Теңге • Бүгін, 10:48

Қаржы ережесі жаңарады

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында қаржы саласындағы жүйелі өзгерістер мен экономиканы тұрақтандыруға бағытталған жаңа бастамалар жария етілді. Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаржы заңнамасын жаңғыртуға арналған ауқымды реформалар топтамасы дайындалып жатқанын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Қаржы ережесі жаңарады

Фото: shutterstock.com

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық Банк макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жұмысын жалғастырады. Инфляцияның өсу тәуекелін тежеу үшін елде дезинфляциялық саясат жүргізілмек. Ақша-кредит құралдарына қосымша ретінде бірқатар кешенді шаралар қолға алынуда.

Атап айтқанда:
– алтын сатып алу аясында валюталық операциялар теңгерімін сақтау жалғасады;
– жеке тұлғалардың несиелері бойынша контрциклдік капитал буфері енгізіледі;
– банктер үшін міндетті резервтердің ең төменгі талаптарын арттыру пысықталуда;
– Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры портфеліндегі кірістілігі жоғары активтердің үлесін көбейту көзделіп отыр.

Сонымен қатар қаржы секторының цифрлық трансформациясы жалғасып жатыр. Цифрлық теңгені масштабтау жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыт мемлекеттік қаржыны басқаруда жаңа тәсілдерді қолдануды қамтиды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл еліміздің қаржы заңнамасын кешенді жаңғырту жоспары әзірленуде. Бұл пакет банктер, төлем жүйелері, бағалы қағаздар нарығы және цифрлық қаржы активтерін реттеу мәселелерін қамтиды. Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын қалыптастыру мен төлем нарығын дамыту да басым бағыттардың қатарында.

Ұлттық Банк басшысы атап өткендей, бұл бастамалар қаржы жүйесінің тиімділігін арттырып қана қоймай, экономиканың түрлі салаларына серпін береді және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.