Заң • Бүгін, 10:13

Өскемен әуежайының бұрынғы президенті қамауға алынды

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Өскемен әуежайы» АҚ бұрынғы президенті 5 жыл бойы аса ірі көлемде қаржыны жымқырған деген күдікке ілініп отыр, деп жазады Egemen.kz.

Өскемен әуежайының бұрынғы президенті қамауға алынды

Фото: gov.kz

Қаржылық мониторинг агенттігінің ШҚО-дағы департанменті әуежай басшылығына қатысты қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану, аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша тергеу жүргізді. 

Тергеу барысында әуежай басшылығының еңбекақыны негізсіз көбейтіп, жалған сыйақылар мен жалған шарттар жасау арқылы жүйелі түрде ақша жымқырғаны белгілі болды. Күдіктілер жымқырылған қаржыны касса арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған. 

Осылайша олар мемлекетке 157 млн теңге залал келтірген. Сонымен қатар, қоғамның коммерциялық нысандардың жалдау ақысын төмендетіп, нақты жалға берілген аумақты азайтып көрсеткені анықталды. Мекемеге тиесілі көліктер де бухгалтерлік есептен шығарылып, нарықтағы құнынан бірнеше есе төмен бағамен сенімді тұлғаларға сатылып кеткен.

Сот санкциясымен күдіктілердің 126 млн теңге көлеміндегі мүлкіне, 4 пәтер, жер учаскесі және 2 автокөлікті пайдалануға тыйым салынып, күдіктілер қамауға алынған.