Технология • Кеше

Онлайн-жарнама озық тұр

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылдың бірінші тоқсанында digital нарық 29%-ға артып, 14 млрд теңгеге жеткен. Қазір бұл сегмент медиа нарықтың жартысын құрайды. Сарапшылар мұндай өсімді жаңа ойыншылар емес, жарнама берушілердің өз бюджеттерін ұлғайтуымен байланыстырады. Wunder Digital агенттігінің деректерін бағамдап көрдік, деп жазады Egemen.kz.

Онлайн-жарнама озық тұр

Бұл медианы тұтыну құрылымының өзгеруінен туындап отыр. Мәселен, 2023 жылы Қазақстанның медиа нарығы рекорд орнатып, 132 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде digital-жарнаманың үлесі 66,8 млрд теңгені құрап, бір жыл ішінде 24%-ға өскен.

Агенттік дерегінше, цифрлық жарнама нарығы 2014 жылдан бері үздіксіз өсіп келеді. Сол жылы оның көлемі 9,7 млрд теңге болса, 2019 жылы 19 млрд теңгеге жетіп, нарықта екінші орынға шыққан. Ал 2023 жылы digital-жарнама алғаш рет телевизияны басып озып, 53,8 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Қазақстанда интернетті күн сайын қолданатын азаматтардың үлесі 90%-ға жуық. Елдегі интернет қолжетімділігі өңірлер арасында да жоғары: Алматы мен Астанада – 91%, өзге облыстарда – 80–93% шамасында. Тіпті урбанизация деңгейі төмен Ақтөбе мен Қызылордада бұл көрсеткіш 60%-ға жетіп отыр.

Интернет қолданушылардың орташа жасы 40-тар шамасында, бұл олардың төлем қабілетін көрсетеді. Трафиктің басым бөлігі мобильді құрылғыларға тиесілі (Android – 62%, iOS – 38%).

Жарнама үшін ең тиімді платформалар – YouTube пен Kaspi. Интернет қолданушыларының 59%-ы Kaspi арқылы сауда жасаса, 45%-ы YouTube-ты белсенді пайдаланады. Бұл платформалар бренд қауіпсіздігі мен қамту жағынан жоғары нәтиже береді.

Агенттік сарапшыларының айтуынша, кейінгі бес жылда онлайн сауда көлемі жеті есе артып, 3,2 трлн теңгеге жеткен. Алдағы бес жылда Қазақстанда сатылатын әрбір бесінші тауар онлайн форматта өткізіледі деп болжанып отыр.