
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Инвесторды қорғаудың маңызы
Прокуратура органдарының басты міндетінің бірі – құқығы бұзылған кәсіп иелеріне қол ұшын созу. Мемлекет басшысы экономиканы көтеру үшін шеттен инвестиция тарту жайында жиі айтып келеді. Алайда ел ішінде осы іске кері амал жасап жүргендер жоқ емес. Соның бір мысалы – Орал қаласында «К5 экологиялық класты мотор отындарын өндіруді жаңғырту» инвестициялық жобасын іске асырып жатқан «Конденсат» акционерлік қоғамы негізсіз әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
Оған валюталық түсімді репатриациялау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін соттың қаулысымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 251-бабының 2-тармағы бойынша 33 млн теңге айыппұл салынған. Дегенмен іс материалдарын зерделеу барысында «Конденсат» АҚ шетелдік контрагентпен арадағы 32 млн Ресей рублінен аса (163 млн теңгеден аса) сомаға жасалған сыртқы экономикалық шарт бойынша міндеттемелерін Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес толық көлемде орындағанын көрсетті.
Яғни инвесторды жауапкершілікке тартуға ешқандай негіз жоқ. Сондықтан Орал қалалық прокуратурасының апелляциялық өтініші бойынша Батыс Қазақстан облыстық сотының сот алқасы іс жүргізуді тоқтатып, заңсыз сот актісінің күшін жойды.
Ал Жетісу облысында жылу тұтынушылардың құқығы қорғалып, заңнан аттаған монополист жауапкершілікке тартылды. Қолдағы мәліметке сүйенсек, «Талдықорғанжылусервис» МКК заңды тұлғалар үшін жылу тарифін қалыптастыру кезінде шығындарды жабуға қарастырылған барлық қаражатты жұмсамаған. Талдықорған қаласы прокуратурасының қадағалау актісімен 7,8 млн теңгеден аса сомаға уақытша өтемдік тариф енгізілді. Нәтижесінде, тариф 77 теңгеге дейін төмендетіліп, 1 971 тұтынушының құқығы қорғалды. Ал монополист тиісті жазасын алды.
Бюджетке қол салу тыйылмай тұр
«Заң мен тәртіп» қағидаты дегенде, ең алдымен, ел тұрғындарының салығынан жиналатын бюджет қаражатының дұрыс жұмсалуы ойға оралады. Өкінішке қарай, бұл салада да ардан аттап, алаяқтыққа барып жатқандар аз емес. Мәселен, жуырда Балқаш қаласының прокуратурасы 1,2 млрд теңгеден аса бюджет қаражатын негізсіз жұмсауға тосқауыл қойған еді.
Бұл – мемлекеттік сатып алулар саласында болған жағдай. Анықталғандай, жыл басынан бері прокуратура органдарының бастамасымен жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асатын алты мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылған. Бұған сметалық құнның асыра көрсетілуі, конкурс құжаттамасына экономикалық негізі жоқ жұмыс көлемдерінің енгізілуі және бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану қаупін тудыратын басқа да заң бұзушылық себеп болған.
Үнемделген қаражат қаланың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталмақ.
Арзан сертификат сатқан алаяқ
Ел ішін алаңдатып тұрған қылмыстың бірі – алаяқтық. Айласы жеткендер алдау мен арбауды «ақылдылыққа» балайтыны өз алдына, жасаған ісі үшін жазасыз қаламын деп ойлайтын болса керек. Сондай «ерекше» жанның бірі Астанада адамдарға фитнес-орталыққа сыйлық түріндегі жалған сертификаттар сатқаны үшін құрықталып, сотталды.
Бұрын спорт клубтарында жаттықтырушы болып жұмыс істеген ол тұрғындардың сенімін теріс пайдалану арқылы заңдық күші жоқ, өз қолымен дайындаған жылдық абонемент түріндегі жалған сертификаттарын нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен ақшаға сатып келген. Оның қолдан жасаған көшірме сертификаттарының түпнұсқалары 700 мың теңге тұрса, «ақылды» азамат оны бар болғаны 150 мың теңгеге ұсыныпты. Мұндай батпанқұйрықтан құр қалмау үшін қолындағы қаражатын берген жәбірленушілер фитнес-орталыққа келгенде ғана сатып алған сертификаттарының жарамсыз екенін біліп, құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болған.
Бұл алаяқтық қылмысынан жалпы саны 24 адам жапа шегіп, келтірілген материалдық залал көлемі 3,5 млн теңгеден асқаны белгілі болып отыр. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды. Нәтижесінде, келтірілген залал толық өтеліп, жағдайды ауырлататын мән-жайлар болмауына байланысты сот үкімімен алаяққа 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгілеумен бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Кейінгі уақытта сыйлық түріндегі сертификаттар мен карталар арқылы жасалатын алаяқтық фактілері жиілеп кетті. Әсіресе онлайн-сатылымдар мен сервистердің кеңінен таралуы қылмыс қаупін арттырғаны байқалып отыр. Сондықтан мұндай қызметтерді тек ресми сатушылардан алу қажет. Әйтпесе, алаяқтардың құрбаны болу мүмкіндігіңіз жоғары.
Астана қаласының прокуратурасы бөтен мүлікті жымқыру не бөтен мүлікке құқықты алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы иелену әрекеттері үшін заңнамада мүлкі тәркілене отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеді.
Қайтарылған актив қайда жұмсалып жатыр?
Елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жалғасып жатыр. Соның бір мысалы – жуырда Алматы қаласында жергілікті прокуратураның араласуымен құны 2,6 млрд теңге болатын «Баспалар үйі» АҚ-ның мемлекет меншігіне қайтуы.
2016 жылы Мәдениет және спорт министрлігіне тиесілі болған акцияларды жеке тұлға арзандатылған бағамен заңсыз жекешелендіріп алғаны белгілі болып отыр. Мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау мақсатында Алмалы аудандық прокуратурасы мәмілені жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз берді. Апелляциялық сатының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың прокуратураның талап қою талаптарын қанағаттандыру туралы шешімі өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді.
Бүгінде ел көлемінде қайтарылған заңсыз активтер халық игілігіне жұмсалып келеді. Мәселен, өңірлерде сол қаражат есебінен көптеген мектеп салынып, үш ауысымды оқу проблемасы шешіліп жатқанын ел біледі. Ал жуырда Жамбыл облысында қайтарылған активтер есебінен Жаңаөткел ауылы ауызсумен қамтамасыз етілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста 19 ауыл ауызсумен қамтамасыз етіліп, денсаулық сақтау нысанының құрылысы қаржыландырылған. 30 маусымда Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров Жамбыл ауданындағы Жаңаөткел ауылында сумен жабдықтау жүйесінің ашылу салтанатына қатысты.
«Бұл бастама мемлекетке қайтарылған қаражат қоғамның игілігіне қалай ықпал ететінін және негізгі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасайтынын айқын көрсетеді», деді салтанатты іс-шарада Н.Әбдіров. Бұл нысанның ашылуына дейін ауылда сумен жабдықтау жүйесі болмаған екен. Бұдан былай тұрғындар таза суды тұтынбақ.