
Фото: Мәжілістің Баспасөз қызметі
Халық қалаулылары алдымен «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағына барып, аймақтағы ірі нысандардың бірі «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-ге қарасты электр станциясының жұмысын көрді. Қазіргі таңда қуаттылығы 310 МВт болатын бұл нысан KPI зауытын үздіксіз энергиямен қамтамасыз етіп отыр. Алдағы уақытта станцияға тағы екі ірі зауыттың қосылуы жоспарланған.
«Бүгін іске қосылғанына бес жыл болған, арнайы экономикалық аймақты энергиямен қамтитын қуатты электр станциясының жұмысымен таныстық. Соңғы уақытта шағын және орта кәсіп иелері де осы станциядан қуат алуға өтініш білдіре бастады. Осыған байланысты қосалқы станция құрылысын қаржыландыру қажеттілігі туындап отыр. Қыркүйекте Парламент сессиясы басталған соң бұл мәселелерді заңнамалық деңгейде көтеріп, шешу жолдарын қарастырамыз», деді Д.Тұрғанов.
Алайда, басқарма төрағасының орынбасары Руслан Қалиев хабарлағандай, бастапқы жоба шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын электр қуатымен қамтуды қамтымаған. Қазіргі сұранысты қамтамасыз ету үшін қуаттылығы 165 МВт болатын жаңа қосалқы станцияның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, сараптамадан өткізілген. Жобаға қаржы бөлінсе, нысан 2028–2029 жылдары іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Сапар барысында депутаттар электр қуатының жетіспеушілігі өңірлік кәсіпкерлік бастамалардың жүзеге асуына кедергі келтіріп отырғанын ерекше атап өтті.
Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов та бұл бағыттағы мәселелерге назар аударды. Оның айтуынша, арнайы экономикалық аймақта газ-химия саласына қатысты жобаларды жүзеге асыруға дайын кәсіпкерлер бар. Алайда оларды тоқтатып тұрған басты фактор – инфрақұрылымның, соның ішінде электр қуатының жеткіліксіздігі.
«Бұл – біз үшін үлкен сын. Энергетика министрлігінің салғырттығы салдарынан осындай жағдай қалыптасып отыр деп есептеймін. Себебі күрделі мәселені шешу үшін аса көп қаржы қажет емес. Мәселен, қазіргі кезде мұнда 20 МВт қуатқа сұраныс бар. Бұл шамамен 12 жобаға қатысты, ал оны іске асыру үшін небәрі 1,1 миллиард теңге қажет. Аймақта бос жер жеткілікті. Алайда қажетті инфрақұрылым болмағандықтан, өзге кәсіпорындар келуге құлықсыз», деді Ә.Жұбанов.
Депутаттар бұл мәселені Парламенттің күн тәртібіне шығарып, салалық министрлікпен бірлесіп шешім қабылдауға күш салатындарын жеткізді.