
Тараптар қазақ-қытай ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін, соның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен алдағы мақсаттарды талқылады.
Сұхбаттастар қос ел арасындағы саяси диалогтың оң серпінін атап өтті. Ерекше назар Қазақстан мен Қытай көшбасшылары арасындағы кездесулер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға, сондай-ақ биік және жоғары деңгейлердегі алдағы іс-шаралар кестесіне аударылды.
«Биыл Астанада мемлекеттер басшыларының дәстүрлі түрде ашық әрі сенімді сипатта өткен келіссөздерінің қорытындысына сәйкес жаңа өршіл мақсаттар қойылып, ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағыты айқындалды. Ендігі ортақ міндетіміз – қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы іске асыру үшін бар күшімізді салу», деді М.Нұртілеу.
Сонымен қатар сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық және транзиттік-көліктік салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.
Кездесу соңында министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия – Қытай» форматы сияқты көпжақты құрылымдар аясындағы тығыз үйлестіру мен өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.