Бокс • Бүгін, 11:02

Төрехан Сабырхан әлем чемпионатына бара ма

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осы жылдың 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында бокстан әлем чемпионаты өтеді. World Boxing ұйымы ұйымдастырған былғары қолғапшылардың бәсекесінде 10 салмақ дәрежесінде жеңімпаздар анықталады, деп жазады Egemen.kz.  

Төрехан Сабырхан әлем чемпионатына бара ма

Фото: olympic.kz

Қазақстан ерлер бокс құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов 6 шілде аяқталған Астанадағы әлем кубогінде «алтын»  алған боксшылар осы әлем біріншілігіне тікелей жолдама алатынын айтты. 

Ал кей салмақ дәрежелерінде әлі де сараптау керек. Десе де бас бапкер 70 келіде Төрехан Сабырхан Ливерпульдегі әлем біріншілігіне баратынын айтты. Осы салмақта елордадағы әлем кубогінде қолғап түйістірген Абылайхан Жүсіпов бірінші жекпе-жегінде Қырғызстан өкілі Алмаз Орозбековке жеңіліп қалған еді. 

«Кей жігіттер жарақатына қарамастан жеңіске жете білді. Ал алтын алғандар міндетті түрде Ливерпульдегі Әлем чемпионатына барады. Сонымен қатар 70 келіде Төрехан Сабырхан да бақ сынайтын болады. Қалғандар жаттығу жекпе-жектері мен алдағы жиындар қорытындысы бойынша анықталады», деді Қайрат Сәтжанов.

Бұған дейін Төрехан Сабырхан Ұлттық олимпиадалық комитетке берген сұхбатында әзірге 70 келіде екінші нөмірлі боксшы екенін айтқан болатын. 

«Абылайхан ағаның бұл салмақтағы тәжірибесі мол. Сондықтан бапкерлер штабы дәл осы жарысқа оны шығаруды жөн деп тапты. Әрине, бапкердің шешімі - біз үшін заң. Әзірге мен осы салмақ дәрежесінде екінші нөмірлі спортшымын», деді  Төрехан Сабырхан.