
Жақында бұл ауқымды жиын АҚШ-тың Флорида штатындағы Орландо қаласында өтті. Оған жан-жақтан жеңімпаздар жиналды. Біздің оқушылар таныстырылымда өз жобаларын жақсы ашып көрсете білді. Әсіресе жобаның ғылымилығы мен терең философиясы қазылар мүшелерін үлкен әсерге қалдырды. Қазылар құрамы да олқы емес. Олар «NASA» инженерлері, астрофизиктер, зерттеушілер мен әр елден келген беделді бизнесмендерден құралған.
Оқушылар жасаған жоба «YURT» деп аталады. Бұл атау қазақтың киіз үй құрметіне қойылған. Бір жағынан, киіз үй – халқымыз үшін киелі дүние. Рәміздік мәні де зор.
Айта кетейік, «YURT» жобасы жердегідей тартылыс күші бар, 30 мың адам ұзақ уақыт өмір сүре алатын автономды орбиталық станса ретінде әзірленген. Жобаға жабық экожүйелер, жер мен басқа ғаламшар арасындағы логистикалық байланыс, сондай-ақ тұрақты энергетика мен ресурстық инфрақұрылым кірген.
«Еліміз ғарыш қауымдастығының бір бөлігі саналады. Сонымен қатар осы бағыттағы ғылыми даму жұмыстарын үзбей жалғастырып келеді. Біз жасаған стансаның да өз ерекшелігі бар. Бұл жоба да бір күні іске асар деп сенеміз. Ең маңыздысы – ғарыш саласы туралы идеяларымызды әлеммен бөліскенімізге қуаныштымыз», дейді жоба авторлары.
Таныстырылым барысында оқушылар өз жобалары жайында қызықты баяндама жасады. Оған «International Space Elevator Consortium» ұйымының бас сәулетшісі, доктор Питер А.Суон тәнті болды. Ол біздің балалардың жоғары деңгейдегі дайындығы мен күрделі техникалық тақырыптарға ынтасы ерекше екенін атап өтті.