
фото: bzh.life
Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, оқиға кеше, 13 шілдеде болған.
«Атыраудағы бассейндердің бірінде хлордан уланудың ықтимал жағдайы тіркелді. Медициналық көмекке 14 адам жүгінді. Ауруханаға 3 адам жатқызылды. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалады. Өзгелері дәрігерлердің бақылауына алынды», деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов аталған оқиғаға байланысты денсаулық сақтау басқармасына зардап шеккендердің жағдайын бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ басқармаға бассейндер мен аквапарктердің жұмысын тексеру жүктелді.
«Бассейнде эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді. Ауа мен судан сынама алынды. Хлор буы шекті мөлшерден аспаған, зертханалық талдау жұмыстары жалғасып жатыр», деп нақтылады өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің дерегіне қарағанда, бассейндегі оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
«Қылмыстық іс тіркелді. Тергеу жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды», деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.