Мектеп • Бүгін, 17:15

200 мыңнан астам бала Келешек мектептерінде оқып жатыр

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының бастамасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба – ел болашағына жасалған инвестиция, яғни әрбір бала заманауи, жайлы әрі шабыттандыратын ортада білім алуға мүмкіндік алады. Жоба аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 заманауи мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінде 122 мектеп құрылысының аяқталуы нәтижесінде 200 мыңнан астам оқушы қамтылып отыр, деп жазады Egemen.kz.

200 мыңнан астам бала Келешек мектептерінде оқып жатыр

Фото: Oqu-agartu ministrligi

Жоба аясында ауылдық инфрақұрылымға ерекше назар аударылып отыр: пайдалануға берілген мектептердің 40%-дан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Оқушылар санына байланысты мектептер 300 орыннан 2 500 орынға дейін есептеліп салынады – бұл жобалауда нақты қажеттіліктерді ескеру қағидатына негізделген.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше географиялық орналасуына қарамастан шалғай елді мекен болса да, қала болса да барлық мектептер бірыңғай жоғары стандарттарға сай салынады. Архитектурасы, инженерлік шешімдері мен оқу ортасы қазіргі заман талабына толық сәйкес келеді және елімізде біртұтас білім кеңістігін қалыптастыруға ықпал етеді.

Жаңа мектептерде оқушылардың қажеттіліктеріне бағытталған ыңғайлы, қауіпсіз және эргономикалық білім беру кеңістігі жасалған. Ғимараттар бұрынғы стандарттармен салыстырғанда 15-20% кең, ал техникалық жабдықталуы 4 есе артық. Барлық мектептер заманауи жиһазбен және оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілген, қауіпсіздік шаралары күшейтілген, бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған бөлек блоктар қарастырылған.