшы мамандықтар өкілі. Оның үштен бір бөлігі – металлургтер.

Пайдалы әрі қызықты думан

Енді фестивальдің өзіне ойыссақ. Жоғарыда атап өткеніміздей, мұндай кең ауқымды шара қала тұрғындары мен қонақтарын бір арнаға тоғыстырды. Олардың жас ерекшеліктеріне, қызығушылықтарына қарай бірнеше аймақ ұйымдастырылды. Балалар мен ересектер түрлі ойындар, квесттерде бой сергітіп, демалса, енді бірі білім алу мен жұмысқа орналасудың тиімді тетіктерін білді. Жалпы, әртүрлі бағытқа қарай төрт бірдей цех қарастырылды. Мәдени аймақта келушілер өнерлерін ортаға салу мүмкіндігін алса, мансаптық цехта болашаққа бағдар құрды. Жастар контент жасайтын ортада әлеуметтік желі үшін түрлі фото, бейнематериалдар жасады. Ал ойын аймағында әр адам өзін нағыз металлург сезініп көрді.

Фестивальге ERG корпоративтік университетінің мамандары да қатысты. Олар тау-кен ісі мен құрал-жабдықты жөндеу бойынша өздерінің VR-курстарын таныстырды. Талапкерлер мен студенттер, жасөспірімдер мен кішкентай балалар, алуан түрлі мейманның әрқайсысына арналған жеке аймақтар ойластырылған. Әркім көңіл қалауына қарай, ұнатқанына қатыса алды. Бүлдіршіндер жұмысшы мамандықтарын «мамандықтар қаласындағы» ойын форматы арқылы таныса, жасөспірімдер арнайы фотоаймақтарда өздері контент жасап, қызметтің қыр-сырын білді. Меймандарға дәмді тағамның түр-түрі де ұсынылды.

«Осы саябаққа балалар, немерелеріммен жиі келеміз. Бүгін осындай керемет фестивальдің куәгері болғаныма қуаныштымын. Павлодар облысы тұрғынының әрқайсысының кемінде екі-үш металлург туысы, танысы бар деп ойлаймын. Біздің әулетте де осы сала өкілдері бар. Олар өндіріс орындарында жауапты да маңызды қызметтерді атқарып жүр. Бүгінгі саябақтағы керемет атмосфера арқылы олардың жұмысына тереңнен үңілгендей әсер алдық. Нағыз пайдалы әрі қызықты думан болды», дейді Павлодар қаласының тұрғыны Зейнеп Рахметова.

Павлодарлық оқушы Әлинұр Мұрат келесі жылы металлургия колледжіне оқуға түссем деген ниетін жеткізді.

«Мен биыл 8-сыныпты тәмамдадым. Бүгінгі фестиваль барысында жоғары түсті металлургия колледжі студенттеріне қарастырылған мол мүмкіндік туралы біліп, келесі жылы осы оқу орнында білім алсам деген ой туындады. Мұнда тұрақты шәкіртақы, жақсы жалақы алуға болады екен. Бастысы, диплом алған соң жұмысқа орналасу мүмкіндігі де бар. Алюминий класстері студенттерге қызмет орнын ұсынады. Осындай оңтайлы жайтты қалт жіберуге болмайды деп ойлаймын», деген пікірімен бөлісті ол.

ERG-дің еліміздегі бас директорының персонал және мәдениет жөніндегі орынбасары Анастасия Круч компанияға өндірістің өзегі саналатын жұмысшы мамандар керек екенін алға тартты. Кең ауқымды фестивальді өткізудің түпкі мақсаты да осы еді.

«ZAVOD FEST» фестивалінде өз ісіне жан-тәнімен берілген, оны дамытуды ойлаған әр адамның табысқа жететінін көрсетуге тырыстық. Заманауи өндіріс – тың технологиялар, өзіңнің мақсатыңа жетіп, өзіңді дамыту мүмкіндіктері. Қазіргі заманғы жұмысшы – үнемі жаңа дағдыларды меңгеріп, жаңа технологияларды игеретін, өндірісті жетілдіруге қатысты ұсыныстар айтататын, операциондық тиімділік құралдарын бес саусағындай білетін, ең бастысы – қауіпсіз еңбек ету талаптарын мұқият сақтайтын білікті маман. Біз жұмыс беруші ретінде әрдайым қасыңызда болып, сіздің өсіп, өрлеуіңізге септесуге дайынбыз. Өндірісті трансформациялап, болашақтың дағдыларын дамытсақ дейміз», деді Анастасия Круч.

А.Аймағамбет

Отандық танымал эстрада өкілдері – Нұрлан Абдуллин, DEQUINE, DOSE, ERG компаниясының талантты қызметкерлері өнерлерін ортаға салып, фестивальдің әдемі нүктесін қойды. Саябаққа жиналған жұртшылық пайдалы ақпарат, қызықты ойындар, мамандық алаңы мен тамаша концерт ұйымдастырылған кештен қимай-қимай тарқасты.