Экономика • Бүгін, 10:37

Инвестиция мен экспорт – өсім өзегіне айналды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында еліміздің экономикалық дамуына тікелей әсер ететін инвестиция тарту және сыртқы сауда айналымы мәселесі талқыланды. Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан оң сауда балансын сақтап отыр, ал инвестиция көлемі стратегиялық салаларда елеулі өсім көрсеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Инвестиция мен экспорт – өсім өзегіне айналды

Министрдің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 19,3 пайызға артты. Бұл өсім, әсіресе, болашақ экономикасын құрайтын салаларда айқын көрініс тапты. Мәселен, білім беру саласына құйылған инвестиция 3,5 есеге көбейсе, қаржы және сақтандыру қызметі – 86,2%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 48,9%-ға, денсаулық сақтау – 32,8%-ға, көлік саласы – 16,2%-ға ұлғайған.

Сыртқы саудада да оң өзгерістер бар. Аталған кезеңде еліміздің сыртқы сауда тауар айналымы $53,5 млрд-ты құрап отыр. Оның ішінде экспорт көлемі $29,8 млрд-қа жетсе, соның $10,2 млрд-ы өңделген өнімдерге тиесілі. Ал импорт 2,2 пайыз өсіп, $23,8 млрд-ты құрады.

Үкімет отырысында астық тасымалына қатысты да нақты деректер айтылды. Биылғы бес айда 11,8 млн тонна астық пен ұн экспортталды. Оның ішінде 9 млн тоннасы – таза астық. Бұл – соңғы 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Астық экспортының негізгі бағыттары – Өзбекстан, Тәжікстан, Иран және Әзербайжан.

«Сыртқы сауданың жалпы төмендеуіне қарамастан, Қазақстан $6 млрд көлемінде оң сауда балансын сақтап отыр», деді Серік Жұманғарин.

Үкімет мүшелері бұл көрсеткіштердің ел экономикасын әртараптандыру мен өндіріс қуатын арттыруда маңызы зор екенін атап өтті.