Жұмысшы мамандықтар жылы • Бүгін, 09:35

Жұмысшы мамандықтар үлесі артады

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркістан облысында «Өңірлік жұмыспен қамту картасына» сәйкес 130 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылса, оның 60%-ға жуығы жұмысшы мамандықтарына арналған. Облыс­тағы 30 колледжде 16 мың­нан астам жас білім алып жатыр. Арнаулы оқу орындарында негізінен жұмысшы мамандар даярланады.

Жұмысшы мамандықтар үлесі артады

Жуырда облыс орталығында Жұмысшы мамандықтары жылына орай, «Таза Қазақ­стан» бағдарламасын сапалы жүзеге асыру мақсатында шаһардағы коммуналдық сала өкілдеріне арнайы техникалар тапсырылды.

Міне, осы жаңа техникаларды тізгін­деуге тәжірибелі мамандар мен жас­тар тартылмақ. Техникаларды тапсыру барысында облыс әкімі Нұралхан Кө­шеров дәнекерлеуші, электрші, су маманы, жүргізушілер, коммуналдық саланың қарапайым қызметкерлерін марапаттады. Бір топ азаматқа Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Еңбек ардагері», «Тұрғын үй коммуналдық шаруа­шылығының құрметті қызметкері» төс­белгілерін, Құрмет грамотасын тапсырды. Биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 130 769 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның ішінде, 83554 орын, яғни 63%-ы – тұрақты жұмыс. Өңірде осы күнге дейін 56 мыңға жуық адам жұмыспен қам­тылды. Оның 22 380-і – тұрақты, 33 619-ы – субсидияланатын уа­қытша жұ­мыс орны. Жалпы, жұмыспен қам­тылғандардың 20 526-ы немесе 36,7%-ы – жұмысшы мамандық иелері.

Халықты жұмыспен қамту туралы шаралар талқыланған мәжілісте облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі орта арнаулы білім беру ұйымдарында еңбек нарығына қажетті жұмысшы мамандықтар үлесін арттыру қажеттігін айтты. Жауапты тұл­ғаларға қосымша инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орын­дарының ашылуын қамтамасыз етуді, еңбек адамының беделін көтеру бағы­тында маңызды іс-шаралар мен жобаларды жүзеге асыруды тапсырды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үй­лестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар аясында 375 инфрақұрылымдық жоба арқылы 4 074 жұмыс орнын ашу көзделіп, 6 айда 1708 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгін-де 184 жоба аясында 1 653 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 97% орындалған. Биыл 125 жеке инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 2004 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Оның ішінде, 1050 орын – тұрақты, 954-і – уақытша. Нақтырақ айтқанда, кәсіпкерлік саласында 48 жоба арқылы – 651, агроөнеркәсіп саласында 67 жоба арқылы – 1 195, туризм саласында 10 жоба арқылы 158 жұмыс орны ашылмақ. Алты айдың жоспарымен 401 орын ашу көзделсе, қазіргі уақытта 76 жоба жүзеге асып, 900-ге жуық жұмыс орны құрылды. Қалған 49 жобаны жүзеге асыру жұмысы жалғасып жатыр. «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» мем­лекеттік бағдарламасы бойынша 2025 жылға 22 595 жаңа жұмыс орнын құру межеленіп, жыл басынан бері 3374 орын ашылды. Сондай-ақ уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына 32 465 адамды жолдау жоспарланған. Қазірде 21 мыңға жуық азамат жұмысқа орналасып, тиісті кезеңнің жоспары 88,4% орындалды. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 1 793 мемлекеттік қайтарымсыз грант беру көзделсе, бірінші лекпен 862 азамат комиссияның оң қорытындысын алып үлгерді. Жыл басынан бері өткізілген 45 бос жұмыс орны жәрмеңкесі аясында 1 829 адам жұмысқа орналасты.

Түркістан облысының білім басқар­масы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекованың айтуынша, облыстың кәсіптік-техникалық білім бе­ру ұйымдарында (колледждерде) 45 530 сту­дент еңбек нарығына қажетті ма­­мандық бойынша білім алып жатыр. 2025–2026 оқу жылына колледж сту­денттеріне 15 500 грант, оның ішінде жұмысшы мамандықтарға 9600 грант бөлінді. 2024–2025 оқу жылында 35 колледж­де 171 кәсіпорынмен қамқорлыққа алу жөнінде келісімшарт түзілді. Жыл соңына дейін қамқорлыққа алуға қатысатын кә­сіпорын санын

200-ге дейін ұлғайту жос­парланып отыр. Сондай-ақ биыл аз қам­тылған аза­мат­тардың санын 20%-ға тө­мендету ме­же­ленген. АӘК алушы­лар­дың саны 45 713 адамға немесе 48,2%-ға азайған.

Айта кетейік, облысқа жыл басынан бері 196,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе жоғары. Облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін, 2025–2028 жылдары жүзеге асырылатын 110 инвестициялық жоба пулы қалып­тастырылды. Биыл 322 млрд теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосып, 6908 жұмыс орнын құру жоспарланған.

 

Түркістан облысы