
Сөз кейіпкері заманында жылжымайтын мүлік жинап, мызғымайтын магнатқа айналған Нью-Йорктік Фред Трамптың төртінші перзенті. Арғы тегі пайдалы қазбаларды өндіруге келген неміс иммигранттарынан. Алайда отбасының ауқатты болғанына қарамастан, Дональд әкесінің компаниясында ең төменгі лауазымда қызмет етіп шираған көрінеді.
Алайда ширақтық пен оқуға деген құштарлық екі түрлі дүние екенін 13 жастағы Дональд мектептен шығарылғанда бір-ақ біледі. Сөйтіп әкесі оны әскери академияға жібереді. Алайда талағының биті бар талапты ұл кейін Пенсильвания штатындағы Уортон бизнес мектебін тәмамдап, әкесінің бизнес-империясына мұрагер болуға басты үміткер атанады.
Трамптың үлкен ағасы Фредди бизнеске емес, ұшқыш болуа ұмтылған. Алайда ол 1981 жылы ішкілікке салынып, мезгілсіз қайтыс болады. Сөйтіп Дональд Трамп арақ атаулыдан сабынды езіп ішкендей беті қайтып қалады. Аузыма татып алмаймын деп уәде береді.
Кәсіпкерлік жолын Дональд Трамп әкесінен шағын несие алып бастайды. «Шағын» дегенді тырнақшамен шарбақтап қойғанымыз дұрыс. Өйткені магнаттан алған шағын қаражаттың өзі 1 млн долларды құраған екен. Бұл қаржыға ол өз алдына жылжымайтын мүлік жобаларын қолға алады. Біраз уақыт жеке жұмыс істеп, тәжірибе жинаған соң, әкесі басқаратын компанияға жоғары лауазыммен қайта оралады.
Алғашында Трамп Нью-Йорктің шеткері аудандарында құрылыс жобаларын жүзеге асыруға атсалысып жүреді. 1971 жылы ол отбасы компаниясының тізгінін өз қолына алып, бас директор атанады.
Маңғаз магнат
Дональд Трамптың тұсында отбасылық бизнес жаңа белеске көтерілді. Ол Бруклин мен Куинстегі тұрғын үй құрылысынан Манхэттендегі ірі жобаларға көшіп, ескі Commodore қонақүйін Grand Hyatt секілді табысты мекемеге айналдырды.
Сол тұста Трамп өзінің ең әйгілі ғимараты – 68 қабатты Trump Tower-ді салды. Кейін бұл қатарға Trump World Tower, Trump International Hotel және басқа да ғимараттар қосылды.
Артынша қонақүй және казино желісін де жеткізем деп желпінді. Дегенмен бұл саладағы ісі төрт мәрте банкротқа ұшырады. Арам ақша қашан берекелі әкеліп еді?
Сол кезде Трамп шоу-бизнеске де араласты. 1996–2015 жылдар аралығында ол «АҚШ аруы» және «Ғалам аруы» сұлулық байқауларының иесі болды. 2003 жылы NBC телеарнасында өзі продюсерлік етіп, жүргізушісі болған «Кандидат» реалити-шоуын бастады. Киноға да көптеп түсті. Әйгілі «үйде жалғыз қалғанда» фильміндегі Кевинге жол көрсетіп жіберетін эпизодтық рөлді Дональд Трамп ойнап шыққан.
Бұл бағдарламада қатысушылар Трамптың бизнес-империясында менеджер болу үшін бақ сынайтын. «Қай жеңгенің менікі» дейтін осы шығар бәлкім. 14 маусым ішінде миллиардер NBC арнасынан 213 млн доллар табыс тапты.
Ол бірнеше кітап жазып, мойындағы галстуктен бастап бөтелкедегі суға дейін түрлі тауарлар сататын сауда желісіне иелік етті. Forbes журналы Трамптың байлығын 3,7 миллиард доллар деп бағаласа, өзі бұл санды «10 млрд» дейді.
Жұбайлар «жыры»
Трамп өмірінде үш рет үйленіпті. Әйгілі жұбайларының ішіндегі ең танымалы – чехиялық спортшы әрі модель Ивана Зельничкова. Олардың үш баласы болады: кіші Дональд, Иванка және Эрик. Алайда 1990 жылы ерлі-зайыптылар дәм-тұзы жараспай ажырасып тынады.
Кейін 1993 жылы Трамп актриса Марла Мейплзбен шаңырақ көтеріп, олардан Тиффани есімді қызы дүниеге келді. Он алты жылдан кейін олар да ажырасамыз деп шешеді.
Қазіргі жары – словакиялық модель Мелания Кнаусс. Екеуі 2005 жылдан бері бірге. Бұл жұптың ұлы – Бэррон Уильям Трамп.
Трамптың бірінші некеден тарыдай шашыраған балалары бүгінде Trump Organization деп аталатын отбасылық бизнесті басқаруға көмектесіп жүр. Бірақ компанияның ресми жетекшісі әлі де Дональд Трамптың өзі.
Саясаттағы алғашқы саяхат немесе «Обамаға обал болды»
Дональд Трамп президент боламын деген пейілін алғаш рет 1987 жылы білдірген. Тіпті 2000 жылы Реформа партиясының атынан праймеризге қатысып көріп, кейін өз кандидатурасын қайтарып алды.
2008 жылғы сайлаудан кейін, яғни Барак Обама жеңіске жеткен соң, Трамп оның АҚШ-та дүниеге келмегенін айтып, Конституцияға сай президент бола алмайтынын алға тартты.
Алайда кейін бұл теория ресми түрде теріске шығарылды: Обаманың Гавай аралдарында туғаны дәлелденді. Сайлауалды науқан кезінде Трамп бұған қатысты қателескенін мойындағанымен, Обамадан обал болды деп кешірім сұраған жоқ.
2015 жылдың маусымында Трамп президент болуға ресми түрде белін бекем байлады. «Бізге бұл елді қайтадан ұлы ететін адам керек. Бұл қолымыздан келеді», деп жар салды жаһанға ол сол жолы.
Ол сайлау науқанын өзгелерден айырмашылығы – ешкімнің қаржылай қолдауына мұқтаж еместігін айтып бастады. «Яғни мен ешкімнің мүддесін көздеп отырған жоқпын», деді ол.
Оның көптеген мәлімдемелері мен ұсыныстары қоғамда қарсылық туғызса да, Трамп праймеризде қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, сайлауға Республикалық партия атынан үміткер ретінде шықты.
Сөйтіп 2017 жылы Ақ үйдің табалдырығын Президент болып аттады. Араға төрт жыл салып тізгін 79 жастағы Джо Байденге өтті. Алайда біреу аттан түсіп берсе де, атағынан түсіп бере ме? Ол аралықта да Трамп белсенділігін өшірмей, саяси науқанын жүргізе берді. Нәтижесінде 2025 жылы Президент орнына қайтадан қонжиды.