
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Аудандық мәслихаттың депутаты Мансур Қуаншалиевтің пікірінше, аталған полигон Азғыр ауылының маңында орналасқан. Кеңес одағы кезінде полигон үшін 300 гектар жер телімі берілген. Себеп – жер астындағы тұз қабатында ядролық сынақ жүргізу. Полигон аумағында ядролық сынақ жүргізу үшін 10 технологиялық алаң дайындалған.
«Жарылыстың ең тайызы 161 метр, ал тереңі 1 491 метрде жасалған. Жақында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы 1966–1979 жылдар аралығында алаңдарда 1491–1613 метр тереңдікте қуаты 10 килотоннадан 100 килотоннаға дейін 17 жерасты ядролық жарылыс жасалғаны туралы ақпаратты ұсынды. Ал салдары туралы айтсақ, 1966 жылы А1 технологиялық алаңындағы алғашқы жарылыстан соң радионуклиттер жер бетіне шығып кеткен. Бұдан соң 1978 жылы А9 технологиялық алаңында жарылыстың салдарынан диаметрі 600 метр жер бедері 35 метр тереңдікке дейін төмен түскен», дейді М.Қуаншалиев.
Оның дерегіне сүйенсек, Азғыр полигоны аумағындағы радиациялық жағдайды анықтау бірнеше ғылыми мекемеге жүктеліпті. Мәселен, 1991 жылға дейін Санкт-Петербург қаласында орналасқан Хлопин атындағы Радий институты, 1995 жылға дейін Арзамас қаласындағы Бүкілресейлік эксперименттік физика ғылыми-зерттеу институты, 1996 жылға дейін Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының Радиациялық қауіпсіздік және экология институты, 1996 жылдан бері Ядролық физика институты жүргізген.
«Полигондағы жарылыс алаңдарында пайда болған тұз қабаттарының қуысында 77-ден 1 500 кюриге дейін альфа-активті нуклид, 450-ден 50 000 кюриге дейін бета-активті нуклид сақталып, радиоактивті заттар ыдырау үдерісі бар. Тұз қабаттарындағы қуыстар түгелге жуық жерасты суына толған. Демек полигонда радиоактивтік тұздықтар жерасты суының ағынымен жан-жаққа тарап, өзен-көлдермен жалғасып жату қаупі бар. Мәселен, 2006–2007 жылдары жарылыс алаңдарында өсімдіктер мен топырақтағы радий мен цезий көлемі 6 500 беккерель/кг дейін көрсетті. Жерасты суы ағынымен радиоактивті тұздықтардың таралуы, радиоактивті топырақтың желмен шаң-тозаң түрінде ауаға ұшуы, радиоактивті газдың атмосфераға жайылуының зардабы орасан зор болуы мүмкін. Радий-цезийдің және радий-стронцийдің жартылай ыдырау мерзімі 27–30 жылға, плутонийдің 238, изотоптың 90 жылға, плутоний 240-тің 6 600 жылға, ал плутоний-239 ыдырауы 24 мың жылға созылатынын ескерсек, онда Азғыр маңының адам денсаулығына аса қауіпті әсері ұзақ мерзімге жалғасатынын, тіпті мәңгілік болуы мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз», дейді аудандық мәслихат депутаты.
Жергілікті депутат М.Қуаншалиев Құрманғазы ауданындағы Балқұдық ауылында тұрады. Бұл ауыл – аталған полигонға жақын орналасқан Азғыр ауылдық округінің орталығы. Полигон маңындағы ауылдардың тұрғындары үшін шырылдап жүрген депутаттың ұсынған мәліметіне сүйенсек, бұдан бірнеше жыл бұрын Азғыр ауылынан 1 шақырым қашықтағы №1081 бұрғысында стронций 25 600 мкг/л болған. Алайда нормаға сәйкес стронций 100 мкг/л болуы керек. Дегенмен су құрамындағы стронцийдің табиғи, әлде изотопты түрі екені белгісіз.
«Ал барий мөлшері – Азғырдың №1 құдығында 271 мкг, ал №4 құдықта 240 мкг/л. Бұл элемент те нормадағыдан 100 мкг/литрден асып тұр. Марганец №2002 гидрогеологиялық бұрғысында 1 160 мкг/л, №2004-те 350 мкг/л, №2005-те 277 мкг/л, №1081-де 807 мкг/л. Ауыл тұрғындары суын ішетін №2 құдықта 2230 мкг/л, «Бұлақ» құдығында 442 мкг/л. Бұл да нормадағы шектен асып кеткені анықталды. Темірдің үлесі норма бойынша – 300 мкг/л. Алайда №2002 гидрогеология бұрғысында 7070 мкг/л көрсетті. Міне, осындай деректен ауызсу құрамының санитарлық талапқа сай емесін байқаймыз. Демек жерасты суы таза болмауы мүмкін», деп қынжылады ол.
Ядролық полигондағы жерасты жарылысының тұрғындар денсаулығына әсері жоқ деуге болмайды. М.Қуаншалиев осыған байланысты мынадай деректі ұсынды.
«Менің қолымда Азғыр ауыл округіндегі учаскелік аурухана дәрігерінің мәліметі бар. Онда 1990–2004 жылдары Азғыр және Балқұдық ауылдарынан 416 адамның (214 ер, 202 әйел) қайтыс болғаны жазылған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі 53 жасөспірім, 29 жасқа дейінгі 17 ересек бар. Осы жылдары 39 жасқа дейінгі 27, 50 жасқа толмаған 28, ал 59 жасқа дейінгі 33 адам бақилық болған. Тұрғындардың көз жұмуына бірнеше ауру себеп болған. Мәселен, қатерлі ісік ауруынан қайтыс болғандар жыл сайын тіркеледі. 1990–2004 жылдары дәл осы аурудың салдарынан 69, қан айналымы жүйесіндегі сырқаттан 85, тыныс алу жолындағы кеселден 52 адам бақилық болған. Ал 12 адам ас қорыту жүйесі бұзылғандықтан қайтыс болғаны тіркеліп отыр. Суицидтен 14 адам о дүниеге аттанды», дейді қоғам белсендісі.
Азғыр полигонының зардабынан лейкемия ауруына ұшырағандар да бар. Қоғам белсендісінің дерегіне жүгінсек, Азғыр ауылынан 10 жасар оқушы, бір тұрғынның сәбиі (іштен туабіткен), мал дәрігері мен Балқұдық орта мектебінің мұғалімі лейкемиядан мезгілсіз өмірден озыпты.
Осындай себептерді алға тартқан Мансур Қуаншалиевтің айтуынша, Азғыр полигонына қатысты кейбір мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді. Әсіресе полигонның іргесіндегі Азғыр ауылына қатысты өмірлік маңызы бар әрі көкейкесті ұсыныстарын айтқанына бірнеше жылдың жүзі ауған. Оның ұсыныстары әлі де маңызын жойған жоқ.
«Біріншіден, ядролық сынақ жасалған алаңның бәрі әлі де қауіпті болуы мүмкін. Сол себептен әр алаңның айналасына радиоактивті топырақтың желмен көтеріліп ұшуын тежейтін тал-терек егу арқылы көгалдандыру қажет. Екіншіден, жарылыс алаңдары төңірегінің гидрогеологиялық картасын жасақтау керек. Бұл жерасты суы ағынының бағытын анықтауға, алдын алу шараларын жүргізуге ықпал етер еді. Үшіншіден, облыстық, республикалық, деңгейде Азғыр ядролық сынақ алаңдарына жақын орналасқан елді мекендерді экологиялық сауықтыру, ал тұрғындарын әлеуметтік қорғау бағытында арнайы бағдарлама қабылдау керек. Мұндай бағдарламаның шекараға жақын орналасқан елді мекендерден тұрғындардың көшу қарқынын тоқтатуға септігі тиеді. Өйткені шекара маңындағы ауылдарға тұрғындарды түпкілікті тұрақтандыру – аса маңызды стратегиялық геосаясат. Төртіншіден, шекараға, Азғыр полигонына жақын орналасқан ауылдарға қатынайтын жолды асфальттау мәселесі түпкілікті шешілуге тиіс. Бұл – тұрғындар үшін өмірлік маңызы зор мәселе. Бесіншіден, Азғыр полигонына жақын орналасқан ауылдардағы тұрғындардың денсаулығын тексеруге мән берілгені жөн. Осы мақсатта Құрманғазы ауданының орталығы Құрманғазы ауылынан сауықтыру, не оңалту орталығын ашу қажет. Алтыншыдан, Азғыр полигонының зардабын толық зерттеуге баса назар аудару керек. Мұны аудандық мәслихаттың депутаты ретінде бірнеше рет көтеріп жүрмін. Қазір бұл мәселеге назар аудармасақ, кейін кеш болатыны анық», дейді М.Қуаншалиев.
Атырау облысы