
Фото: primeminister.kz
Бүгінде Қазақстанда өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын 10 ірі кәсіпорын өндіреді. Қолданыстағы жеңілдетілген лизинг бағдарламасының арқасында отандық өндірушілер трактор мен комбайн бойынша ішкі нарық қажеттілігінің 90%-ын қамтамасыз етіп отыр.
Өткен жылы финдік SAMPO, қытайлық ZOOMLION және американдық John Deere компаниялары Қазақстан нарығына кірген. Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір жаңа қатысушылардың да белсенділігін арттыру жұмыстары күшейтіліп жатыр.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысына тоқталсақ, Қазақстанда 4 мыңға жуық трактор (+39,3%) мен 441 астық жинайтын комбайн (+64,6%) құрастырылған. Жыл соңына дейін 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын шығаруды көзделген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 27%-ға жоғары.
Жиында вице-премьер Серік Жұманғарин өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторының бірі және елдің технологиялық дамуының маңызды драйвері ретінде машина жасаудың тұрақты өсу қарқынын сақтауға бағытталған барлық қажетті шара кешенін қамтамасыз етуді тапсырды.