
Қазір қалада 200-ден астам жалпы білім беретін мектеп бар. Ал лагерьге балалар жергілікті бюджет есебінен тегін қатысады. Биыл 26 мамырдан бастап 9 маусымға дейін бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал топтағы балалар лагерьде тегін тамақпен қамтылды. Енді маусым айының соңына дейін лагерьлер таңертеңнен түске дейін жұмыс істейді. Бұл кезеңде тегін тамақ қарастырылмаған. Балалар әдеттегідей мектеп жанындағы лагерьлерге тегін барады. Шілде айында мектептер жаңа оқу жылына дайындық жүргізіп, жөндеу жұмыстарына кіріседі. Кейін тамыз айында лагерьлер қайта ашылып, таңертеңнен түске дейін балаларды тегін қабылдайды. Сонымен қатар қала сыртындағы лагерьлер де жақсы жұмыс істеп жатыр. Мұнымен қоса қосымша білім беру үйірмелері де бар.
Білім басқармасы өкілінің айтуынша, қазіргі таңда 19 мемлекеттік және 122 жекеменшік қосымша білім беру мекемесінің жұмысы жандана бастады. Онда 40 мыңнан астам бала мемлекет есебінен қосымша білім алуына мүмкіндік бар.
Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Тәжібаевтың айтуынша, IT-дағдыларды дамытуға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және патриоттық тәрбиені күшейтуге бағытталған тақырыптық лагерьлер жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына ерекше мән берілген. Биыл мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысы ерекше мазмұнды әрі қызықты өтіп отыр. Мұнда ұлттық тағамдар жасап, кесте тігіп, тоқыма тоқиды. Ұлттық ойындар ойнап, ұлттық музыкалық аспаптарды үйренеді. Сондай-ақ бағдарламалау мен роботтехникаға машықтанып, спорттан түрлі эстафеталарға қатысады.
Қазіргі кезде №140 мектеп жанындағы спорттық бағыттағы лагерьде 5-6 сынып оқушылары түрлі спорт ойынымен айналысады. Мұнда балалар волейбол, футбол, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық ойындарға қатысады. Лагерь бағдарламасы теориялық білімді де ұштастырып, балалардың спорттық тәртібін нығайтып, командалық рухын қалыптастыруға бағытталған.
№97 мектеп жанынан ашылған «Арман» лагерінде балалар спорттық және шығармашылық іс-шараларға, экскурсиялар, зияткерлік ойындар мен шеберлік сабақтарға қатысып жатыр.
Алматы құрылыс-техникалық колледжі базасында «Жазда мамандық таңдайық» бағдарламасы аясында жоғары сынып оқушылары ағаш өңдеу ісін, графикалық дизайнды меңгеріп, құрал-саймандармен жұмыс істеуді, сондай-ақ «SketchUp» арқылы 3D-модельдеудің негіздерін үйренуге машықтанып жатыр. Бұл бағдарлама балаларға алғашқы кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.
Патриоттық және мәдени тәрбиені жандандыру мақсатында №208 мектеп жанынан «Этно City» этнолагері жұмысын бастады. Мұнда балалар ұлттық салт-дәстүрді меңгеріп, ерекше сәнмен тігілген киіз үйде білім алып, арнайы бағдарлама аясында ұлттық қолөнер бойынша шеберлік сабақтарына қатысады. Балалар қазақтың әшекей бұйымдары мен тұрмыстық заттар жасап үйренеді.
Наурызбай ауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылығы орталығында ашылған IT-лагерьде 7-15 жасқа дейінгі балалар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, электроникамен танысып, түрлі ғылыми тәжірибеге қатысады. Мұнда балалар музыкалық дәрістерге қатысып, аспаптарда ойнап, киім тігуді үйренеді.
Ата-аналар қазіргі кезде қала мектептері мен колледждерінде іске аса бастаған тартымды бастамаларды әрі қарай жандандыру қажет деген пікір айтады. Балалары бастауыш сыныпта оқитын Индира Рақымбай мектеп жанындағы жазғы лагерьлердің бағдарламасына өзгеріс керек дейді. Жазғы лагерьге жұмысбасты ата-аналар аулада бос сенделіп жүрмесін деген себеппен балаларын амалсыздан жібереді. Өйткені көпшілігі балалар үшін қызықты емес. Егер лагерьлер бағдарламасы мазмұнды, тағамдары дәмді болса, қызығып баратын балалар саны да көбейеді. Бұл балалар қауіпсіздігін сақтауға, бос уақытын тиімді пайдалануға ықпал етеді. Биыл жеткіншектердің музейлерге тегін баруы қарастырылды. Алдағы уақытта театрларға баруы да тегін ұйымдастырылса, бұл отбасында 2-ден көп баласы бар ата-аналарды әлеуметтік тұрғыдан қолдауға ықпалын тигізері сөзсіз.
«Жазғы лагерьлерге жас мамандарды көптеп тарту қажет. Өйткені жас мамандардың креативті идеялары, цифрлық кеңістікті қолданудағы білімі мен білігі балаларды қызықтыратын іс-шараларды өткізуге көп септігі тиеді. Мені биыл балалардың анимациялық және кітапқа қызығушылығын арттыруға бағытталған бағдарламаның болмағаны қынжылтты. Қалада кітап шығаратын, кітап тарататын баспалар, сауда үйлері баршылық. Соларға оқушылардың экскурсиясын ұйымдастырып, балаөлар жазушыларымен кездесулер өткізіп, кітап сыйлау акциясы ұйымдастырылса жазғы лагерь бағдарламасын қызықты ете түсетіні сөзсіз. Бұдан бөлек, еліміздегі спорт командалары жаттығуларына апарып, ойындарын көрсету, чемпиондармен, өнер өкілдерімен кездесулер өткізіп, шағын концерттерін ұйымдастыру, шеберханалар жұмысымен таныстыру да балалардың танымын кеңейтеді. Балмұздақ шығаратын, кондитерлік фабрикалардың жұмысымен таныстыру да тартымды болмақ. Қала маңындағы құлпынай, таңқурай плантациялары, сондай-ақ мал шаруашылығы фермаларына демеушілер тарту арқылы экскурсиялар жасау жеткіншектерге қызықты ғана емес, еңбекке баулудың бір қадамына айналатыны сөзсіз. Балаларды қорғайтын, қамқорлық жасап, қауіпсіздігін күшейтетін қоғам құрамыз десек, мектептен тыс уақытын тиімді пайдаланатын ауқымды әрі мазмұнды бағдарламаларды жетілдіру қажет», дейді ол.
Гаджетке тәуелділіктен арылу, цифрлық кеңістікті сауатты пайдалануда мектептер жанындағы жазғы лагерьлер жұмысын жандандырудың мәні зор. Осы бағытта іке асатын бағдарламалар арнайы мамандардың, бизнес өкілдері үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналардың қатысуымен оқу жылы басталған сәттен бастап әзірленіп бекітілгені абзал. Балалардың күзгі, қысқы, жазғы каникулын ұйымдастыру науқандық сипат алып, білім мен тәрбие берудің ажырамас бір бөлігіне айналса игі.
АЛМАТЫ