
Биыл Табылды Досымовтың мерейжасы. Осыған орай тұңғыш бард ақынның еліміздің әр түкпіріндегі тыңдармандары, ізет тұтушылары өзінше қам-қарекет етуге кіріскен. Ал 2012 жылы Табылды Досымов атындағы республикалық қоғамдық қор құрып, өнер дүлдүлінің мұраларын ел есінде қалдыруға күш салып жүрген Бижан Қалмағанбетовтің орны бөлек.
– Табылды Досымов сан қырлы азамат қой. Көп қазақ өлең жазып, оған ән шығарып, өзі орындаушы бард ақын деп біледі. Табылды деген сегіз қырлы, бір сырлы тұлға. Атап айтсақ, Махамбет Өтемісұлы атындағы қорды басқарған тарихшы, этнограф, әдебиетші, суретші, күрес шебері болған балуан, айта берсек осындай қырлары көп. Желтоқсан көтерілісінде жаны шырқырап «Мен қазақпын» деген ән жазған атпал тұлға. Осындай азаматты насихаттау барысында біздің қор біршама жұмыс атқарып келе жатыр. 2015 жылы кешін Қытайда өткізсек, 2019 жылы Мәскеудегі шарасына диаспора өкілдері мен бір шоғыр зиялы қауым қатысты. 2022 жылы Баян Өлгейдегі қандастарымызға концерт қойып қайттық, қордың ұйымдастыруымен Түркияның Анкара қаласында кеш бердік. Мұндағы мақсатымыз Табылдының әндерін кеңінен насихаттау, шығармашылығын елге жеткізу. Алдыңғы жылы бард ақынның «Самала саздар сағымы» атты ноталық жинағын шығардық. Бүкіл өнер мектептеріне, колледждерге, жоғары оқу орындарына тараттық, – дейді Т.Досымов қорының директоры Бижан Қалмағанбетов.
Мерейтой қарсаңында Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында Табылды Досымовтың болмысын арқау еткен «Сәйгүлік» музыкалық драмасы қойылды. Қойылымда студент Табылдыдан азамат, ақын ретінде шыңдалған тұлғаның сом бейнесі шынайы кестеленген. Намыс пен жігерді ту еткен, достық парызға адал, азаматтық ұстанымы берік ақын болмысы жарқырай ашылды. «Қазақ едім дегенше», «Биіктік», «Анаға хат» сынды әндері жанға жарығын төкті. Спектакльде Желтоқсан күндерінің зобалаңы әсерлі беріліп, ондағы ақынның өр болмысы әдіптелген.
– Биыл ақынның 60 жылдығына орай мерекелік шаралар өзінің туған жері Атыраудан басталды. Табылдының әндеріне байланысты суретшілер көрмесін өткіздік. Осы айда туған жері Дендерде Табылды Досымов шығармашылығының аймақтық байқауы өтеді. 2021 жылдан бастап республикалық байқауын Ақтөбе қаласында өткізіп келеміз, қыркүйек айының басында сол шығармашылық байқау қайта жоспарланып отыр. Табылдының туған жеріне ескерткіш орнатсақ, деректі фильм түсірсек деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар тұңғыш бард ақын мұражайын ашсам деген арман. Астанада қыркүйек-қазан айларында үлкен мерейтойлық кеш берсек деп отырмыз, – дейді Б.Қалмағанбетов.
Күрескер ер, шығармашыл тұлғаның сипаты кейінгіге үлгі. Біз Табылды Досымов болмысы арқылы болашақ кемесін енжарлықтан сақтап, бірегей рухпен беттестіреміз. Ол – ұлттық рух дәнегі.