Елорда • Бүгін, 08:35

Елорда – өңірлерге өнеге

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада қала­лық ортаны дамыту және урбанистика мәселелері жөніндегі республикалық семинар өтті. Семинар-кеңес Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын іске асыру тапсырмасы аясында ұйымдастырылды.

Елорда – өңірлерге өнеге

Фото: Ашық дереккөзден

Іс-шараға Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, қала әкімдері, тиісті ведомстволардың басшылары, сондай-ақ барлық облыс орталық­тары әкімдерінің орынбасарлары, аудан басшылары, сәулетшілер мен қалалық ортаны көгалдандыру және жарықтандыру жөніндегі мамандар, еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам адам қатысты.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елорданы дамытудың стратегиялық бағыттары жөнінде баяндады. Әкім атап өткендей, елорда тұрғын­дарының саны 1,5 миллион адамға жетіп, жыл сайын шамамен 7%-ға өсіп келеді. Осыған орай қаланың жаңа Бас жоспары қабылданды. Онда 2030 жылға қарай халық саны 2,3-2,5 миллион адамға дейін артады деп болжанған. Сондай-ақ семинарда ескі тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы талқыланды. 2030 жылға дейін 206 апатты үйдің тұрғындары жаңа баспанаға көшіріледі. Қаланың құрылыс саясатында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, абат­тандыруға, жасыл аймақтар құру­ға басымдық беріледі. Барлық жұ­мыс «адамдарға арналған қала» қағи­датына негізделіп отыр.

Астанада көлік жүйесін да­мы­ту да – басты бағыттардың бірі. Қоғамдық көліктің үлесін қазір­гі 41%-дан 71%-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл ретте ав­тобус паркі жаңартылып, жаңа жо­лайырықтар салынады. Сонымен қатар LRT жобасын іске асыру жалғасып жатыр. Алғашқы желінің сынақ режімінде іске қосылуы биылғы қыркүйекке жоспарланған.

Экология және көгалдандыру мәселесі де – ерекше назарда. Кейінгі үш жыл ішінде Астана­да 2,5 миллионнан астам ағаш отыр­ғызылды. Қалада көгалдандыру ережелері қабылданып, ағаштар­ды цифрландыру жүйесі енгі­зіл­ді. Кіші Талдыкөл аумағында экопарк салынады, сондай-ақ Green Line жаяу жүргіншілер жолы мен Damu паркі қолға алынады. Елордада креативті индустрия мен оқиғалы туризм де дамып келеді.

Семинардың басты тақырыбы өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, қалаларды тұрақ­ты дамыту саласында тәжі­рибе алмасу болды. Шақырылған сарап­­шылар қатарында Lda Design Британдық сәулет бюросы­ның басшысы Андрей Елбаев ланд­шафттық шеберлік жоспар­лау тәсілдерін, тұрақты даму­дың халықаралық мысалдарын ұсын­ды. Абаттандыру жөнін­дегі сарап­шы Татьяна Наг қала­ларда кө­галдандыру сапасы­ның стан­дарттарын енгізу туралы әңгіме­леді. Сәулеттік жарықтан­дыру жөніндегі маман Андрей Нау­мов қаланың атмосферасын қалып­тастыру құралы ретінде жа­рық­тың маңыздылығын атап өтті.

Семинарға қатысушылар қала­ның негізгі нысандарын, Бейбітшілік, Сәтбаев көшелерін, Ататүрік саябағы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Ұлытау аллея­сы, әуежай жанындағы LRT стансасы, GreenLine бульвары, басқа да бірқатар қоғамдық кеңіс­тіктер­ді аралап көрді. Танысу барысында жайлы қалалық ортаны қалыптастырудың практикалық тәсілдері – ағаш отырғызу, жасыл аймақтарды ұйымдастырудан бастап, абаттандыруда заманауи материалдар мен шешімдерді қолдануға дейінгі әдістер жан-жақты сөз болды.