Аймақтар • Бүгін, 08:30

Ізгілік жолындағы ілкімді қадам

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Петропавл қаласында «Уақытпен үндескен үн: Азаматтық қоғам және ұлттық құндылықтар» атты үкіметтік емес ұйымдардың ХІІ Азаматтық форумы өтті.

Ізгілік жолындағы ілкімді қадам

Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов мәлім еткендей, бүгінде облыста 463 ҮЕҰ тіркелген, оның 80-і ауылдық елді мекендерде жұмыс істейді. 15 қоғамдық кеңес бар.

«Бұл ұйымдар әлеуметтік қорғаудан бастап білім, ден­саулық, экология, жастар саясаты, құқық қорғауға қатысты қызметтерді атқарады. Биыл жергілікті билік ұсынылған 126 жобаны қаржыландыруға 453 млн теңге қаражат бөлді», деді ол.

Сонымен қатар спикер қоғамда әділеттілік қағидала­рын қалыптастыратын ортақ құндылықтар жөнінде айтты.

«Қоғам мен азаматтық сектордың қатысуымен ғана жоғары сапаға қол жеткізуге болатын тазалық, көше тәрті­бі, аулалар белсенділігі, ұлт­тық құндылықтарды бағалау, пат­риоттық тәрбиені жандан­ды­ру, үлкендердің озық тә­жі­ри­бесін пайдалану сияқты іс­тер­ді біліктілікпен қолға алсақ, тиісті нәтижеге қол жеткізе ала­­мыз. Сондай озық тәжірибе­нің бірі жақында Есіл ауданын­дағы Еңбек ауылында қолға алынды. Тұрғындар алкогольді ішімдіктен жаппай бас тарту туралы бастама көтеріп, оны челлендж арқылы таратып жүр. Бүгінде облыстың 18 ауылы бастаманы қолдап отыр», деді Ж.Жұмағұлов.

Қазірде күн тәртібінің алдыңғы қатарында тұрған «Заң және тәртіп» қағидаты қоғам дертінің алдын алуға, соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі таратушылық пен лудоманияны болдырмауға бағытталған. Бұл ретте Алина Орлованың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреспен айналысатын «Әйелдерді қолдау орталығының» жұмысы атап өтілді.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова Солтүстік Қазақстан облысы ҮЕҰ жұмысына қанағаттанарлық баға берді.

«Қазір ҮЕҰ жұмыстарына Үкімет қатты көңіл бөліп отыр. Президент тапсырмасымен заң­нама жетілдірілді. Әсіресе әлеу­меттік маңызы бар жобаларды қолдау артып келеді», деді А.Құрманова.

«Жергілікті өзін-өзі басқа­ру институтын дамыту» жекемен­­­­­шік мекемесінің төрағасы, Сол­түс­тік Қазақстанда Азаматтық альянстың құрылуының бастау көзінде болған Сергей Худяков облыстағы ҮЕҰ құрылу тарихына тереңнен тоқталып өтті.

«Сенімен Болашақ» РҚҰ авторы, құрылтайшысы Нұр­бек Асанов баяндамасында отбасындағы сыйластық пен бірлік барлық жақсылықтың бастауы екенін алға тарта келіп, еліміздің 16 өңірінде бала тәрбиесіне ерекше мән беретін ҮЕҰ құрғандарын мәлімдеді. «Отбасында мейірім көрмеген баладан, әлеуметтік желіде үздіксіз көрсетілетін зорлық-зомбылықтан көз алмайтын жасөспірімнен жақсы азамат шықпайды. Сол тұрғыда аулалық ұйымдар, футбол командаларын құрып, жарыстар өткізіп жатырмыз», деді ол.

Жалпы отырыс аяқталған соң, форум жұмысы панель­дік сессияларда жалғасты. Қорытындысында Солтүстік Қазақстанның 11 ҮЕҰ-сы үздік деп танылып, облыс әкімі атынан марапаттар табысталды. Сонымен қатар «Қазақстан­­­ның азаматтық альянсы» қауым­дастығының президенті Бану Нұрғазиева 11 қатысушыны альянс­тың 20 жылдығына орай дип­ломдармен марапаттады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы