
Фото: Ашық дереккөзден
Алаяқтарды құрықтайтын қатал заң қажет
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылы 22 мыңнан аса интернеттегі алаяқтық оқиғасы тіркеліп, одан келген шығын шамамен 45,5 млрд теңгені құраған. Осы мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек биыл сәуір айында Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында интернеттегі алаяқтықты анықтау көрсеткіші небәрі 36,4 пайызды құрайтынын айтты. Өйткені Қылмыстық кодекстің 190-бабында цифрлық саладағы алаяқтықтың түрі жеткілікті түрде көрсетілмеген. Депутаттың келтірген дәйектемелерінде заңда кейбір жағдайдағы санкциялар (әсіресе айыппұлдар) келтірілген залалдың көлеміне, әсіресе ірі және аса ірі көлемдегі алаяқтық жағдайларында сәйкес келмеуі мүмкін. Осы орайда Б.Базарбек бірнеше ұсыныс жасады. Алдымен онлайн несие алу кезінде азамат қаржы институтының филиалында міндетті түрде болуы қажет дейді. Сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдарына жеке тұлғалардың жекелеген санаттарымен, атап айтқанда 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан тұлғалармен олардың жазбаша келісімін алғаннан кейін ғана несиелік келісімшарт жасасу керек.
Депутаттың сауалына жауап берген Бас прокурордың айтуынша, жәбірленушілердің құқын қорғау мақсатында 2024 жылдың маусымында «Банктер және банк қызметі туралы» заңға алаяқтық әрекеттердің себептері мен зардаптарын жоюға бағытталған қаржы институттарына қойылатын талаптарды енгізуді көздейтін түзетулер енгізілген. Бұдан соң 2,5 мыңнан аса жәбірленушінің 3,4 млрд теңгеден аса қарызын өндіру тоқтатылған, ал жәбірленушілердің 1,6 млрд теңгеден аса несиесі есептен шығарылған. Сондай-ақ өткен жылдың шілдесінде Ұлттық банкте қаржы институттары мен құқық қорғау органдары арасында алаяқтық операциялары және осындай операцияларға қатысы бар тұлғалар туралы деректермен жедел ақпарат алмасу үшін Алаяқтыққа қарсы орталық құрылған. Онда күдікті қаржылық операциялар бойынша 2,2 млрд теңгеден аса қаражат бұғатталған.
Дроптар жауапсыз қалмайды
Сондай-ақ дроптарды заң жүзінде жауапқа тарту мәселесі жиі көтеріліп келеді. Өйткені заңнамадағы бұл олқылық алаяқтардың сыбайластарына жауапкершіліктен жалтарып, басқа да азаматтарды қылмыстық орбитаға тартуға мүмкіндік беруі мүмкін. Осы орайда Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай дроптардың заңнан жалтармайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір олар екінші деңгейлі банктермен Антифрод-орталығында қажетті жұмыс жүргізіп жатыр. Нәтижесінде осы платформа арқылы азаматтардан ұрланбақ болған 2,6 млрд теңгеден аса қаражаттың қолды болуына жол берілмеген.
«Байланыс операторларымен бірлесіп, «Антифрод» жүйесі енгізілді. Сол арқылы шетелден жалған нөмірлерден 66,9 млн қоңырау бұғатталды, 870 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қолданыстағы заңнамаға алаяқтық қарыздарды беру тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған бірқатар норма енгізілді. Оның ішінде өз еркімен несие алудан бас тарту, биометриялық сәйкестендірусіз онлайн-несие беруге банктерге тыйым салу, жұбайының келісімінсіз несие беруге тыйым салу, 150 айлық есептік көрсеткіштен жоғары сомаға онлайн-несие беру мерзімі бір тәулікке дейін ұзартылды. Бірінші несие банк бөлімшелерінде ғана рәсімделеді», деді Ж.Сүйінбай.
Қазір дроптардың жауапкершілігін енгізу туралы заң жобасына Мемлекет басшысы қол қоюы үшін Президент әкімшілігіне жолданды.
Шетелдіктермен бірге әрекет етеді
Ж.Сүйінбайдың айтуынша, жалпы киберқылмыс әлемде өршіп тұр. Алаяқтар цифрлық кеңістіктің анонимділігін, әлеуметтік инженерияны, нейрожелілер мен дипфейктерді пайдаланып, айласын асырып жатыр. Олар билік өкілдері не халықаралық құрылымдардың атын жамылып, азаматтарды алдайды.
«IT технологиялардың қарқынды дамуына байланысты кейінгі 8 жылда мұндай қылмыстар саны 10 еседен аса өсті. Жыл басынан бері 11 мыңнан аса осындай қылмыс тіркелді. Министрлік киберқауіптерге қарсы тиімді шаралар қабылдап жатыр», деді спикер.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен өткен жылдың қараша айында Ішкі істер министрлігінің құрылымында өңірлік бөліністері бар арнайы департамент құрылды. Бұл бөліністер киберқылмыстарды ашумен ғана емес, жалпы заңнамалық, ұйымдастыру, алдын алу бойынша жұмыстармен де айналысады. Байланыс операторларымен бірлесіп, тіркелмеген SIM-карталарды интернет арқылы қоңырау шалуға және мессенджерлерде анонимді аккаунттар ашуға пайдаланылатын SIM-бокстар анықталған.
ІММ өкілінің айтуынша, биылғы 6 айда осындай 74 құрылғы мен 88 мыңнан аса тіркелмеген SIM-карта тәркіленген. Осы қылмыстарды жасады деген күдікпен 30 адам қамауға алынған, оның тең жартысы – шетел азаматтары. Интернет кеңістігіне тұрақты түрде мониторинг жүргізген мамандар заңға қайшы мазмұны бар 59 мың интернет-ресурсты анықтап, оны бұғаттауға жолдаған.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті алаяқтарды шетелдік әріптестермен бірлесіп анықтап, олармен тікелей байланыс және жедел ақпарат алмасу арналарын әзірледі. Жыл басында мамандар Арменияда бірлескен операция өткізіп, Еуропа мен ТМД елдерінің тұрғындарын алдап келген алаяқтар ашқан 2 колл-орталығын жойды. Олар азаматтарды ірі инвестициялық жобаларға ақша салу сылтауымен алдап отырған.
Сонымен қатар Астана, Алматы қалаларында орналасқан 5 колл-орталықтың қызметі анықталып, жойылды.
«Шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты арттыруға Компьютерлік қылмыстар туралы Еуропа конвенциясы мен Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Конвенциясына қосылу жұмысы жүріп жатыр», деді Ж.Сүйінбай.