
Негізінде мұндай ауқымды шаруа жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруды көздеп қана қоймай, отандық тауар өндірушілердің қатысуына да айтарлықтай мүмкіндіктер туғызуы керек. Алайда шын мәнінде, қазақстандық өндірушілер үшін бұл жобалар бойынша ақпарат шектеулі. Мәжіліс депутаты, ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамовтың қатысуымен өткен «Атамекен» ҰКП төралқасының өңдеу өнеркәсібі комитетінің отырысында бизнес өкілдері осылай деді. Палата төрағасының орынбасары Мұрат Амриннің айтуынша, үкімет отандық тауар өндірушілерді барлық ірі жобаларға тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр және олардың тұрақты жүктемесін қамтамасыз ету маңызды.
«Qazaq Stone» тас өңдеу өнеркәсібі одағының төрағасы Дәурен Ағзымов: «Біздің саланың проблемасы – ірі бюджеттік жобалардағы жергілікті қамту деңгейінің төмендігі. Бұл тек тас өңдеуге ғана емес, жиһаз өндірушілерге, жеңіл өнеркәсіпке және басқа өңдеу салаларына да қатысты. Шетелдік жеткізушілердің көптеген ұлттық жобаларға еніп жатқанын көріп отырмыз, ал отандық компаниялар 20-30 пайыз ғана жүктелген», деп атап көрсетті.
Ол республикамызда заманауи толық циклді тас өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейтінін, олар қаптау мен граниттен бастап ернеу мен кеспекшеге дейін ішкі нарықтың қажеттіліктерін 100 пайыз өтеуге қабілетті екенін еске салды. Бұл кәсіпорындардың өндірістік қуаты оның маркасына байланысты жылына 713,8 мың тоннаны құрайды. «Біз мемлекеттік органдардан тас өңдеу өнеркәсібіне қолдау көрсетуді және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қазақстандық табиғи тастан жасалған бұйымдар өндірушілерді міндетті түрде тарту механизмін бастауды сұраймыз», деді бизнес өкілі.
Өңдеу өнеркәсібі департаментінің директоры Алмат Асқар отандық тауар өндірушілерді тарту үшін уақтылы жоспарлау мен болжау, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды ашық жүзеге асыру қажеттігін мәлімдеді.
«Шындығында жағдай уәкілетті органдардың парламент мінберінен мәлімдегеніндей мәз емес. Бүкіл парламенттік фракция отандық бизнесті қолдау мәселелері бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз ынтымақтасуға және осы мәселелерді бақылауда ұстауға дайын екеніне сендіргім келеді», деді депутат Магеррам Магеррамов.
Тараптар кабельдік өнімдерді, желдету жабдықтарын, қасбет бойынша шешімдер мен басқа да компоненттерді жеткізуді қоса алғанда, отандық өндірушінің теміржол вокзалдарын жаңғыртуға қатысуы жөнінде жиынтық ұсыныс беруге келісті.