
Чемпион атанғандар қатарында Санжар Тәшкенбай (50 кг), Махмұд Сабырхан (55 кг), Сабыржан Аққалықов (75 кг), Бекзат Нұрдәулетов (85 кг), Айбек Оралбай (90+ кг), Назым Қызайбай (48 кг), Виктория Графеева (60 кг), Наталья Богданова (70 кг) бар.
Күміс жүлдені Нұрбек Оралбай (80 кг), Алуа Балқыбекова (51 кг), Надежда Рябец (75 кг), Елдана Тәліпова (80+ кг) жеңіп алды. Қола медальды Ертуған Зейнуллинов (65 кг), Сағындық Тоғамбай (90 кг), Айдана Забынбекова (57 кг), Аида Әбікеева (65 кг) иеленді.
Үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай финалдық жекпе-жекте үндістандық Минакши Минакшимен айқасты. Тартысқа толы бәсекеде Н.Қызайбай техникалық, тактикалық тұрғыда өзінің мықтылығын дәлелдеп, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Наталья Богданова финалдық бәсекеде аустралиялық Лекейши Перголитиге қарсы күш сынасты. Шешуші кезеңде Н.Богданова қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсіп, алтыннан алқа тақты.
Әлем чемпионы (2023) Санжар Тәшкенбай финалдық айқастың үшінші раундында филиппиндік Джей Брайан Барикуатроны нокдаунға түсірді. Қорытынды есеп – 5:0, жерлесіміз бірауыздан жеңімпаз деп танылды.
Виктория Графеева шешуші сында бразилиялық Ребека Де Лима Сантоспен шеберлік байқасты. Үш раундтың қорытындысында Виктория Графеева 60 кг салмақта әлем кубогінің жеңімпазы атанды.
85 кг салмақта белгілі былғары қолғап шебері Бекзат Нұрдәулетов үндістандық Жугно Жугномен жұдырықтасты. Жерлесіміз алғашқы раундтан-ақ қарсыласын нокдаунға түсіріп, қарсы соққы жасауға мүлде мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде, Бекзат Нұрдәулетов Әлем кубогінің алтын жүлдесін жеңіп алды.
Тағы бір танымал спортшымыз, әлем чемпионы Махмұд Сабырхан шешуші сында Жапония боксшысы Руи Ямагучимен шығуы тиіс болған еді. Алайда қарсыласы жарақатына байланысты рингке шықпай, жеңіс Махмұдқа берілді.
75 кг салмақ дәрежесінің финалында жастар арасындағы әлем чемпионы (2021), Азия чемпионы (2024) Сабыржан Аққалықов Еуропа чемпионы, болгариялық Рами Киванды айқын басымдықпен жеңді, барлық төреші бір ауыздан (5:0) жеңісті біздің спортшыға берді.
Әлем чемпионы Алуа Балқыбекова финалда Финляндия өкілі Пихла Кайво-Оямен қолғап түйістірді. Өкінішке қарай, тартысты өткен жекпе-жекте А.Балқыбекова жеңіліп қалды. Екінші раундта ережені бұзғаны үшін төреші Алуадан бір ұпай алып тастады.
Ауыр салмақтағы саңлақ Айбек Оралбай финалда германиялық Никита Путиловты еркін жеңді.
Олимпия ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Нұрбек Оралбай бұл жолы күміс жүлдені місе тұтты. Нұрбек финалда Франция елінің боксшысы Йожерлен Сезармен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында отандасымыз қарсыласына есе жіберіп, екінші орынды еншіледі.
75 кг салмақ дәрежесінде Надежда Рябец финалдық сында норвегиялық Суннива Хофстадпен қолғап түйістірді. Үш раундтың қорытындысында төрешілердің шешімімен жеңіс Норвегия боксшысына бұйырды.
80 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Елдана Тәліпова финалда Үндістан өкілі Нупурға қарсы айқасты. Жекпе-жек тең дәрежеде өтті. Дегенмен төрешілердің шешімімен үндістандық спортшы жеңімпаз атанды.
Сағындық Тоғамбай, Ертуған Зейнуллинов, Аида Әбікеева, Айдана Забынбекова жартылай финалда сүрініп, қола жүлдеге ие болды.
Жалпыкомандалық есепте 8 алтын, төрт күміс, 4 қола медальмен жерлестеріміз дара шықты. Екінші, үшінші орындарда – Бразилия (4+2+1), Үндістан (3+5+3) құрамалары.
Естеріңізге сала кетелік, сәуір айында Бразилияда өткен әлем кубогінің тұсаукесерінде еліміздің ерлер құрамасы екі алтын, бір қола медаль иеленді. Жалпы есепте жерлестеріміз Өзбекстан (5+2+1) мен ринг қожайындарынан (2+2+1) қалып қойды. Екінші кезең Польшада ұйымдастырылды. Варшавада да өзбектер (6+1+2) алдына жан салмады. Екінші, үшінші орындарда – жарыс қожайындары (5+3+10) мен Италия (3+3+1). Бұл жарысқа еліміздің былғары қолғап шеберлері қатысқан жоқ.